• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Мамыр, 2021

Жерді жүйелі пайдаланбай, жайылым мәселесі шешілмейді

655 рет
көрсетілді

БҰҰ жер ресурстарын пайдалану жөніндегі мәліметі бойынша жыл сайын деградацияға ұшыраудан Қазақстан жерінің құны 936 млн, жылына 75 млрд доллар боларлық ресурстары жоғалады екен. Бір шаршы сантиметр топырақты қалпына келтіру үшін бірнеше мың жыл қажет екенін ескерсек, жер мәселесіне мән беретін кез жеткенін түсінеміз. Жалпы шет мемлекеттердің талайы топырақты ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлшегі ретінде қарастыруға көшкен.

Сенатор Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы өндіріледі, мал басының 60%-ы да осында. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, ешқандай технологиялық процестерге тартылмай отыр. «Жеке қосалқы шаруашылықтар шын мәнінде өлместің күнін көріп отыр. 2016 жылы жер реформасы төңірегінде қоғамның толқуы болған кезде ауылдық елді мекендерді жайылымдық және шабындық жерлермен қамтамасыз ету өте өзекті мәселе болған еді. Ел басшылығының жүктеген тапсырмаларына сәйкес бірқатар шара қабылданғанымен, бұл мәселе бүгінге дейін шешілмей келеді. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша Үкіметтің қабылдаған шаралары да табысты болған жоқ, себебі кооперативтердің жұмысын дұрыс үйлестіретін тиісті технологиялық құрылым жасалмады», дейді А.Күрішбаев.

Бұған дейін жіберілген қателіктерді ескерсек, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың нақты механизмін қалыптастыру керек. Оның оңтайлы нұсқасын қарастыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің, Парламент депутаттарының, бизнес-құрылымдары мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен үкіметтік арнайы жұмыс тобын құрған жөн. Сенатордың айтуынша, ғарыштық мониторинг деректері негізінде игерілмей немесе тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі жұмысты әлі де ширату қажет. Ғалымдар жүргізген ғарыштық мониторинг бойынша, еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жыл сайын 7%-дан 20%-ға дейін егістік жерлер пайдаланылмай жатады. Алайда оларды қайтарып алу жұмыстары өте бәсең жүргізілуде. Ол сондай-ақ кооперативтердің жұмыс істеуіне қажетті өндірістік инфрақұрылымдар салынбаса, онда бұл жұмыста нақты нәтижеге қол жеткізе алмайтынымызды жеткізді. Сондықтан бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі – әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы бюджеттік және несиелік қаржы есебінен қажетті өндірістік инфрақұрылымдарды салып, оны кооперативтерге лизингке беру немесе бөліп төлеу арқылы сату. Екіншісі – осы процеске әріптес ретінде шаруашылықтарды тарту. «Олардың қолда бар өндірістік инфрақұрылымдарын пайдалану арқылы жаңа құрылған кооперативтердің қалыптасуын жеделдетуге болады. Кооперацияның мұндай моделінің бірін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті даярлап, бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, Ақмола облысында жүзеге асырып жатыр. Бұл мәселені мемлекет қысқа мерзім ішінде шешуге барлық мүмкіндігі бар, 188 млн га жайылымдық жері бар және осы көрсеткіш бойынша әлемде 5-орындағы ел бола отырып, ауылдық жердегі малды ашқұрсақ қалдыру кешірілмейтін әрекет», деді А.Күрішбаев.

 Аталған мәселені шешу үшін барлық деңгейдегі әкімдерге саяси ерік пен табандылық керек. Осы жұмысты әкімдердің қызметін бағалау рейтингісінің негізгі көрсеткіші ретінде енгізіп, оларды барынша жұмылдыру қажет. Бұған мемлекеттік маңызы бар ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз. «Осы мәселені шешсек, тек мал азығының сапасын көтеру арқылы ауылдық елді-мекендерде өндірілетін ет пен сүттің өнімділігін кем дегенде 30%-ға арттыра аламыз. Бұл – еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы нағыз серпіліс болар еді. Өйткені аталған жоба жеке қосалқы шаруашылығындағы мал басының әлеуетін арттыруға, яғни қолда бар ресурстарға негізделеді. Сондай-ақ миллиондаған ауыл халқы үшін күнкөрістің жалғыз көзі мал өсіру болғандықтан, олардың табысын көбейтуге, ауылдық елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлердің тозуын болдырмауға, ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған зор мультипликативтік ықпалға ие болмақ. Мұның барлығы, сайып келгенде, ауылды экономикалық тұрғыдан жандандыруға игі әсерін тигізетін қуатты құрал болар еді», дейді А.Күрішбаев.

Ал экономист, агротехник Мақсұт Қалыбаев ел көлемінде жұмыс істеп жатқан агрохолдингтердің иелігінде мыңдаған гектар жер және олардың құзырындағы агрофирмалардың жүздеген гектар жері бар екенін айтып өтті. Оларды басқаратын көбінесе Ресей жағынан келген немесе өзімізден шыққан қос азаматтығы бар жер иеленушілер көрінеді. Ондағы құрылымдар жабық акционерлік құрылым болғандықтан, олардың шаруасына Ауыл шаруашылығы министрінің немесе жергілікті әкімдердің де ықпалы шамалы сияқты. «Нарықтық экономикаға бетбұрыс жасап, жекеменшікке қол жеткізгендегі «ұтқанымыз», бұрын ауылшаруашылық өндірісі республикамыздың ІЖӨ-нің 44%-ын беретін болса, қазіргісі – 6% ғана. Ауылшаруашылық өнімдерінен алатын Жеңіл өнеркәсіп министрлігінің кәсіпорындары ІЖӨ-нің 17%-ын беретін, ал қазір 1%-ға да жетпейді. Бұрын 24-28 млн тонна көлемінде жинайтын астықтың қазіргі мөлшері оның жартысына да жетпейді. Бұрын жылына 12 млн тонна жоғары сапалы бидайды, 360 мың тонна жоғары сапалы ет пен 107 мың тонна жүнді экспортқа жіберетін агроөндірісті құрдымға жіберіп, тамақ өнімдерінің жартысынан көбін сырттан сатып алатын күйге түстік. Соңғы 30-40 жылдан бері даярланған ауыл шаруашылығы өндірісіндегі түрлі сала мамандары жұмыссыз қалды», дейді М.Қалыбаев.

