Пандемия ызғары былтырғыдай емес. Десе де қауіп бұлты біржола сейілді деуге ерте. Биылға болжам жасап, келер жылы болуы мүмкін кейбір факторларға көз жүгірткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ендігі ахуалдың қалай болары вакциналауға байланысты деген байлам жасады.
Кейбір елдерде жағдайдың біртіндеп оңалып келе жатқаны белгілі. Ұйымның болжауынша, Оңтүстік Корея мен АҚШ жан басына шаққандағы табыстың пандемияға дейінгі деңгейіне 18 айдан кейін жетпек. Яғни бір жарым жылдан соң. Кәрі құрлықтың көп еліне толық қалпына келу үшін 3 жылдай уақыт қажет көрінеді. Бұл жағдай Мексика мен Оңтүстік Африкада 3 жылдан 5 жылға дейін созылуы мүмкін.
«Биыл әлемдік экономикалық өсім 5,8 пайызды құрайды деп күтіледі. 2022 жылы әлемдік ІЖӨ өсімі 4,4 пайызға жетеді. Бірақ 2022 жылдың соңына қарай дүниежүзілік кіріс дағдарысқа дейінгі күтілімнен шамамен 3 трлн долларға аз болады. Халқын COVID-19-ға қарсы жедел вакциналаған және инфекциямен күресте тиімді стратегия құра алған елдерде экономика жылдам қалпына келеді. Мысалы, АҚШ-та жұмысқа ұсыныс саны өсіп жатыр, әсіресе туризм саласында. Экономикасы жақсы дамыған көптеген елде иммундалу деңгейі де өсім көрсетуде. Бірақ кедей және нарықтық экономикаға сүйенген мемлекеттер артта қалып жатыр» делінеді ұйым хабарламасында.
«Біз әлемдік өндіріс биыл 6 пайызға ұлғаяды деп болжаймыз. Көптеген елде ІЖӨ 2022 жылдың аяғында ғана пандемияға дейінгі деңгейге орала алады, бірақ бұл жеткіліксіз. Жаһандық экономиканың өсім траекториясы әлі төмен күйінде қалып отыр. Дамушы елдерде вакцина көлемі әлі де жеткіліксіз. Вакцинаның болмауы бұл елдердің экономикасы үшін үлкен қауіп тудырады. Инфляцияның, шикізат бағасының өсуі және сауда-саттық саласындағы қиындықтар баға қысымына әкеліп соқтыруда. Тек он алты айдан соң ғана бірқатар ел індеттің таралуымен қарқынды күресе бастайды. Қазірдің өзінде мемлекеттер вакцинаның 2 млрд дозасын қолданысқа енгізді, скрининг бойынша да әлеует артып келеді. Мемлекеттік органдардың бұрын-соңды болмаған қолдау шаралары экономиканың құрылымын, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын сақтауға көмектесті. Дағдарыс тарихына қарасақ, үкіметтің араласуы қазіргідей соншалықты тез және тиімді болған емес. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңдеуші сектордың аясы кеңейіп жатыр», дейді ұйымның бас экономисі Лоуренс Бун.