• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Оқиға 03 Маусым, 2021

Электронды саудадағы әріптестікті дамытуды ұсынды

378 рет
көрсетілді

Былтыр Қазақстанда электронды сауда нарығының үлесі 2 есеге өсіп, бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,7%-на жетті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан мен Арменияның үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысында айтты.

Әлемдегі қалыптасқан ахуалды ескерсек, экономикалық өзара іс-қимыл процестері цифрлы платформалардың, ақпараттық ағындар мен дерекқорлардың біріктірілуін талап ететіні белгілі. Осы орайда ведомство басшысы армениялық әріптестеріне элек­трон­ды сауда бағытында бір­лес­кен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

«Цифрландыру кез келген мемлекеттің экономикалық та­бы­сының ажырамас бөлігіне айналғанын ескеріп, бұл орайда бірлескен жобаларды іске асыруды ұсынамыз. Біз «әлеуметтік әмиян» жобасын енгізуге байланысты сәйкестікті бағалау, тұ­тынушылардың құқықтарын қорғау саласында субъектілерді электронды аккредиттеуге қатыс­ты жақсы жетістіктерге қол жет­кіз­дік», деді Б.Сұлтанов.

Министр Қап тауының өкіл­де­ріне eGov үкіметтік платформасы арқылы ауқымды жоба іске асырылып жатқанын, сондай-ақ аталған салада министрліктің оң тәжірибесі бар екенін жеткізді. Бұған қоса қазақстандық тарап армениялықтармен сауда сала­сы­ның басқа да бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екен­дерін айтты.

«Бізде терең дифферен­ция­ланған сауда құрылымы қалып­тас­қан. Тауарлар номенклатурасын кеңейтуге қатысты бар күш-жігерімізді салып келеміз. Қазақ­стандық компаниялар 230,9 млн долларға түрлі өңделген 50 тауарды жеткізу бойынша экспорт номенклатурасын кеңейтуге дайын. Ол мұнай-химия (138,8 млн доллар), металлургия (23,1 млн доллар), тамақ өнеркәсібі (36,4 млн доллар) және тағы да басқа салаларды қамтиды», деді Сауда министрі.

Б.Сұлтанов айтқандай, Kazakh Export армениялық ком­панияларға сауда саласында ұзақ­мерзімді қар­жы­ландыру мен сауда жет­кізілім­дерін сақ­тандыруға қатыс­ты қол­дау көр­сету мүмкіндіктеріне ие.

«Бұл компанияның қызмет­терін ТМД елдеріндегі әріп­тестеріміз кеңінен пайдаланып жүр. Қосылған құны жоғары тауар­­лар саудасының жақсы мы­­салы ретінде «Қайнар АКБ» компаниясының электр аккумуляторлары саудасын айтуға болады. Айталық, компания коронавирус пандемиясына дейін 2016-2019 жылдар аралығында аккуму­ляторлардың сауда жет­кі­зілімін 6,4 мыңнан 14 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік алды. Сол секілді Alageum Electric компа­ниялар тобының электр трансфор­матор­ларының экспорт көлемі де тұрақты деңгейді сақтап тұр», деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек тараптар көлік-логистика саласында ынтымақ­тас­тық орнатып, екі жақты алыс-бе­рісті нығайтатын жобаларды қа­рас­тыруға ниетті екендерін жет­кізді.