• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Сәуір, 2021

Тележурналистика тарланбозы

495 рет
көрсетілді

Телеөнер тарланы, тіл майданы­ның қаһарманы, ұлт абызы Сұлтан Оразалы ғасыр ойшылдарымен, заманның саңлақ суреткерлерімен, көркемөнер қайраткерлерімен әдеби-шығар­машылық жөнінен сұхбаттасып, ой толғап, сыр бөлісіп, тебі­реніп әңгімелесуі – ұлт руханияты кеңістігіндегі шеберлік, шешендік, көсемдік ұстаханасы әрі ел, халық алдындағы айқын тарихи-көркем қызметі деу әділдік болар еді.

1983 жыл, 28 қыркүйек. Таш­кент шаһары. Азия мен Африка жазушыларының конференция­сында телеэкран алдында алтын балық үйіріндей Мұстай Кәрім, Қайсын Кулиев, Шыңғыс Айт­матов сынды дарабоздарды жинап алған Сұлтекең шыныдай таза шы­найы мақамды даусымен: «Әрқайсымыз өз ана тілімізде баш­­құртша, балқарша, қырғызша, қазақша сөйлесек, түркі тілдерінің туыстастығын танытар едік» – деп, бастамашылдық болмысы мен интеллектуалдық әлеуетін танытқан-ды.

Өзі жазғандай, «Парасат пы­рағы» Шыңғыс Айтматовтың 50-жас­қа толуына орай 1978 жылы Біш­кекке барып, емен-жарқын әңгіме тиегін ағытып отырғанда Адам­заттың Айтматовы былай­ша ақтарылыпты: «Сұлтан, се­нің арқаңда ырғалған үлкен ел жатыр. Сол екінші жұртыма айнал­ған Қазақ Еліне деген менің сүйіс­пеншілігім, құрметім, махабба­тымды осы әңгімелесуде де біл­дірмек болып әрекеттендім». Шы­қаңның осылайша телегей тілегін арнауы тегін емес. Өйт­кені Сұлтекеңнің ұлы әңгі­ме­ші­лермен білгірлікпен, өнер­паз­дықпен ой сабақтауы – олар­дың шығармашылық еңбе­гінің көркемдік, пәлсапалық, әлеу­мет­тік мәнін барынша терең зерде­легендігінің жемісі.

Мысалы, «Алыптардың ақыр­­ғы сардары» Ғабит Мүсіре­пов­пен тұлғатану, өмір, өнер, әде­биет, ғылым, замана жайында және «Оянған өлке», «Жат қо­лында» дейтін кесек те күрделі романдарының жазылу тарихы турасында 20-дан аса сағат бойы ыждаһатпен тыңдау неме­се қара жердің кемесіндей сал­мақ­ты, салиқалы, сарабдал Ғабиден Мұстафинмен 15 жыл бойы кеңе­сіп шүйіркелесуі және де таң­дап, талғап, дәлдеп, көркемдік мә­нісі­мен «ой мен сөздің ұлпасын» қол­дануын әсерлі баяндауын кемел келісіммен өрнекті сөйлетуі қандай ғанибет десеңізші!

Сұлтекеңде лидерлік мінез бен стратегиялық ойлау бар. Сон­­дықтан да болса керек, қа­һар­­ман­дықтың мектебіндей «Көш­пенділер», «Алтын Орда» три­логия­ларының көркемдік-пәл­сапа­­лық және идеялық мазмұнына бой­лап, Ілияс Есенберлиннің шы­ғар­­машылық әлемі хақында ха­лық­тың тарихи зердесін байытатын келелі ойлар туындатты. Ұлы Даланың жеті ғасырлық тарихын толғаған, қопара қозғаған Ілияс Есенберлиннің жүрегіндегі сыр дестесін, мүбәрәк лебізін: «Сұлтан, соңғы кезде құлағымнан Даланы дүбірлеткен жойқын сарын – Тұ­мар ханшаның, Білге қаған мен Күл­­тегіннің, одан бері де өзім жаз­ған қазақ хандарының рухы оянған тәрізді. Көрерсің, халық мерейі әлі де көтеріледі» деп, көре­гендік болмысын мәлімдейді. Бұл айбынды, асқақ сөз – ХХ ғасырдың төрінде Сұлтекеңдей сабаздың айтуымен саңқылдап естіледі.

