• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Мамыр, 2021

Әкімдер сайлауы туралы ашық әңгіме

1285 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясы жа­нын­дағы Азаматтық қо­ғам­ды дамыту және мем­лекеттік басқару жө­нін­­дегі республикалық қо­ғам­­дық кеңестің отырысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту­дың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу, сондай-ақ ауыл­дар мен ауыл­дық ок­ругтер әкімдері­нің тікелей сайлауын өткізу мәселелері талқыланды. Оған сая­си партиялардың, ірі үкі­меттік емес ұйым­дар­дың өкілдері, саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты.

Кеңес азаматтық қоғам мен мем­лекеттік басқаруды дамыту­дың өзекті мәселелері бойын­ша ұсыныстар әзірленетін біре­гей алаң болып саналады. Оның мін­дет­тері – партияның сай­лауал­ды бағдарламасының іске асы­рылуына, Жол картасы ин­ди­каторларының орында­луы­на мониторинг жүргізу және бақылау, сондай-ақ саяси диалог мәдениетін дамытуға және азаматтық бастамаларды ілге­рі­летуге жәрдемдесу.

Ауыл әкімдерінің тікелей сай­лауын енгізу қажеттігін Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы Жол­дауында атап айтқан болатын. Ал аудандық маңызы бар қа­ла­лардың, ауылдық округтер­дің, кенттер мен ауылдардың әкім­дерін сайлауды Тұңғыш Прези­дентіміз – Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев 2012 жылғы Жол­дауын­­да алғаш рет ұсынғаны белгілі.

Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның айтуынша, бүгінгі таңда ауылда халықтың 41пайызы тұрады, бұл елдің ішкі жалпы өнімінің 4 пайызын ғана қам­тамасыз етеді.

«Ауылдық жерлерде көлең­келі экономика басым. Ауылдың әлеу­меттік-эконо­мика­лық жағ­дайын көтермей, ел экономикасын көтеру мүмкін емес екені баршаға мәлім. Осының бәрімен күресудің бір жолы – билік тетік­терін халықтың қолына беру. Сонда ғана тұрғындар өз ауыл­дарының тыныс-тіршілігіне араласып, мәселелерді шеше ала­ды», деп атап өтті ол.

Nur Otan партиясының хат­шысы Әлібек Әлденей атап өткендей, 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламада жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу көзделген.

«Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Жол картасында әрбір тармақ нақтыланды. Олардың бірі – демократиялық реформаларды тереңдету, халықпен кері байланыс құралдарын жетіл­діру, билікті одан әрі ор­талық­сыз­дандыру үшін ма­ңызды түрткі болатын ауыл әкім­дерінің алдағы сайлауы. Жыл соңына дейін 1 млн 250 мың сайлаушының қатысуымен ауыл­дық елді ме­кендердің 800-ге жуық әкімі сайланады деп күтілуде», деді Әлібек Әлденей.

Сенат депутаты Ләззат Сүлей­мен заң жобасының жаңалығын атап өтті. Мәселен, кандидаттар 3 тәсілмен: саяси партиялар мүшелерінің қатарынан, өзін-өзі ұсыну тәртібімен, бұдан бас­қа, егер ұсыну мерзімінің со­ңына дейін екіден кем үміткер ұсы­нылса, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің кандидаттары ұсынылады.

Отырыста талқыланған мәсе­ле­лердің маңыздылығы мен өзек­тілігін ескере отырып, басқа сая­си партиялардың өкілдері, саясат­танушылар, қоғам қайрат­кер­лері де сөз сөйледі. Мәселен, «Ауыл» ха­лық­тық-демо­кратия­лық пат­риот­тық партиясы төр­аға­сының бірін­ші орынбасары Төлеутай Ра­хымбеков әкім жұ­мысы тиім­ділігінің сандық индикаторын енгізуді ұсынды.

