16 және 18 мамыр күндері елордалық театрдың Үлкен залы сахнасында Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың Гала-балеттерінің эксклюзивті, сан алуан авторлық бағдарламалары өтеді. Көрермен қауым дарынды әртістердің бірқатар айтулы дебютімен жарқын нөмірін тамашалап, лайықты бағасын бере алады.
Осылайша, балет труппасының солисі, әйгілі IBBC сыйлығының лауреаты Далер Запаров ХХ ғасырдың аңызға айналған балетмейстері Р.Петидің хореографиясындағы Ж.Бизенің музыкасына «Кармен» балетінен дуэтте сахна төріне алғаш рет шығады. Осы кеште оның сахнадағы әріптесі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина болмақ. Еске салар болсақ, атақты хореограф Ролан Пети осынау дуэтті өзінің жұбайы, танымал балерина Зизи Жанмерге арнап қойған. Нөмірдің негізгі тақырыбы – жалын атқан Кармен мен ержүрек Дон Хозенің құштарлыққа толы махаббаты.
Анастасия Заклинскаяның дебюті бағдарламаның тағы бір жаңалығы болмақ. «Астана Операның» солисі, А.Я.Ваганова атындағы Орыс балет акалемиясының 2013 жылғы түлегі Ф.Шопеннің музыкасына қойылған М.Фокиннің «Шопениана» балетінен атақты Жетінші вальсте алғаш рет өнер көрсетеді. Оған көп жылдар бойы Бавария ұлттық театрында еңбек еткен халықаралық байқаулардың лауреаты Олжас Тарланов жұп болады.
Өткен ғасырдың басында Парижде ұсынылған «Шопениана» балеті – романти-
калық тақырыпқа әсем стильдеу, бірақ Шопеннің дәл осы жетінші вальсі гала бағдарламаға тұтастай жарқын жеңілдік беріп, көрерменді М.Петипаның хореографиясындағы Л.Минкустың «Баядерка» балетінен көлеңкелер көрінісі ұсынылатын екінші бөлімге ақырындап жетелейді.
Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, театр примасы мен премьері Әйгерім Бекетаева мен Бақтияр Адамжан балет әртістерімен бірге орындайды. «Баядеркадағы» көлеңкелер көрінісін «балеттегі балет» деп те атайды. Бұл бидің қимылға толы айрықша әсері әрдайым көрерменнің қошеметін тудырады: балерианалардың нақты әрі айқын тізбектелген қатары, қимыл қозғалыстарының үйлесімдігі ешкімді бейжай қалдырмайды.
Сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев, Арман Уразов, Шұғыла Әдепхан, Аделина Төлепова, Жәнібек Ахмедиев, Нұ-рай Нұрсафина, Диас Құрманғазы, Жансерік Ахметов, Назира Заетова, Қуат Кәрібаев және басқалар классикалық, неоклассикалық және заманауи қойылымдардың сан алуан үзінділерінен тұратын нағыз отшашу жасайды.
«Егемен-ақпарат»