Ірі жер иеленушілердің қолындағы миллиондаған гектар егістік жерлерге Үкімет тарапынан ауқымды ревизия не мониторинг жасалмайтынын бес-алты жылдан бері айтып келе жатқан экономистің Мемлекет басшысы назар аударса екен деген ұсыныстары да бар екен. Біріншіден, жер кадастрына байланысты мәселелерді ауқымды түрде өткізіп, кімде қанша жер барын, оны қашан, қандай келісімшартпен алғанын анықтауды қолға алып, жер ресурстарын тиімсіз пайдаланатын немесе игерілмей, бос жатқан жерлерді қайтарып алып, басқаға беру мәселесі күн тәртібіне қойылуы керек. Екіншіден, ауылшаруашылық айналымындағы барлық жердің мәртебесін анықтайтын, жер мен топырақтың сапасына қатысты талдау жасап, әрбір 2-3 жылда жоспарлы түрде мониторинг жүргізетін, топырақ бонитетінің балдық көрсеткіштерін дәл анықтайтын арнайы Ұлттық ғылыми-зерттеу институтын құру қажет. Сол арқылы жердің әділетті, экономикалық негізде белгіленген бағасы анықталып, оған салынатын салық құнының мөлшері де белгілі болуға тиіс.

Үшіншіден, еліміздегі өнім беретін егіс алқаптарын иеленіп алған латифундистер ірі орталық қалаларда тұрады да, иелігіндегі егістік жерде жұмыс атқаратындар – олардың сеніп тапсырған адамдары өз кезегінде жерді тағы бір пайда іздеген көлденең көк аттыларға субарендаға беретіні жасырын емес. Экономистің назарына ілініп қалған төртінші мәселе – елімізде ауылшаруашылық мақсатында немесе кен өндіру мақсатында болсын, жерді көлденең көк аттылардың қолына мемлекеттік бақылаусыз беріп қоюға болмайды. Жермен, топырақпен жұмыс істейтін жеке тұлға болсын, ұжым, кооператив, кәсіпорындар болсын, сол аймақтың тағдырымен, табиғатымен біте қайнасқан, агроөндірістің сыры мен қырына қанық, жерге жанашырлықпен қарайтын жергілікті азаматтардың өкілдерінің иелігінде болуы абзал. Жер-Анаға деген көзқараста ерекше ілтипат пен жанашырлық болуы керек. Әйтпесе құнарлылығын жойған топыраққа қайтып шірінді қыртысын (гумусын) жыюға 50-100 жыл керек.

Бесіншіден, жер асты қазба байлықтарымызды алу, онда ғасырлар бойы қалыптасқан гидрогеологиялық қабаттарды бүлдіру апаттарға әкелетіні мәлім. Жер кодексінде осы жәйттар қатаң ескеріліп, бұған дейін шетелдіктердің иелігіне берілген жерлерді қайтарып алатын заң жобалары қарастырылуы керек. Алтыншыдан, «Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының мүліктерін жекешелендірудің ерекшеліктері туралы» заңдағы «пайдалану құқығын сату» жөніндегі қитұрқы тезисті заңнан алып тастау мүмкіндігін қарастыру қажет. Жетіншіден, жерді кепілге салып, қарыз алу жүйесіне мемлекеттің қатаң бақылауы керек», деп сөзін түйді М.Қалыбаев.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия жұмысының әрбір кезеңі, онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыруды тапсырса да жұртшылық жер туралы көбіне әлеуметтік желілерден біліп отыратынын, сенімді емес деректерден алынған бұл қауесеттер әртүрлі пікір қайшылығын тудыруы мүмкін екенін айтқан экономист қазақтың жеріне үш бағытта қауіп төніп тұрғанын, оның алғашқысы жердің заңсыз бөліске түсуі болса, екіншісі – жердің тозуы, оны жарамсыз етіп бүлдіру, үшіншісі – ауылдан айырылу дейді. Бұл – қазақты жерден айырудың ең төте жолы. «Президентке шешім шығартып, Мәжіліске заң қабылдатып, алашапқын болып жатырмыз. Қазақстанда сататын, не жалға беретін бос жер қалды ма?» деген сауал қоғамның көкейін кернеп барады. Егер қалмаған болса, ауылда мал жаюға жер таппай отырған ағайынға жерді қайдан алып бересіздер? Мұның шешімі қайсы? «Мал жаятын жер жоқ». Бүгінде қай өңірге барсаңыз да еститініміз осы. Себебі жерсіз шаруа – күнкөріссіз шаруа. «Жер, жер» деп ұрандатқанмен, жер тағдырын аграөнеркәсіптен, ауылдан бөліп қарауға болмайды. Егер шын мәнінде жеріміздің тұтастығын түпкілікті сақтап қалғымыз келсе, ол бос жатпай, түгелдей халық кәдесіне жаратылуы керек. Сонда ғана ауылдың күре тамырына қан жүгіреді», дейді Т.Есіркепов.

 

АЛМАТЫ