Елордада Халықаралық Түркі академиясының және Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Түркі кеңесі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметовтің жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті.
Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, сондай-ақ депутаттар, белгілі ғалымдар қатысты. Іс-шара Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің төрағалығымен өтті.
Тұсаукесер рәсімін ашқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «Бүгін ұлт мұраты мен ұрпақ келешегіне қызмет ететін үш бірдей кітаптың тұсауын кесіп отырмыз. Бұл мазмұнды, зерделі зерттеулердің авторы – Әділ Ахметов. Көрнекті ғалымның оқырмандарға ұсынып отырған «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары», «Колумб дәуірінен бұрынғы америкалық «үндістердің» алтайлық тегі», «Ғасырлар ғибраты» еңбектері қазақ руханиятының бай қазынасын еселеп, жұртшылықтың ғылыми құндылықтарымызға деген құрметін арттырып отыр деуге әбден болады. Хәкім Абай «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» демекші, табиғатында зерттеу тақырыбын талғаммен таңдап, кіріскен ісін тереңнен қазып, түбірлі әрі түбегейлі нәтижеге қол жеткізбей тыншымайтын Әділ Ахметовтің бұл салада ізденіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды», деді.
Сондай-ақ Қырымбек Көшербаев ғалымның түбі бір түркі әлемінің ділі мен тарихына терең бойлап, Азияның бір қиырындағы сахалардан бастап, Еуропадағы гагауздарға дейінгі аралықта мекен ететін 40-қа тарта халықтың ырым-тыйымдарын ғылыми бағытта жүйелеп берген еңбегі туралы да сөз етті.
Дархан Қыдырәлі Алтайдан тамыр тартатын ата тарихымызды Америка- дағы үндістермен жалғап, түпкі санамызды ырым-тыйымдар арқылы ескі ұғымдармен байланыстырған Әділ Ахметов тарихымызды әріге апарғанын айта келе, кітаптарды таныстырып өтті.
Халықарлық Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары» атты монографияда автор түркі халықтарының түрлі тыйымдары мен тыйымдық қағидаларға негізделген жосын-жоралғыларын, әдеп рәсімдерін жан-жақты сараптап, тыйымдық ұғымдардың түсіндірме сөздігін ұсынған. Ал «Ғасырлар ғибраты» кітабына жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті мен егемен еліміздің әлемдік геосаясаттағы дара жолын айшықтайтын сараптамалық мақалалары топтастырылған. Сонымен қатар ғалымның «Бұрынғы америкалық «үндістердің» алтайлық тегі» атты кітабында алғашқы америкалықтардың арғы тегі ғана емес, мәдениеті де Еуразия кеңістігімен, соның ішінде Орталық Азия аймағымен сабақтас деген батыл тұжырым жасалған.
Жиын барысында ғалым Әділ Ахметовтің Қазақстанның білім және ғылым саласына қосқан үлесі туралы да айтылды. Мемлекеттік хатшы оның ғалымның тәуелсіздіктің елең-алаңында еліміздің білім жүйесін заманға сай ұйымдастыру стратегиясын дайындағанын еске алып, «Әдекеңмен кеңесе отырып әлемдік білім кеңістігіне шығуға талпынғанда елдік бағыт пен ұлттық менталитетті естен шығармауға тырыстық», деді.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Әділ Ахметовтің еліміздің білім саласындағы елеулі еңбегін айта келе, оның ректорлық қызметіне, білікті мамандарды даярлаудағы үлесіне тоқталып өтті.
Ал Қуаныш Сұлтанов «Әділ Ахметов – қиын-қыстау кезеңде де қызметтің қырынан өтіп, жаңылыспай келе жатқан тұлға», дей келе, қызметтес болған кезінен естеліктерін сөз етті.