Мәдениет – адамзат әлемінің асыл айнасы десек, кеншілер қаласы Қарағандыда орналасқан Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің маңызы айрықша. Олай дейтін себебіміз, осындағы елдің ғана емес, бүтін қазақ руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өнер ордасы әлем жұртшылығы алдында талай мәрте өнер көрсетіп, қазақ ән-күй өнерін жаңа белеске шығарып келеді.
Филармонияның төл тарихы сонау 1938 жылдан бастау алады. Әуелгі жылдары бұл қарашаңырақта Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков, Мағауия Хамзин, Нұғыман Әбішев, Зәбира Жұбатова, Рахия Қойшыбаева сынды қазақ өнерінің бастауында тұрған халық өнерпаздары қызмет еткен. Ал заманмен бірге түрленіп, ғасырмен бірге түлеген бүгінгі ұжым кешегі аға буынның шығармашылық биігін аласартпай, асқақтатып келе жатыр. 80 жылдан астам тарихы бар концерттік бірлестік әр жылдары қанатын кеңге жайып отырды. Мәселен, 1988 жылы бірлестік жанынан қазақ халық аспаптары оркестрі шаңырақ көтерді. Екі жылдан соң дәулескер домбырашы, шертпе күйдің шебері атанған Тәттімбеттің есімі берілді. Оркестрдің ең алғашқы дирижері болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібайдың, одан кейінгі қанаттас інісіндей болған Шамғон Қажығалиевтердің қазақ өнерін төрткүл дүниеге таныстырудағы еңбегі ересен. «Үлкен ағаларымыздан аздап естігеніміз бар. Ол кезде арбамен ауыл-ауылды аралап, концерт берген. Соғыс кезінде арнайы бригадалары болған. Үлкен ұжым атануы 1950-жылдардан басталды, ол тұста бірлестік жетекшісі Қали Байжанов болатын. Нағыз еңбектің адамы. Кешегі Жарылғапбердіден ән үйренген, дәстүрлі Арқа әндерінің ғаламат орындаушысы болған. Сол ұжым бүгінде биік деңгейден төмендемей, тынымсыз еңбектің нәтижесінде тыңдармандардың қошеметіне бөленіп келеді», дейді Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бас директоры Талғат Ыдырысов.
Симфониялық оркестр, Тәттімбет атындағы оркестр, джаз оркестрі, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі және «Мерей», «Әуен», «Арай» ансамбльдерінен құралған ел сүйіп тыңдайтын ұжым Қазақстан көлемінде ғана емес, Азия, Америка, Еуропа елдерінде түгелге дерлік өнер көрсетті. Қытайдың 35 қаласына сапарлап, бес мыңдық орны бар концерттік залдарды аяғынан тік тұрғызып, көрермен көңілінде өшпес із қалдырды. Бұл жайында Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев «Дүйсен Үкібай кеткеннен кейін, КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиев келді. Мен сол кісінің қасында мол тәжірибе жинадым. Көмекшісі бола жүріп көп нәрсе үйрендім. Шәкеңнің арқасында бірлестік академиялық атақ алып, Тәттімбеттің аты берілді. Сол уақыттан бастап көп дүние іске аса бастады. Үлкен концерттік бағдарламамызды жасап, бүкіл республика көлемінде өнер көрсете бастадық. Біздің негізгі мақсат – Арқа сазгерлерінің, күйшілерінің өнерлерін насихаттау болды. Сонымен қоса еуропалық музыканы да тастаған жоқпыз. Жалпы, оркестрдің репертуары жан-жақты», деп еске алды.
Ал ерекше лирикалық мәнерімен айрықшаланатын джаз музыка жанры біздің елде кең таныла қоймаған. Тіпті үлкен оркестр бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Еліміздегі алғашқы джаз оркестрі 1994 жылы сол тұстағы филармония директоры Ян Симановскийдің бастауымен осы бірлестік құрамында құрылған болатын. Сол жылдың жазында кеншілер мәдениет сарайы алаңында шағын оркестрдің концерт қоюымен, тұсаукесері өткенде өнерпаздардың талантына көңілі тойған Ян Симановский шағын топтың дайын тұрған свинг құрамы екенін бірден түсінген. Көп ұзамай оркестр кеңестік джаз классикаларынан бес шығарманы үйреніп, «Шалқыма» концерт залында ең алғашқы бағдарламаларын көрерменге ұсыныпты. Осылайша, шағын ғана «Шалқымадан» бастау алған оркестрдің бүгінде өз тыңдармандарын табуы өнер жолындағы үлкен игілігі болса керек. Күн өткен сайын өрісі кеңейіп келе жатқан өнер ордасында әр жылдары белгілі өнер жұлдыздары қызмет етіп, ұжымның беделінің нығаюына, өсуіне көп күш салды. Айткүл және Қанат Құдайбергеновтер өнердегі алғашқы қадамын осы «Гәкку» ансамблінен бастаған. Әйгілі гитарист, «Мюзикола» тобының аранжировшигі «А студио» тобының бұрынғы орындаушысы болған Болат Сыздықов та 16 жасында осы ансамбльде шығармашылық жолын бастаған еді. Қазақ мәдениетінің шамшырағы сынды Қарағанды облысының Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі күні бүгінге дейін болашақ өнер жұлдыздарын көптеп даярлайтын руханият ордасы болып қала бермек.