Қазіргі таңда елімізде сотталған екі мыңға жуық педофил темір тордың арғы жағында отыр. Олардың 32-сі биыл өз жазаларының мерзімін толық өтеп, бостандыққа шығуы тиіс. Осыған орай құқық қорғаушылар мен психологтер орынды алаңдаушылық білдіру үстінде. Себебі педофилдердің бұл тобы – осы айуандық қылмысқа қарсы заңнама қатаңдатылғанға дейін сотталып, әлдеқайда жеңіл жазаға тартылғандар екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес педофилияға қатысты заңнама 2019 жылы айтарлықтай қатайтылғаны мәлім. Қазір Қылмыстық кодекс бойынша педофильдерге жасаған қылмысының ауырлығына қарай 20 жылға немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң жазалар кесіледі. Ал жас балаға қатысты ата-анасы, өгей әкесі, өгей шешесі, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген өзге адам күш қолданбай жасаған азғындық іс-әрекет үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Соған қарамастан, қатаң заң күшіне енген өткен жылы елімізде балалардың жыныстық қолсұғылмаушылығына байланысты 300-ден астам қылмыс тіркелген. Ішкі істер министрлігі жүргізген талдау педофилдердің 80 пайызы – жәбірленушілердің отбасы мүшелері немесе жақындары екендігін көрсеткен.
Осы ретте ойланарлық жайт та бар. Ол – өгей баланың өз анасын қызғанып, өгей әкесіне жала жабуы. Мәселен, жуырда елордада тұратын, жасы алпысты алқымдаған әйел бізге жалғыз ұлы Арманның (есімі өзгертілді – К.М.) осындай жаладан жазықсыз түрмеге қамалғандығын айтып, мұңын шақты. Оқиға былай болған екен:
Арман осыдан он шақты жыл бұрын сүйіп қосылған әйелімен аралары суып, ажырасып кетеді. Сөйтіп жүргенде өзі сияқты жұбайымен айырылысқан, бір кішкентай қызы бар жас келіншекпен көңіл қосып, екінші рет үйленеді. Мұны естіген әлгі келіншектің қайын әке-шешесі келіп, сүйікті немерелерін өздері тәрбиелегісі келетіндігін айтып, қолқа салып, бес жасар қызды алып кетеді.
Арман екінші әйелімен бірге сегіз жылдай бизнеспен айналысып, тату-тәтті тұрмыс кешеді. Одан екі перзент сүйеді. Келіншегіне сенгені соншалық, өмір бойы жиған дүние-мүлкінің барлығын оның атына жаздырады. Маңдайының сорына қарай, былтыр ата-әжесімен бірге ауылда тұрып жатқан 13 жасар өгей қызы күтпеген жерден астанаға келіп, енді анасымен бірге тұрғысы келетіндігін айтады. Әйелінің қабағына қарап үйренген Арман бірден келісімін береді. Бірақ елордаға келген күнінен бастап ол қыз өгей әкесін жақтырмайтындығын сездіре бастайды. Мектепте бірге оқитын құрбыларына шешесін өгей әкесінен өлердей қызғанатындығын, оны жек көретіндігін, сондықтан оларды қалайда айырылыстыруға тырысатындығын айтып жүреді.
Ақыры, арам пиғылын іске асырудың бірден-бір жолы осы деп ұйғарса керек, бір күні шешесіне: «Өгей әкем түнде саған білдірмей, менің жатқан бөлмеме кіріп, ұйықтап жатқан менің денемді сипалап кетуді шығарды. Ол кісіден қорқамын. Маған араша түскің келсе, онымен айырылыс», дейді өтірік жыламсырап. Шешесі күйеуімен ұрсысып, оның ақталып айтқан сөзіне сенбей, ашу үстінде полицияға хабар береді. Жеделдетіп жеткен полицейлер әй-шайға қарамай, Арманды тұтқынға алып, тергеу оқшаулағышына апарып тоғытады. Ақыры оған өгей қызы мен әйелінің көрсетіндісіне сүйенген бірінші инстанциядағы сот 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады.
Кейін Арманның әйелі қызының қызғанышпен күйеуіне жала жапқандығын біліп, бармағын тістеп өкініп, қылмыстық істі жүргізген тергеушіге келіп шынын айтқанда ол: «Жұбайыңызға жала жапқандығыңыз үшін түрмеге қызыңызбен бірге отырғыңыз келмесе, істі қайта қарау туралы енді ешкімге тіс жармаңыз», десе керек – аяқ астынан үйі мен өзге де мүлкін дереу сатып, үш баласымен бірге төркініне көшіп кетіпті. Ал Арманның анасы қазір ұлын арашалап алу үшін шақшадай басын шарадай қылып, шарқ ұрып жүр.
Бұдан түйер ой: педофилия бойынша күдікті өгей әкеге қатысты қылмыстық істі қарағанда тергеуші мен судья өгей баланың анасына деген қызғанышы факторын мұқият ескергендері жөн.