Пандемияның салдарынан кәсіптері тұралап қалған бизнес субъектілерінің қызметін жандандыру үшін елімізде Ashyq жобасы енгізілгені мәлім. Осы арқылы Үкімет коронадағдарыстан зардап шеккен қызмет көрсету секторын сауықтыруға көшіп, эпидемиялық ахуалды тұрақтандыруды қолға алды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өткен аптадағы есеп беру брифингінде аталған қосымшаға қатысты сұрақтарға да жауап берді.
Келушілерді кім тексеріп жатыр?
Бұл мобильді қосымшаның азаматтардың мәртебесін қызыл, сары, көк, жасылға бөлуге тиісті технологиялық қызметіне көңіл көнши бермейтін кездер аз болмайды. Бүгінде Ashyq бағдарламасы министрліктің қарамағына өтіп, оны «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ сүйемелдейді. Демек аталған бағдарлама толықтай мемлекеттің қолына өтті. Министрдің айтуынша, қосымшаның қауіпсіздік және басқа да технологиялық мәселесіне «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жауап береді. Ведомство басшысы қазір Ashyq-тың қызметтері eGov mobile қосымшасына енгізілгенін жеткізді.
«Яғни eGov mobile қосымшасы бар азаматтар Ashyq бағдарламасын жүктемей-ақ, оның көмегімен Ashyq-ты пайдалана алады. Екіншіден, көпшіліктің сұранысына сәйкес біз мультиплатформалық бағытта жұмыс істейтінімізді айтқан едік. Сондықтан Kaspi.kz қосымшасында да Ashyq қолжетімді. Осы бағытта Halyk Bank-пен де жұмыс істеп жатырмыз. Олардың қосымшасында да Ashyq жобасын пайдаланудың мүмкіндіктері қарастырылады. Басқа қаржы институттары мен кәсіпкерлер осыған байланысты өз ұсыныстарын айтып жатыр. Тұтастай айтқанда, қазір 10 мыңға жуық бизнес субъектісі Ashyq арқылы өз қызметтерін жалғастырып, экономикаға өз пайдасын әкеліп жатыр. Бұл күніне 100 мыңнан астам адам QR кодты сканерлеу арқылы түрлі қызметті пайдаланып жатқанын аңғартады. Мұның өзі үлкен жетістік деп ойлаймыз. Өйткені көптеген кәсіпкерлік субъектісі жұмыстарын жүргізе алмай жатқаны бізге мәлім. Қазір осы пандемияға қарамастан аталған бағдарлама арқылы іскер азаматтар өз кәсібін жалғастыруға мүмкіндік алып отыр», деді Б.Мусин.
2 млн адам электронды қосымшаны пайдаланды
Министр eGov mobile-да бүгінде 15 цифрлы құжатты алуға болатынын, сондай-ақ нотариустың қызметіне осы қосымша арқылы жеке куәлікті көрсетіп, жүгінуге болатынын айтты.
«Мысалы, Kaspi.kz қосымшасы арқылы eGov mobile-ды пайдаланып, мемлекеттік қызмет түрлерін алуға жағдай жасалғанын айта кеткім келеді. Қазір бұл қызметті 2 млн-нан аса адам пайдаланғанын көріп отырмыз. Сондықтан осы цифрлы құжатты алу тетігін дамыту үшін қазір басқа да мемлекеттік органдармен жұмыс істеп, алдағы уақытта олардың да қызметін eGov mobile-ға интеграциялау жоспарлануда. Айталық, Нұр-Сұлтан – Алматы бағытындағы әуе рейсімен қатынап жүрген азаматтар мемлекеттік платформаны пайдаланып, оның тиімділігін байқап келеді. Осы бағытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісіп, басқа әуе рейстеріне енгізу қарастырылып жатыр», деді Цифрлық даму министрі.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин айтқандай, биыл 5 айда 28 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның шамамен 20%-ы eGov mobile арқылы ұсынылды. Оның мәліметіне сәйкес 1 млн-нан астам азамат осы мобильді қосымшаның белсенді пайдаланушысы саналады.