Жалпыұлттық социал-демо­­­кратиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжанов­тың пікірінше, әкім атқару­шы биліктің бел орта­сынан шы­ғып, менеджер болуы тиіс. Сон­дай-ақ ол сайлау про­цесі­нің ашықтығын, ай­қын­ды­ғын және заңдылығын қамта­ма­сыз ету үшін сайлау күні дауыс беру кезінде онлайн трансляция өткізуді ұсынды.

Сонымен қатар Парламент Мәжі­лісіндегі «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы бас­шысының орынбасары, депутат Берік Дүйсембинов халқының са­ны кейбір аудандар тұрғын­дары­ның санынан асатын ірі ауыл­дардың мәселесін көтерді. «Ірі ауылдардың әкімдері үшін қосымша механизм қа­жет. Өйт­кені абаттандыру, инфра­құ­ры­лым және әлеуметтік мәсе­ле­лерді ескерсек, олардың жүкте­мелері көбірек», деді ол.

Кеңес мүшесі Майра Айси­на осы қызметтерде тиісті тәжіри­бесі жоқ жас үміткерлерді оқы­ту үшін тәлімгерлік институтын енгізу қажеттілігі туралы пікір білдірді. Кеңес мүшесі Расул Жұ­малы жоспарланып отыр­ған жа­ңашылдықтар­ға қатысты ақ­параттық-түсін­діру жұмыстарын күшейтуге шақырды.

Өзін өзі басқару саласындағы реформаларды талқылау ая­сында Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров өңір­лердің дербестігін арттыру Қазақстанның сапалы аумақ­­­тық дамуына ықпал ететі­нін атап өтті. Оның айтуынша, жер­гі­лікті өзін өзі басқаруды тиім­ді дамыту үшін мемлекеттік бас­­қару мен жергілікті өзін өзі басқа­ру дең­гейлері арасындағы өкілет­тік­тердің аражігін ажыратуды қам­титын жеке заң шығару қажет.

Қазіргі уақытта жергілікті өзін өзі басқарудың негізгі орган­дарының бірі жергілікті қоғам­дастық жиналысы болып табылады. Алдағы 10 жыл­ға арналған жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұ­жы­рым­дамасының жобасында жер­гілікті қоғамдастық жиналысын қайта құру жолымен ауылдық деңгейде өкілді орган – «Кеңес» құру көзделген.

Өз кезегінде саясаттанушы, кеңес мүшесі Андрей Че­бо­­тарев тұжырымдаманың әлсіз жақ­тарының бірі ретінде аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық елді мекендер әкім­дерінің сайлауын өткізу про­цесінің үндеспейтіндігін атады. Мәселен, биыл осы деңгейдегі әкімдердің жалпы санының үштен бірі ғана сайланады. Бұл алшақтық жалпы сайлау про­цесінің ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық ас­пектілеріне теріс әсер етуі мүм­­кін. Сонымен қатар А.Че­бо­тарев жоғары білімге қатысты шек­теуді алып тастауды ұсынды.

«Кандидаттарға қойылатын талаптарды біраз төмендету қажет. Себебі қарапайым ауыл тұр­ғын­дарының ғылыми дәре­жесі, қандай да бір басқарушы құры­лымдарда, жеке немесе мем­лекеттік қызметте жұмыс тәжі­рибесі болмағанымен, бірақ олар ауылдың деңгейін қалай көтеру керектігін білетін сауатты адамдар болуы мүмкін», деп атап өтті ол.

Кеңес отырысының қорытын­дысы бойынша Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжы­рым­дамасын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс әзірленді. Соның ішінде тиісті жұ­мыс тәжірибесі жоқ, тікелей сай­ланған ауыл әкімдерін оқыту үшін тәлімгерлік институтын енгізу де бар.

Жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Айдос Сарым биыл күзде ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін тікелей сай­лаудың бірінші кезеңі аяқтал­ғаннан кейін осы мәселе бо­йынша тағы бір отырыс өткізуді ұсынды.