Бір өзі энциклопедия, бір өзі театр, бір өзі сол бір ХХ ғасыр жақ­­сыларының көзі Сұлтан аға­ның «Өркениет мәйегі» деген дәуір­­намалық еңбегінде мемлекет тілі кешенді құбылыс, ол – елдіктің айнасы, халықтың ары, даналықтың әлемі, рух кітабы, билік құралы, ұлт тұтастығы мен отаншылдықтың беломыртқасы. Тәуелсіздік тұсында Тіл коми­те­тінің тізгінін баһадүрлік мінез, харекетпен жүгендеп ұстаған ол ұлт тілін шекараны қорғаған ерлерше қимылдап қорғады.

«Шындық және көркемдік шешім», «Өмірмен өзектес өнер», «Телетеатр – өнердің жаңа тү­рі», «Қазақ зиялылары туралы анто­логия», «Өнер өрісі» деген төл­тума шығармалары – қазақтың көркем ойы мен көркемөнеріне қосылған баға жетпес қазына.

Қайраткер Сұлтан Оразалы­ның шығармашылық өмірбая­нын зерделесек, интеллектуалдық дең­гейін сөйлетсек, ол, шын мә­нін­­­де, әдебиет сыншысы, өнер зерт­­теушісі, аудармашы, теле­жур­­­налист, теледраматург, бас­­па­­гер, іскер, білгір, ұтқыр ұйым­дас­тырушы.

Ол 1964-1984 жылдарда Қазақ телевизиясында істеген шағында үш жүздей сценарий (телесұхбат, теленовелла, телеинсценировка) жазған және бір мыңдай хабарларды шеберлікпен жүргізген. Комментатор болу дегеніміз – әрі шығармашылық иесі, әрі диктор, әрі редактор, әрі репортер, әрі интервьюер, әрі режиссер, әрі импровизатор, әрі эфирде жұмыс істейтін журналист деген сөз. Журналистің эфирдегі импровизаторлық қызметі сан алуан, сан қилы. Ерен еңбек пен тегеурінді қабілет-қарымды қажет ететін өнердің күрделі саласы. Ұлттық теледидардың іргетасын қалаушылардың сапында Сұлтан Оразалының қайраткерлік, санат­керлік, қаламгерлік тұлғасы өз алдына өзгеше бір әлем. Өйткені Қазақ теледидар өнеріне, теле­өнімдерге ұлттық рух пен маз­мұн, терең дүниетаным дарытты, ха­лықтық дәстүр мен тіл мәде­ниетін дамытты. Бұл орайда Сұлтан Ора­залы ел жүрегін толғандырған «Қымызхана», «Халық қазынасы», «Өнер көзі – халықта», «Шұғыла», «Сах­на», «Творчестволық портреттер», «Поэзиялық кеш» сияқты бағдарламалардың авторы. Бұлар танымдық мәнімен, көркемдік сәнімен, шеберлік қырларымен халық санасында берік ұялаған-ды. Елдің жан құмарын, мейірін мейлінше қандырған «Өнер көзі – халықта» дейтін бағдарлама болатын. Әсіресе, сол бір 1976 жы­­лы Манап Көкенов пен Мұ­қаш Байбатыровтың айтысы көр­сетілген-ді. Көрермендер то­сын ақындық тапқырлыққа, импро­визаторлық өнерге куә болған-ды. Қазіргі айтыстың гүлденуіне осындай көрсетілімдердің жой­қын әсер еткені анық. Демек, терең тамырлы, тарихы ғасырлар тұңғиығына тірелетін ұлттық, халықтық айтыс өнерінің ХХ ғасырдың үшінші ширегінде өркендеуіне белгілі бір дәреже­де соны соқпақ салған Сұлтан Оразалы десек әділетті­лік болар еді. Және де оның 1982 жылы «Айтыс» атты бағдарламасы Қа­зақ телевизиясының тақырып­тық жоспары бойынша кітапша түрінде жарияланды. Руханият шырақшысы Мұхтар Әуезовтің даналық дәрісін тыңдау, Қай­не­кей Жармағамбетовтің бай кітапха­насында білім теңізінен тия­нақты, мұқият жеміс теру, Ғабдол Слановтың шаңырағында тұрып, тәлім алу – жас науша Сұлтан Оразалының маңдайына бұйырған бақыт. Жақсылардың мәжілісі, сұхбат-әңгімелері – Сұл­­­те­­кеңнің ой өрісінің, таным-па­йы­мының, көзқарасының, шы­ғармашылық тұлғасының қалып­тасуы мен дамуына әсер еткен­дігі даусыз. Жүзі жар­қын, қимылы кесек ғасыр абыз­дары, замана заңғарлары, театр саңлақтары Ғабит Мүсіреповпен, Ғаби­ден Мұстафинмен, Серке Қожам­құ­ловпен, Шәкен Аймановпен, Ілияс Омаровпен, Әбілхан Қас­теевпен, Ілияс Есенберлинмен жүргізген тарихи сұхбаттары – ұлт мәдениеті мен көркемөнерінің алтын парақтары деуге болады.

