Екі жыл бұрын жарыққа шыққан «Қағаз үй» (Money Heist) испан телесериалының алғашқы шығарылымы көрермен жүрегін лезде жаулап алды. Асыра айтқандығымыз емес, расы солай. Батыл да қызуқанды мінезімен танылған сериал кейіпкерлерінің бейнесі билік озбырлығы мен капиталистік құрылғыға қарсы тұрудың жаппай мәдени символына айналды. Сериалдың мамыр айында шығатын жаңа маусымын тағатсыздана күтіп отырғандар көп. Осынау фильмнің сәтсіздігі мен сәттілігінің құпиясы қандай?
Фильм жазушы, продюсер Алекс Пиннің қылмыскерлер тобы туралы драмасының желісі бойынша түсірілді. Испания қаржы сарайын тонауға шешім қабылдаған Профессор атанған көшбасшы майдан қыл суырғандай барлығын ой елегінен өткізе отырып, тонауға ебі бар, есебі түгел мамандарды өз тобына жинай бастайды. Сырт көзге көп, сөзге сараң, ұяң көрінетін момын жігіт полицияның аттап басқан қадамына жоспар құра білді. Суық ақыл мен сергек сана қашанда оның басты қаруы болатын. Қан төгуді мұрат тұтпаған, тек керегін ғана алуды мақсат еткен ол майдан даласында өзін бір сәтте жоғалтып алған емес. Мұны суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын әлдебір ертегі кейіпкерімен шатастырмаған жөн. Мұнда барлығы шынайы. Көрерменді жіпсіз байлап қойған сюжеттік шиеленістер мен тосын шешімдер кейіпкерлер тағдырына еріксіз иландырған еді.
Әне-міне дегенше жаңа маусымы шығып қалады деп күтіп отырған сериал тұсакесері әуелде Испанияда өтті. 2017 жылы алғашқы сериясын 4 миллионнан астам адам тамашалады, бірақ әр сериясы шыққан сайын қаралым саны төмендей берді. Телешоу ұжымы фильмді әрмен қарай түсіру, түсірмеу керектігін білмей әрі-сәрі күйде отырған-ды. «Менің әлеуметтік желіде аздаған оқырманым бар еді. Аздаған сағаттарда-ақ жазылушылардың саны күрт артып, 8-9 миллион оқырманға жетті. Мұндай танымалдықты ешкім күтпеген еді. Бәріміз бір-бірімізге қарап «бірдеңе болып жатыр» деп таңғалдық», дейді сериалға түскен актерлердің бірі Альба Флорес. Иә, расымен де үлкен жарылыс болған еді. Өйткені Сальвадор Далидың маскасымен бет-жүзін жасырып, қызыл комбинезон киген қарақшылар туралы әңгіме ойламаған жерден Netflix назарына ілігіп қалады. «Сәттілік сәтсіздіктің арғы бетінде» деген осы болар, осыдан соң-ақ сериал түсірушілердің бағы жанып, әп-сәтте әлемге танылып шыға келген еді. Арна шоу құқығын алғаннан кейін, Casa de Papel атты түп нұсқа атауын Money Heist деп өзгертіп, эпизодтардың ұзақтығын 70 минуттан 45 минутқа дейін қысқартып, сериал санын арттырды.
Фильмдегі революциялық қозғалыс Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде италиялық партизандардың антифашистік әнұраны болған Bella Ciao әнімен көмкерілген. 2018 жылдың жазындағы осынау шоудың арқасында жеңіс әні қайтадан жер-жерде шырқалып жатты. Сериал шыққаннан кейін қызыл комбинезон мен Дали маскалары кештерде ғана танымал болып қоймай, ұрлыққа түскен кәдімгі тонаушылар да кие бастады. Осыдан соң қауіпсіздік мақсатында карнавал кезінде мұндай костюмдерді киюге тыйым салған жағдайлар да кездесті. Испанияның El Mundo газеті өз кезегінде шоудың адамдарға мұндай әсерін «қарақшылар идеалды антигерой болып көрінетін жаһандық көңілсіздік көрінісі» деп сипаттаса, түрік баспасөзі терроризмді қолдауға шақыратын символдық көрініс деп шоуға тыйым салуға шақырды. Осылайша, фильм тарихтағы үздік сериалдардың қатарына еніп, көптеген марапатқа ие болды. 2018 жылы беделді Emmy Awards сыйлығының үздік драмасы атағын алды. Сол жылы New York Times газетінің нұсқасы бойынша үздік телехикаялар тізіміне енді. Тағы бір айта кетерлігі, фильмде Қазақстан атауы бірді-екілі жерде аталатын тұстары бар. Кейіпкердің бірі «Біздің ақшамен Қазақстаннан да спутник сатып алуға болады», дейді. Әрине, мұнымен сценарий авторларының нақты не айтқысы келгені беймәлім, десе де оқ пен оттың ортасындағы майдан даласынан Қазақстан атын естіп елеңдеп қалғанымыз рас. Ал ең бастысы халық сүйіспеншілігіне алғаусыз бөленген сериалдың жаңа маусымын жанкүйерлер армиясы тағатсыздана күтіп отыр!