Биыл Маңғыстауда қыстай жеткілікті мөлшерде қар түспеуі, көктемде жаңбыр болмауы салдарынан өңірдің ойы да, қыры да тулақтай сіресіп, құласаң бетке тиер қылтанағы жоқ дейтіндей қу тақыр қалыпта. Бұл мал атаулыға қиын тиді – көктем шығысымен жерден тіске басар таппай әбден ашыққан түліктерге қырылу қаупі төнді.
Қой-ешкілер іш тастап, қозы-лақтар өлі туылып жатыр. Құмда өсетін қоянсүйектің басындағы ұсақ жапырағын қағып жеп қаужаңдаған қой соны қуалап тоз-тоз, таптырса, қане... Жерден ерніне ілігер тырбиған жантақ, түйеқарын сынды өз тәбеті тартатын өсімдіктерді таба алмаған нардай түйелердің алды мамыр бастала бері шөгіп қалған. Ал анау-мынауды жей бермей, судың да тұнығын таңдап ішетін жылқы алдымен сүрініп, қабырғасын санап алардай көтерем күйге түсіп, көп ұзамай обалы кімге деріңді білмейтін өлексеге айналып жатыр.
Жазда малдың қолға қарауы жақсы емес, амалы жоқ жұрт бала-шағасының аузындағыны жырып, жем-шөп сатып алып, қорадағы жануарының аузына тосып әлек. Жердің жұтаңдығы, малдың ашығуы өңірде жемшөп бағасының аспандап шыға келуіне әкеліп соқтырды.
Мысалы, Форт-Шевченко қаласында өткен жылы 10 мың теңге болған бір орам шөп бағасы қазір 16 мың теңгеге дейін көтерілсе, бір тең шөп 900 теңгеден 1400 теңгеге дейін қымбаттаған, ал 18 килолық бір қабы 1200-1300 теңге болған кебектің бағасы 1800 теңгеге, 30 килолық қаптағы арпа бағасы былтырғы 3 мың теңгеден биыл 4 мың теңгеге дейін жеткен. Бұл бүгінгі баға, жағдай осылай жалғаса беретін болса жем-шөп қана емес, азық-түлік бағасы да аспандай берері анық. Маңғыстауда тек малымен күнелтіп отырған отбасы аз емес, малы арықтықтан сатуға келмесе, оған жем-шөпті, бала-шағасына азық-түлікті қай ақшасына алмақ?
Бұған қалай жол берілді? Маңғыстаудың топырағы сортаң, табиғи жер үсті су көздері жоқ, құрғақ климатты жағдаймен ерекшеленетінін, сондықтан аймақта былтыр жауын-шашынның аз мөлшерде түсуі себепті құрғақшылық болу қаупі төнетінін ертерек бағамдап қам жасайтын басшы, ауыл шаруашылығы маманы болмағаны ма? Тіпті ертерек қам жасамақ түгіл, жағдай ушығып, халық көмек сұрап жалынған сәтте де шалт қимылдап, шұғыл шара қолдануға кіріскен әкімдікті көрмедік. Өңірде қалыптасқан жағдайға қатысты мамыр айы туар-тумастан әлеуметтік желілерде малдың, шаруаның жайын білетін, жағдайдың беталысын алдын ала аңғарған тұрғындар өткір мәселе көтеріп, жергілікті басшылық назарына ұсынды, көмек сұрады. Бірақ жекенің малына әкімдіктің көмектесуі дұрыс емес деген реуіштегі әңгіме де кесе көлденең киліге кетті. Әкімдік дау-дамай әбден ұлғайып, халық дауысы қатты шығып, уәжді сөздері басым түсе бастаған соң ғана «қой, болмас» дегендей қозғала бастады...
Өңірдегі ауылшаруашылық басқармасы берген деректерге көз жүгіртсек, ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша облыста ірі қара саны 29 585 бас болып, өткен жылғыдан 3%-ға өскен. Ал қой мен ешкі саны 613 522 бас болып 0,8%-ға азайыпты. Сондай-ақ жылқы – 123 671 бас болып 5,1%-ға , түйе – 85 713 бас болып 3,4 %-ға көбейіпті. Жалпы, мал басы 3,2%-ға өсім көрсетіпті. Осынша мал кімнің меншігінде? Әрине, жекенің. Бірақ мал басына күн туғанда құзырлы орындар неге жайбарақаттық танытуы тиіс? Жекенің малы тек статистика үшін керек пе?
– Нарыққа көшкелі бері ұжымдық меншіктегі мал шаруашылықтары қалған жоқ. Бірақ халықты етпен, сүтпен қамтамасыз етіп отырған осы жеке қожалықтар мен шаруа қожалықтары ғой. Мал қырылса ел ашығады, ел ашықса, тыныштық пен тұрақтылыққа қатер төнеді. Олай болса, жекеменшіктің малын аман алып қалу үшін жемшөп мәселесін шешу – мемлекеттік маңызы бар іс.