Кемеңгерлердің кеңесінде ел­­шіл­дік, мемлекетшілдік істер, дә­уір шындығы, халық өмірінің ше­­жіресі, өнер құпиясы мен зертха­­­насы талғам таразысында өл­­ше­­неді.

Иә, осыншама қисапсыз сұх­бат­тар қыруар қайрат-жігерді тілей­ді. Мысалы, Сұлтекең Ғабит Мүсіреповтің шынайы табиғатын, сырын, мінезін, ойлау жүйесін тану мақсатында 24 сағат емен-жарқын сөйлескен, құштарлықпен сырласқан. Сөйткенде ғана сөз бен ой зергерінің болмысын ашқан. Себебі осындайда алғыр-тапқыр жүргізушінің ұйымдастыру қабі­летінің, ішкі мәдениетінің, импро­визациясының, білімділігінің рөлі айрықша. Сондай-ақ А.С.Пуш­киннің «журналист – мемлекет адамы» деуінде сыр бар. Мем­лекеттің мұрат-мүддесі, өнері, ғы­­­лымы, мәдениеті, тілі, дәстүрі, теле­­жур­налистің бағыт-бағдары, құбыланамасы.

Сонымен қатар С.Оразалы ұлт қайраткерлері ғана емес, әлем суреткерлері Файз Ахмад Файз, Алекс Ла Гума, Расул Ғам­за­тов, Қайсын Кулиев, Шың­ғыс Айт­матов, Валентин Рас­пу­тиндермен (мұның өзі 30 шақ­ты) іңкәрлікпен жүргізген сұхбат­тарын ескер­сеңіз, оның өмір жоры­ғындағы, өнер жолындағы, ар алдындағы істеріне қызығасыз. Иә, «жалынды адам – жақсылардың арасында алып» демей ме қазақ қағидаты.

Кемел парасат иесі С.Ораза­лы­ның шығармашылық өнер­­на­масының басты нысанасы – біре­гей қазақ зиялыларының тұлға­сын сомдау, ұлағат-тағлиматын ұлт сана­сына сіңіру. Осы ретте оның «Қазақ зиялылары туралы антоло­гиясында» ұлт мәдениеті мен та­ри­­хындағы Ұлт, Замана, Дәуір аты­нан сөйлейтін көсем пікірлі тұлғалардың болмыс-бітімі білім­паздықпен, өнерпаздықпен, зерт­темпаздықпен келісті мүсін­дел­­ген. Мәселен, «Дала даналары», «Жүрек айнасы» (Ғабиден Мұс­тафин жайлы), «Заңғар» (академик Салық Зиманов туралы), «Тарлан» (академик Сұлтан Сар­таев жайында), «Даңғыл» (ака­демик Ғайрат Сапарғалиев тура­сында), «Дархан» (академик Мұрат Баймаханов) жөнінде, ал «Ақ ша­ғылда тұрған арман» мен «Па­расат биігінде» дейтін деректі фильмдердің сценарийлері ұлттың ұлы суреткері Әбіш Кекілбаевтың ғұмырбаяндық өмірбаяны сұңғы­лалықпен шебер сипатталады.

Тележурналист Сұлтан Ора­за­лының көгілдір экрандағы қыз­меті, жаратылыс-болмысы, қа­дым заманның билеріне ұқсаған ұшқын атқан жанды, жалынды ой-толғаулары, білімдарлық, ин­­тел­лектуалдық, тапқырлық кел­­бет-кескіні, тереңді, қияны бар­лап шолатын қырағы көз­қарасы, көркемдік танымы көрер­мендердің өлшеусіз ықыласын тудырған еді. Бұл орайда 2007 жылы «Абай – қазақтың ұлы биі» дейтін деректі фильміндегі мына бір дарқан лебі­зінде дәуірнамалық сипатқа ие ел өмірінің тарихы мен тағдыры бар. Айталық: «Қасиетті қарт Шың­ғыс! Тарихтың есте жоқ ескі замандарынан бері баурайын сан түрлі қауым мекен еткен, ұрпағына ұя болған, суықта пана, ыстықта сая құт қоныс!

