Бірінші несие бюросының мәліметінше, былтыр 420 мың қазақстандық 140 млрд теңгеге несие рәсімдеген. Несиеден ада-күде адам саны – 1,9 млн. Демек өзге 7 млн шамасындағы экономикалық белсенді халықтың бас-басында кемі бір несиеден бар. Құрығанда ұялы телефонды бөліп төлеп жатыр.
Несиесі бар адам банкпен әр кез байланыста болады. Ай сайынғы төлемін жасайды, қайта қаржыландырады, төлемін кешіктіреді, сол мәселе бойынша бөлімшеге барады, қоңырау шалып менеджердің босауын күтеді. Әйтеуір, таусылмайды-ақ. Оқыстан келген пандемия бізге қашықтан араласуды үйретті. Мұндайда банктер де клиентпен қарым-қатынас функциясын жетілдіріп, мобильді қосымшаларын дамытуы тиіс. Осы орайда екінші деңгейлі банктердің онлайн қызметіне шолу жасағанды жөн көрдік.
Мобильді банкингтің дамуы әсіресе, заңды тұлғалар үшін аса қажет. Бизнесін сақтау үшін кәсіпкерлер жедел әрі сапалы банк өнімін тұтынғысы келеді. Екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасын Play Market және App Store жүйесінен жүктеп алуға болады. Ranking мәліметінше, мобильді банкинг бойынша ең үздік көрсеткіш «Альфа-Бизнес Казахстан» өніміне тиесілі екен. «Альфа Банк» қосымшасына Play Market-те 4,8 (барлығы 5), App Store-де 4,7 жұлдыз деңгейі берілген. Қосымша арқылы азаматтар банктің шағын және орта бизнеске ұсынатын барлық операциясының 99 пайызын пайдалана алады. Қолжетімді функциялар ішінде – шоттарды басқару, үзінді көшірмелер мен анықтамалар алу, онлайн несиелеу, барлық төлемді жүзеге асыру, теңгелік және валюталық операциялар қызметтері бар. Екінші орында 4,7 (Play Market) және 4,6 (App Store) жұлдызбен Jýsan Business (Jusan Bank) орналасқан. Сондай-ақ қаржы институтында контактісіз төлемдерге арналған JPAY қосымшасы да бар. Үшінші орында 4,4 және 4,1 жұлдызбен Kaspi Pay (Kaspi Bank).
SME Banking Club сарапшыларының зерттеуінше, ТМД мен Кавказ елдеріндегі бизнес-клиенттерге арналған мобильді банк ТОП-20-лығына қазақстандық екінші деңгейлі 5 банк енген. Онда мобильді қосымшалардың AppStore мен Play Market-тегі бағасы, жүктелу мен пікір саны ескерілген. Үздіктер қатарына кірген қазақстандық қаржы институттары – «Альфа-Банк», «Банк ЦентрКредит», «Сбербанк», «АТФ Банк» және Halyk Bank.