Дәл осы күндері Әлия Назарбаева қорының авторлық жобасы «Жандану әлемі» – ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауының алтыншы маусымына қашықтан іріктеу өтіп жатыр. Үміткерлерді анықтау мамыражай мамырдың бел ортасына дейін жалғаспақ. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп келе жатқан байқауға Нұрсұлтан Назарбаев қоры алты жыл бойы ресми серіктес болып келеді. Кішкентай таланттарды танытып жүрген байқаудың атқарушы продюсері Толғанай Хасен газетімізге байқаудың биылғы ерекшеліктері мен талаптары жөнінде айтып берді.
– Байқау идеясымен барлығымыз таныспыз, десе де сахнаның арғы жағындағы атқарылып жатқан жұмыстан хабарымыз аз. Осы жылы балаларды іріктеу кезеңіне шақыру науқаны қалай өтіп жатыр?
– Барлық балаларды, олардың ата-аналары мен ұстаздарын жаңа маусымның басталуымен шын жүректен құттықтаймыз! Шын мәнінде, тұрақты негізде жүзеге асырылатын жобалар жыл сайын көп күш пен шығармашылықты қажет етеді. Қашықтан іріктеу кезеңінің басталуы туралы кеңінен ақпараттандыру мақсатында, бірінші кезекте, өңірлердің әкімдіктерімен, жалпы орта білім беретін оқу орындарымен, мамандандырылған музыка мектептерімен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді. Қосымша танымал жаңалықтар порталдарында және медиа-ресурстарда онлайн-кастингке қатысу шарттары, сондай-ақ конкурсты өткізудің негізгі кезеңдері жазылған мақалалар орналастырылды. Республикалық телеарналардың эфирінде жарнама форматында анонстық роликтер көрсетілді. Осылайша, бастапқы кезеңде жұмыстың негізгі бөлігі атқарылды.
– Шынында да, осындай ауқымды конкурсты өткізу үшін мықты іргетас қалау қажет. Алтыншы маусымның іріктеу кезеңінде қай аймақтар белсенді?
– Бүгінгі таңда 1 562-ден астам өтінім қабылданып, өңделді. Біз ата-аналарға, балаларға және олардың мұғалімдеріне өтініш беруге деген байыпты және жауапты көзқарасы үшін өте ризамыз. Биыл жас таланттардың шығармашылығын жеке-жеке мақтауға тұрарлық. Кейбір балалар теледидарда көрсетуге болатын дайын клиптерді жібереді. Іріктеу кезеңінің қатысушылары әртістік, би шеберлігі, сахналық бейнелердің жарқын көріністері бейнеөтінімдер деңгейін жоғары көтерді. Өңірлер бойынша көшбасшылар Маңғыстау, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары алдыңғы орында. Танымал композицияларға келетін болсақ, біздің жас орындаушыларымыздың таңдауы әр- түрлі. Балалар негізінен батыс эстрадасының танымал хиттерін, қазақ халық әндерін орындайды және біздің байқауымыздың авторлық әндері үміткерлер арасында танымал болғаны қуантады.
– Тағы бір мәселе, біз әлеуметтік желілердің рөлі мен қашықтан араласу мүмкіндігінің артқанын түсіндік. Осы форматта балалармен қандай жұмыс жүргізіледі?
– Иә, жас достарымыз сияқты біз де әлеуметтік желілерде белсендіміз. Бұл үнемі жүргізіліп жатқан жұмыс. Тұрақты негізде, әр апта сайын Instagram-дағы тікелей эфирлер арқылы біз репертуарды, вокалды дамыту жаттығуларын таңдауға көмек көрсету мақсатында байқаудың музыкалық продюсері Данияр Өтегенмен кездесулер өткіземіз.
– Ал ұйымдастырушылар осы жолғы маусымнан қандай үміт күтеді және балаларға қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Бірінші кезекте, біз қатысуға өтінім жіберген әр баланы мақтан тұтатынымызды айтқым келеді. Біз балалардың таланты мен батылдығына таңданамыз. Балаларға артар үміт немесе қандай да бір міндеттемелер жоқ. Мүмкін сондықтан балалар өз қабілетін жан-жақты көрсетіп, емін-еркін жүріп, бізді қуанта беретін шығар. Мұндағы мақсатымыз – әр балаға назар аудару, шығармашылығын шыңдау, балалардың арманын орындау. Ал алтыншы маусымның финалист-балаларын вокал, актерлік шеберлік, хореография бойынша жеке сабақтар күтіп тұр. Олармен 7-9 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін финалдық концерттік бағдарламаларда өнер көрсету үшін қайталанбас және ерекше сахналық образ жасау үшін режиссерлер, графика және жарық бойынша суретшілер, дизайнерлер, стилистер жұмыс істейтін болады. Айтпақшы биыл балалар музыкалық топтың сүйемелдеуімен музыкалық шығармаларды орындайды. Іріктеу кезеңінің әрбір қатысушысы атаулы дипломдар алады, ал финалистер бағалы сыйлықтармен марапатталады. «Бала дауысы» жеңімпазы конкурстың алғашқы күндерінен бастап тағайындалған атаулы білім беру грантының иегері болады.
– Әңгімеңіз үшін көп рахмет, Толғанай! Барлық «Бала дауысы» шығармашылық ұжымына сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»