Топырағы торқадай,

Жапырағы қамқадай,

Шөбі шыны тортадай,

Қара суы сорпадай

Шыңғыс деген осы жер!

Ақын Қалихан Алтынбаев осылай жырлайды.

«Қылышын қыстай байланған (Ақтүтек боран астындағы Шың­ғыс суреті), Жадырап жазда жай­ланған (Жазғы жайлау көрінісі), Том­сарып, күзде ойланған (Шет­сіз-шексіз күзгі сары дала), Әр шо­қысы аңыз боп, Ертегіге айнал­­ған. Тау біткеннің ағасы (Құн­­дыздыдағы Торғауыттан түсі­рілген Шыңғыстың жалпы көрі­нісі) Шыңғыс деген жер осы!».

Бауырында малы соңырқап (Шеттің бойындағы шалғында жат­қан мал), Басында боран, қыс тұрған (Түйеөркештегі қысқы көрініс), Асан Қайғы таңырқап (Желмая мінген, сақалы беліне түскен қарттың суреті), Үш қайы­рылып, үш тұрған Шыңғыс деген жер осы!».

«Туғызды Шыңғыс Мамайды (Мамай кесенесі), Туғызды Шың­ғыс Абайды (Абай суреті). Шә­кәрім, Шәкір, Көкбайлар (бұл суреттер Шыңғыстаудың баурайында екінші экспозицияда жылжып өтеді), Шалқар шабыт, отты ойлар. Ең соңында толғатты Мұхтардай Гималайды (Мұхтардың суреті)» Құдіретті күйдің фонында Шың­ғыс көріністері тағы да 5-6 секунд­қа созылады».

Қазақ телеөнері тарланбо­зы­ның зергерлікпен зерлегендей түйдекті ой шумақтары өнер атау­­лының айрықша түрі – теле­ви­зияның өзі­не хас қызмет әре­кеті, кереметі ұшан-теңіз көркемдік бейнелеу құрал­дарымен (сурет, музыка, табиғи суреттер) тұ­тас­қанда ғажайып әлем­нің құ­шағына енгендей көл-көсір, мол әсерде боласыз.

Сұлтекең – Шыңғыстау та­ри­­­хы­ның білгірі. «Абай елі» атты аль­бом-шежіреде ақыл-ойдың алыптары дүние есігін айқара ашып, жалпақ жаһанға құді­ретті, қуатты ана тіліміздің інжу-маржандарын жарқырата шашқан дана Абайды, біртуар Шәкәрімді, үздік жара­тылған Әуезовті тудырған әрі керемет өлке келбетін, жер-суын, тау-тасын, бел-белесін, пүліш бар­­қыт жамылып, масатыдай құл­пырған жайлаулары мен құтты қыстауларын, ботаның көзіндей мөлдіреген көлдері мен күркі­реп аққан өзендерін көріп, шежіре­сін тыңдап, арғы-бергі ғасырлар дау­сын естігендей әсерге бөле­ніп, жүрегіміз нұрға, көңіліміз сыр­ға толады. Абай заманында бес болыс ел­дің тұрақ-мекені Шың­­­ғыстау тізбегінде небір ұлы оқи­­ғаларға, аңыздарға куә бол­­ған қаншама даңқты таулар бар екендігіне осынау альбом-шежірені парақтағанда көзіміз жетеді.

Альбом-шежіре аңызға айнал­ған тарихи өлкенің жан тебі­рен­терлік тамаша көріністерін, ұлы оқиғалардың, ғажайып ескерт­кіштердің, киелі ғима­раттар­дың, адамзаттың рухани дамуына жойқын әсер етіп, қуатты ағын қосқан кесек, бірегей шы­ғар­малардың аясында шебер көр­­сете білген. Суреттердің мағы­на­лылығы, тарихилық, ше­жі­ре­лік сипаты, көркемдік күші айрық­ша. Бірін-бірі қолдап қана­ғат­тандырған. Абай шығарма­ларының өзегін, оттай лебін, Шә­кәрім поэзиясының ойшылдық өрнегін, М.Әуезовтің «Абай жо­лы» эпопеясының ұлылығын, сурет­керлік, бейнелілік ой жүйе­сін мей­лінше терең, толық, жан-жақты тануға, түсінуге осы аль­бом-шежі­ренің пайдасы сол, көр­некілік көмегі ересен. «Адам­зат­тың бәрін сүй бауырым деп», «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деп, жан-тәнімен тұ­тас беріліп өсиет айтқан Абай адамзат атынан сөйлеген. Абай – ғаламға ортақ тұлға. Абай мұ­расы – адамзатқа ортақ игілік. Бұлардың бер жағында тілінен бал тамған, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» тамылжыта жырлаған Шәкір Әбенов, ұлттық әдебиет тарихындағы тұңғыш романның авторы Тайыр Жомартбаев, тағы басқалар ойға оралады.

