Шағын және орта бизнес субъектілері биыл да несие төлемін кейінге шегеру жеңілдігін пайдаланатын болды. Дегенмен бұл көмек ШОБ-тың қордаланған қаржылық проблемасын шешіп тастамайтыны да белгілі. Әрі жеңілдетілген несиені ала алмай пұшайман болып жүрген кәсіпкерлер қаншама. Екінші деңгейлі банктердің секторды қолдауға аса қатты ықылас танытпауы саладағы ахуалды сәл-пәл қиындатып тұрған жайы бар.
Сәл-пәл деп жұмсартып тұрмыз ғой, шын мәнінде банктен несие рәсімдеу дегеніңіз кәсіпорындар үшін кәдімгідей ауыртпалыққа айналған. Қағазбастылыққа толы рәсімдеу процесі, оның өзі бірнеше жұмыс күнін алады, клиенттің несие тарихына қарайды, бәрінен қиыны кепілге мүлік қоюды талап етеді. Ал мұндай тәуекелді шағын кәсіпорындар игере алмайды. Алматыда орналасқан, қаланы тәтті тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Алмалы нан» ЖШС әлі күнге мемлекеттен не несие, не субсидия алып көрмеген.
– Алайда жеңілдетілген несиеге біз де қол жеткізгіміз келеді. Өйткені оның көп пайдалы тұсы бар. Бірақ кез келген банк кепілге мүлік қоюды сұрайды. Ал кәсіпкерлердің барлығында дерлік жылжымайтын мүлік бар деп айта алмаймыз. Өзің бірнеше миллион несие алып, оны үстемеақысымен қайтарасың. Соған қоса жылжымайтын мүлік тіркейсің. Бұл біз үшін тиімсіз. Мүлік қою талабын алып тастағанда ғана несие рәсімдеуге болар еді, – дейді кәсіпорын басшысы Гүлнәз Темешова.
Осылай дағдарған ШОБ субъектілері енді микроқаржы ұйымдарын жағалай бастады. 2020 жылдың соңында аталған ұйымдар 418,1 млрд теңге займ ұсынған. Бұл дегеніңіз 2019 жылмен салыстырғанда 43 пайызға жоғары. Қарыз портфелінің айналдырған бір жылда дәл осындай динамикамен өсуіне әрине, шағын және орта кәсіпорындар елеулі үлес қосқан.
Қазақстан экономикасына тұрақты мониторинг жасаушы Ranking.kz жобасының дерегінше, шағын және орта бизнесті несиелеу бойынша KMF микроқаржы ұйымы көш бастайды. Ұйымның қарыз портфелі 136,4 млрд теңгені құрайды, бір жылда займ сомасы 2,8 пайызға өсім көрсеткен. Аталған компания негізінен кәсіпкерлікті қолдау, халықтың әл-ауқатын арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында несиелеумен айналысады.
Үздік үштікке кіргендер қатарында «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» (57,1 млрд теңге) және MyCar Finance (44,7 млрд теңге) бар. Жалпы, микроқаржылық ұйымдар соңғы жылдары жедел даму жолына қарай бет алды. Олардың активтері соңғы 4-5 жыл көлемінде ұдайы өсім көрсетуде. Жеңілдетілген несие бағдарламаларын ұсынумен қатар шағын және орта бизнесті несиелеуге де белсенді атсалыса бастауы олардың жылдам дамуына серпін берген сыңайлы.
Егер жағдай осылай жалғаса берер болса онда жақын келешекте микро қаржы ұйымдары шағын және орта бизнеске несие беру тұрғысынан екінші деңгейлі банктерді қуып жетуі де ықтимал. Өйткені отандық қаржы институттарында 2017-2019 жылдары ШОБ-қа несие беру көлемі айтарлықтай азайды. 2019 жылдың соңында сектордағы несие портфелі 2016 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге азайған.
2021 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша елімізде 883 микроқаржыландыру ұйымы тіркелген. Оның ішінде 178 ұйым тікелей несие берумен айналысады. Биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 1 024 компания микроқаржылық қызмет жасау туралы өтініш жолдаған.