Еліміздің бүкіл ауыл шаруашылығы жекеменшік сектордан тұрады. Олардағы жағдайды бақылауда ұстау, мал басын өсіру, мал ауруларының алдын алу, азық-түлік қауіпсіздігі деген шаруаларды үйлестіру, өзекті мәселесін шешу үшін бюджеттен, салық төлеушілердің қаржысынан қаржы бөліп, Ауыл шаруашылығы министрлігін, облыстық басқармалар мен аудандық бөлімдерді, инспекцияларды, стансаларды, ғылыми-зерттеу институттарын ұстап отырмыз. Жекенің шаруасын мемлекеттік деңгейде қарап отырғанымыздың дәлелі осы емес пе?! Осы мемлекеттік құрылымдар бар, облыс, аудан әкімдері бар – ең болмағанда ертедегі колхоз басшыларының қолынан келген қарапайым жұмыс тәсілдерін атқара алмай ма? – деп жазды күні кеше мемлекеттік қызметтен зейнетке шыққан ардагер Айкүміс Досанова әлеуметтік желіде.
Тұрғындардың бірі тал егу қажет десе, екіншісі бұлтты атып жаңбыр жаудыру технологиясын ұсынды. Бұл жұмыстардың қаншалықты нәтиже беретіні белгісіз, берсе де ол – болашақтың жұмысы, ал Маңғыстаудың малына көмек қазір қажет. Маңғыстаулықтар енді «Төтенше жағдай жариялау керек» деп шықты. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей, мұның бәрі – даукестің лаңы емес, нақты қиын жағдайдан туындаған жанайқай болатын.
Мал өлімі көбейіп, халық даусы қатты шығып, мәселенің ушығып бара жатқанын енді аңғарған құзырлы орындар Үкіметке уәжбен шығып, нәтижесінде Маңғыстауға арнайы комиссия ат басын тіреді. Облыс әкімдігі баспасөз қызметі хабарлаған мәліметке сүйенсек, аудандарды аралап, өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің кезекті отырысына қатысқан Мәжіліс депутаттары Аманғали Бердалин, Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев және Ауыл шаруашылығы министрлігі құрған арнайы Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы секторындағы проблемалық мәселелер бойынша шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің мәселелерін талқылаған. Басқосуда Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Қалдығұл саладағы кезек күттірмейтін мәселелер бойынша баяндама жасады. Айтуынша, биыл өңірге жауын-шашынның аз мөлшерде түсуінің салдарынан мал азығын дайындау қиынға соғып отыр. Бүгінде облыста шаруаларға қажетті жемшөп қорын басқа облыстардан тасымалдау мақсатында келіссөздер жүргізілуде. Осыған орай, қазынадан 117 млн теңге қаржы бөлу туралы өтінім берілген. Өйткені өзге аймақтан әкелінетін жемшөпті тасымалдауға кететін шығындар көлемін жергілікті бюджет есебінен субсидиялау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұған қоса, жайылымдық алқаптарды суландыру үшін аридтік аймақтарда құдық қазу жұмыстарына кеткен шығынын 50%-ға дейін субсидиялау мөлшерін 80%-ға дейін өсіру, бір құдықтан суландыру көлемін 2 мыңнан 500 гектарға дейін төмендету, қазылған құдықтардың сорғыларына пайдаланылатын энергия көзі – күн сәулесін тарту панелінің құнын және басқа облыстардан темір жол арқылы әкелінетін жемшөп тасымалының шығындарын субсидиялау, малға қажетті жемді тұрақты бағамен алып отыру сияқты ұсыныстар енгізілген.
Отырыс қорытындысы бойынша барлық ұсыныс жинақталып, толтырылған хаттама Маңғыстау өңіріндегі құрғақшылық мәселесін шешу мақсатында тез арада шұғыл шешім қабылдау үшін Үкіметке жолданады екен. Қазіргі таңда өңірде қанша мал шығыны болғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бірақ тиісті мемлекеттік орындар шешім шығып, көмек ұйымдастырғанша әлі қанша мал опат болары белгісіз. Қолдарын уақытынан кеш сермеген облыс басшылары жұртқа не айтады?
Тағы бір «қызықты» қараңыз: облыс бойынша төрт түлік малды қыста азықпен толықтай қамтамасыз ету үшін 76 500 тонна шөп және 37 500 тонна жем қажет екен. Зоотехникалық норма бойынша азық-түліктің 100 күндік, яғни үш айлық қоры жасақталуы керек болса, Маңғыстау облысында мал жыл бойы жайылымда болуы себепті бір айға есептеледі екен. Жерде шөп жоқтықтан, мал қырылып, иелері жылап жүрсе, қайдағы «жыл бойғы жайылым»?!
Түйіндей айтқанда, алдындағы малы сиреп, қалтасы да, жүйкесі де жұқарған маңғыстаулық шаруаларға қолжетімді бағамен жемшөп жеткізіп беру ісін жедел ұйымдастыру керек. Тұрғындар «Маңғыстауда төтенше жағдай жарияланып, шұғыл көмек ұйымдастырылуы тиіс» деп талап етіп отыр. Ал олардың талап-тілегін арқалап кеткен комиссия не шешері белгісіз...