Әрбір суретке берілген түсі­нік­­теме оқырманның зейінін аударып, ішкі рухани дүниесінде нұрлы сипат дарытады. Оқығанды, естігеніңді, тыңдағаныңды, енді көзбен көріп, қолыңмен ұстап, көңілге бекітесің, алдыңа алып, іштей дидарласасың...

Мысалы, ұлы Абайдың кін­дік қаны тамған Қасқабұлақ жота­сының бейнесі. Көкірегі даңғыл әжесі Зереден, анасы Ұлжаннан туған халқының небір сұлу ертегі-аңыздарын, көркем әңгімелерін сүттей ұйып тыңдап, кеудесіне тоқыған, қиялына қанат байлаған әр таңды таңға ұластырып, бұл­бұл құстай сайраған жыршыларды, жырауларды, ақындарды көрген сүйікті мекені екені ба­са көрсетілген. Бұған қоса сурет­шілер А.Волощиктің «Бала Абай жыр тыңдап отыр» (1948) және Е.Сидоркиннің «Абай және әжесі Зере» (1960) атты туындыларын ұсынған. Міне, осылайша жасау – ұлы Абайдың туған жері жөніндегі ұғымымызды тереңдете түседі. Ақынның «Күз», «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» өлеңдері осы ардақты Қасқабұлақта жазылған.

Абай бақытына балап, жү­регі Тоғжанды қалаған, бала махаб­батының куәсі болған, «Жарқ ет­пес қара көңілім не қылса да», «Көзімнің қарасы» дейтін ақ жамбыдай қымбат өлеңдері туған Түйеөркеш, Әйгеріммен қа­уышқан Шілікті кезеңі, Жиде­байдағы Абай қыстауы, ақын мінген күймелі пәуеске, Абайдың қауырсын қаламы, қалта сағаты, шақшасы, тоғызқұмалағы. Сон­дай-ақ дүниенің ғылымын, Алла­ның ғылымын ғаламат құлшы­ныспен, жігер-қайратпен зерттеген, әлемнің даңқты адамдарымен, ғұлама хакімдерімен, ұлы ақындарымен шүйіркелесіп, сыр­ласқан жері – Абайдың Арал­төбедегі қыстауының жөні бөлек.

Абай елі туралы альбом-ш­е­­жіреде жортуылшы жырау Ақтам­берді мен Нысан абыз­дың, Мамай мен Тоқтамыс батыр­лардың, Ең­лік-Кебектің, Кеңгірбай бидің, оның баласы Ералының, Қозы Көрпеш – Баян сұлудың мазарлары, Құнан­бай қажы мен ұрпақ­тарының, Зере мен Ұл­жан­ның, Ділдә мен Әйгерімнің, М.Әуе­­зовтің «Қорғансыздың күні» по­ве­сіндегі Ғазизаның аяныш­ты тағ­дырының куәсі болған Кү­шік­бай асуындағы Күшікбай ба­тырдың бейіттері. Шәкәрімнің «Саят қорасы», Қоңыртаудағы көкжал Барақ сұлтанның мекені, сондай-ақ Қоңыр әулие үңгірі, қола дәуі­рінің петроглифтері, балбал тас­тар, Қарқаралы шаһарындағы Құнанбай қажы салдырған мешіт, Семейдегі қос мұнаралы мешіт, Көкбай мед­ресесінің жұрнағы берілген. «Күлімсіреп аспан тұр, жерге ойлантып әрнені» деп, Абайдың өзі айтқандай, табиғатта да даналық бар. Сал­мақтай білген, көріп сезіне білген саналы жанға, саңлақ суреткерге небір ойларды әсерлеп, мәнерлеп, өрнектеп айтуға, жан­сыз табиғатты сөй­летуге, адам өміріне, замана бол­мысы­на байланыстырып айтуға үзілмейтін қор сияқты. Мысалы, «Шыңғыстағы шынар» суреті көңіл айнасына түрлі ой түсіреді. Қара тас­ты жарып шыққан шынар ағаш. Қайран қалмасқа лажың жоқ. Осы бетте «Абай жолы» эпопеясындағы мына бір күйлі-қуатты, сырлы-толқынды лебіз әдемі келтірілген: «Бір кезде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тасты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар балғын тартып, тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған еді».

