Бұл әнді сонау басқыншылық жылдары жан аямай соғысқан италиялық партизандар сүйіп айтқан деседі. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң ән антифашистік әнұранға айналды. Композицияның авторы белгісіз болғандықтан, халық жыры делінеді. Бұл күндері де ұмытылмаған Bella Ciao (Қош бол, сүйіктім) әнінің шығу тарихына қатысты көптеген нұсқа бар.
Ең әйгілісі – соғыс жылдары Модена тауларындағы қарсыласу қозғалысы мүшелері орындайтын нұсқа. Бізге белгілісі әнді сондағы партизандардың бірі жазған. Әуені «Ұйқы дәрісі» атты балалар әніне ұқсас келеді. Ал жыр мәтіні әр жолы түрліше орындалып жүргенімен, бір-бірінен көп ерекшеленбейді. Әннің әлемге танылуына 1947 жылы Прагада өткен алғашқы Халықаралық жастар мен студенттер фестивалі ықпал еткені даусыз. Айбынды әннің ырғағы мен екпінді қайырмасы тіпті итальян тілін түсінбейтіндердің өзін баурап алды және әп-сәтте бүкіл Еуропаға таралды. Әсіресе италиялық әнші Милва (1965) мен франциялық Ив Монтана (1970) шырқаған нұсқалары халық көңілінде айна-қатесіз жатталып жатты. Ал Кеңес Одағы тыңдармандарын алғаш әнмен қауыштырған белгілі аңыз әнші Мүслім Могамаев болатын. Ол 1972 жылы Болгарияда құрметті қонақ болғанында «Алтын Орфей» эстрадалық әндер байқауында тұрып, «Мен Италияда біздің партизан достарымыз тарту еткен әнді орындағым келеді. Италияда тағылымдамадан өтіп жүргенімде ерекше достасып кеттік. Бұл ән Италияда айтылған кезде, залда отырған италиялықтар «Белла, чао, чао, чао...» деп жан-тәнімен қосыла шырқайды. Бізге де шу шығаруға болады», деген әнші ұяңдау келген кеңестік тыңдармандарды жігерлендіре түсетін. Әншінің естеліктерінде («Живут во мне воспоминания») айтылғандай КСРО-ның болашақ бас хатшысы Леонид Брежнев те ерекше сүйіп тыңдаған деседі.
«... Берлинде шағын концерт дайындалып жатқан болатын. Кейбір әртістер арнайы Мәскеуден келіпті, біздің топтан біреулерді ерте келіпті... Мен сол кезде нақты не айтқаным есімде жоқ, бірақ бір әнді міндетті түрде орындауым керек еді, бұл – партизандар әні «Bella Ciao» болатын. Бұл ән Брежневке өте ұнады. Ол алғаш рет оны Кремльдің Съездер сарайында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат ретінде ұсынылуына орай ұйымдастырылған концертте де естіді. Мен ән айттым, ал бүкіл аудитория маған қошемет көрсетіп, шапалақ ұра бастады. Арасында Леонид Ильичтің өзі қосылды. Содан кейін бұл оған әдетке айналды», деп жазды әнші.
Ал әннің сазына қатысты да сан-саққа жүгірген болжам толастаған емес, кейде өзге халық шығармаларының музыкасына да ұқсастырады. Сыншылар сонымен қатар Dus Zekele Koilen («Көмірдің кішкентай қабы») деп аталатын әнмен айқын ұқсастығын атап көрсетеді. Бұл әнді атақты сыған аккордеонисі Машка Зиганофф 1919 жылы күзде Нью-Йоркте жазған еді.
Кез келген ән сол дәуірдің, оқиғаның, қозғалыстың символына айналғанын былай қойғанда, түрлі жанрдағы музыкалық тәжірибелердің негізгі нысанасы. Bella Ciao әні де жапон джаз интерпретацияларында кең қолданыс тауып, небір рок-группалардың қайырмасына айналды. Постмодернизм дәуірінде бірнеше рет жаңа түсінік берілген осынау көркем шығарма азаттықтың әнұраны әрі әлемдік манифест, әрі революция ұраны болып шырқалды емес пе. Белла, чао! Қалай болғанда да, әсіресе хормен қосыла шырқағанда кеудеңіздегі жүрек қағысын тездетіп, қарсылығын күшейте бастайтыны анық. Қарапайым әуеннің ішіне көмілген бір құпиясы бары анық. Бәлкім, осынау сыршыл әннің әсері сонау күндердегі туған табиғатынан бастау алатын болар?!