«Соңғы кейстердің бірі ретінде індетке қарсы екпе алған 250 мыңнан астам азаматтың вакциналау паспортын айтуға болады. Бұдан басқа, қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтарында пойыз арқылы қатынау барысында цифрлы құжаттар қабылданып жатыр. Жоғарыда айтылғандай, әуе тасымалы бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Осы арқылы маусымда 5 әуежай мен басқа авиакомпанияларды қамту көзделіп отыр. Ashyq қосымшасына тоқталсақ, оның қарамағымызға өтуіне байланысты қызметтердің бір бөлігі заманауи мәнерге ауыстырылып, серверлік жабдықтау тетігі енгізілді. Бұл бағыттағы жұмысты Денсаулық сақтау министрлігі де жүргізіп, азаматтардың ПТР нәтижелері ведомствоның рұқсатымен қосымшаға жолданып жатыр», деді Р.Коняшкин.
Кезек мәселесін шешуге уәде етті
Тағы бір өзекті мәселе, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекке алдын ала жазылуға байланысты. Өйткені онсыз да ұзын-сонар кезек толастамайтын қызмет көрсету орындарына кірудің өзі мұң. Ал Ashyq арқылы кіру бұл кезекті одан сайын ұзартып жібере ме деген қауіп жоқ емес. Әйтсе де салалық министрлік бұл тәртіп өзгеріссіз қалатынын, керісінше оның оң тұсы көп екенін жеткізді.
«Бұл сервис 5-7 жыл бұрын енгізіліп, оң нәтиже берді және тоқтатылмайды. Қызмет көрсету орталығына келіп, анықтама алуға, бір минутқа кеңес сұрауға келетін адамдар бар. Әр өтінішке 15-30 минут уақыт белгіленеді. Егер осы 15-30 минутты барлық халыққа қызмет көрсету орталығына бөлсек, Қазақстанның барлық азаматының санына байланысты терезе мен кезек бере алмаймыз. Сондықтан Ashyq-ты қолдану арқылы осы мәселені шешудің амалы қарастырылуда», деді Б.Мусин.
Министр электронды үкіметті пайдаланатын резиденттер анықтамаларды дағдыланған форматта ала беретінін айтты.
Туристік нысандарда байланыс қашан орнатылады?
Таяуда еліміздің ұлттық паркі мен туристік орындарында болған қайғылы жағдай байланысы нашар жерлерде дабыл хабарламасын жіберуге мүмкіндік беретін арнайы құрылғыларды орнатудың уақыты келгенін көрсетті. Ведомство басшысының айтуынша, мұндай құрылғыларды орнатудың еш қиындығы жоқ. Мәселенің барлығы қаражат бөлуге тіреліп тұр.
«Ұлттық парктерде және туристік жолдарда ұялы байланыс сигналын тарату үшін базалық стансалар қажет. Бұл үшін антенналы-мачталық қондырғылар орнатылуы тиіс. Оны орнату аса қиын емес. Тек сонау шалғай жерге энергетиканы тарту оңай шаруа емес. Сондықтан бұл мәселеге байланысты тиісті есептеулер жасалып, Үкіметке бұған қанша қаражат қажет екенін жеткіземіз. Осыдан кейін салаға жауапты ведомство осыған қажетті ақшаны тартудың көзін қарастырады. Түсінесіз бе, байланыс операторларына далалы аймақтарға, таулы жерлерге сым тарту адам ойлағандай оңай емес. Біз әлі 1200 ауылды 4G және тағы басқа байланыс желілерімен қамтып үлгере алмай жатырмыз. Сондықтан туристік орындарда байланыс нүктелері болуы үшін уәкілетті орган нақты қаражат бөлуі керек. Қазір Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені шешу үшін қаражат тарту жағы пысықталып жатыр», деді министр.
Цифрлық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес бір айдың ішінде салалық ведомстводан өтінімдер қабылданып, тиісті нүктелер таңдалады.