Альбом-шежіреден Абай оқы­­ған Ахмет Риза медресесін көр­­генде де көңілің де, көзің де тояды. Осы медресенің қабыр­ғасында жеткіншек Абай Уфа­дағы «Ғалия» медресесін ұйым­дастырған, В.Рад­лов, Л.Толстой­лармен пікірлес, сый­лас болған, араб тілінде «Өт­кен баба­лар өмірінен» атты жеті том­­дық күрделі еңбек жазған Шаһаб­­буд­дин Бағаутдинұлы Мар­жанидің (1818-1889) шәкірт­терінен тағы­лым-тәрбие, өнеге-үлгі алады.

Қоянды жәрмеңкесінің көрі­ніс­терін көрген сәтте-ақ тарих сөй­леп қоя береді. Іргесі 1848 жылы қалан­ған Қоянды жәр­мең­кесіне Сібір, Орал, Орта Азия, Батыс Қытайдың саудагерлері қатысқан. 1870 жылдарда жәр­меңкеге әкелінген мал жарты мил­лионға жеткен. 200-дей сауда орындары ұзын-ұзын төрт қатарға орналасқан. Ұлттық ойын-сауықтар ұйымдастырылған, оқу үйі жұмыс істеген. Ақындар, ән­шілер, жыршылар, өнер дүл­дүл­дері Біржан сал, Құлтума, Шашу­бай, Иса, Майра, Ғаббас, Абай, тағы басқалар болған. Қоянды жәрмеңкесі өз жұмысын 1930 жылдарға таман тоқтатты.

Абай елінің ұлылығын Құнан­байдың жайлауы Бақанас, Майқы би қатынасқан, Шыңғысты ақ киізге отырғызып, хан көтерген Хан тауы. Абай, Шәкәрім, Мұхтар саясатшылық құрған Сарыкөл, Көлденең өзенінің бойындағы Базаралының қыстауы, Жұпар қорығындай Қопа көлі, аспанмен тілдескен Арқат тауы, Әуез қыстауы ірілендіре, толықтыра нұрландыра түседі.

Альбом-шежіреде Семей­ге жер ауып келген, білім-ғы­лыммен мұз­дай қаруланған А.И.Дол­гополов пен Е.П.Михаэлистің, Н.Я.Коншин мен Л.Д.Лобанов­скийдің және ауыз әдебиеті үл­гі­лерінің жинау­шысы, білгір фольклоршы Г.Н.По­танин мен Шоқанның досы Ф.М.Дос­тоев­скийдің суреттері орна­лас­ты­рылған. Кітаптың мән-ма­ңызын арттыру мақсатында әйгі­лі қыл­қалам шеберлері, атап айт­қанда, Н.Хлудовтың, Ә.Қас­теев­тің, Ә.Ыс­­майыловтың, А.Ғалым­бае­ва­ның, Н.Нұрмұхамедовтің, Ү.Әжиевтің және басқалардың суреттері пайдаланылған.

«Өткен замандардың әрбір ұлы ақыны – заман мұхитын кезіп жүрген кеме. Оның сапары талай ғасыр таусылмауы мүбәда» деп П.Антокольский айтқандай, ақыл-ой, сана-сезім қазынасына толы Абай кемесі мәңгілікке күмбірлеп жүйткіп жол тартып барады.

«Көкке бір кісі ұшады, етегіне мың кісі сыяды» дегендей, Абай­мен бірге «қалың елі, қазағы» да, Шыңғыстауы да ұшып бара жатқандай. Иә, Абай елі жайлы альбом-шежіренің де шертер сыры, толғар күйі де сан алуан.

Өрі-қыры бірдей, білім-білік­пен мұздай қаруланған, руханият кеңістігі байтақ, «қимылы қырық қызық сөздің» сиқырын сезінген, әрекеті берекетке ұлас­қан, әділдіктің жаршысындай Сұл­­те­кеңе қазақтың абыз ақы­ны Мұзафар Әлімбайдың: «Әз халқыңның ортасында, бауырым, жас беренше жайнаң қағып жүр талмай!» дегенін қайталағым келеді.