• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 10 Маусым, 2021

«Жасыл энергияға» көшудің құны қанша?

1864 рет
көрсетілді

Қазір қай қисынға салсақ та жасыл түстің асығы алшысынан түсіп тұр. Көлік жүргізушілердің жасылды жақсы көретінін былай қойғанда, қалалар «жасыл аймаққа» шыққысы келеді, біз өзіміз буда-буда көк түтіннен арылып, «жасыл энергетикаға» жетуді аңсаймыз. Сөздің төркінін соңғы жасылға тірегелі отырмыз. Бірақ соны иелене салу да оңай болмайын деп тұр. Құны қымбат.

Нұр-Сұлтанда өткен I халық­аралық ECOJER конгресінде сөз сөйлеген ECOJER қауымдастығы кеңе­сінің төрағасы Ләззат Рамаза­нованың ай­­туынша, жаһандық ауа температу­расының одан әрі жоғарылай түсуі табиғаттағы орны толмас процестердің басы болуы ықтимал.

– Сондықтан Үкімет экономиканы декарбонизациялау және саланы «жасылдандыру» бойынша жүйелі шараларды бастап жатыр. Процесс сая­си еріксіз және мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы тұрақты диалогсіз өз мақсатына жете алмайды. Біз бәріміз соған ұмтылуымыз керек, – деген-ді Л.Рамазанова.

Қазіргі таңда Үкіметте 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын дайын­дау бойынша жұмыс тобы құрылған. Сарапшылардың бағалауынша, парниктік газдарды 2050 жылға дейін кем дегенде 70 пайызға дейін азайту үшін 350 млрд доллар инвес­тиция қажет. Жаңғырмалы энергетика саласы 163 млрд долларды керек етіп тұр.

 

Айыппұл табиғатты

тазартпайды

Қазақстанның экологиялық тұрғыда артта қалып отырғаны белгілі. Арагідік әр аймақта ауаға лас заттардың бөлінуіне байланысты дау-шар туын­дап тұрады. Мемлекет халық шуласа, бірер айда, егер қатты шуласа бір ап­та көлемінде естиді. Сосын бұл мә­­селені қатаң бақылайтындарын ай­та­­ды. Сонымен сөз тәмам. Дау сая­быр­сиды. Бірақ ауаға тарайтын у тоқ­тамайды. Былтыр атыраулық бел­сен­ділер қаладағы мұнай өңдеу зауытынан шыққан ащы түтін тұрғындарды у­лап, тіпті ұйқысынан тұрмай қалатын қайғылы жағдайдың көбірек орын ала бастағанын айтып дабыл қаққан еді. Біздің ел қазір көмірқышқыл газы қалдығының ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) шаққандағы ең жоғары көрсеткішіне ие бес елдің қатарына кіреді. Мұны Эко­логия вице-министрі Ахметжан Пірім­құлов та растайды.

 

– Бұл біздегі көмір өндірісінің және 1960-1970 жылдары тұрғызылған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың көп­тігімен байланысты. Соңғы екі жылдағы жұ­мыстың нәтижесі – Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы қабылданып, оған Мемлекет басшысы қол қойды. Онда Қазақстан өнеркәсібін экология­ландыру бойынша негізгі бағыттар анықталған. Жаңа кодекстің негізгі тұ­жырымдамалық жетістігі – кәсіп­орын­дардың 2025 жылдан бастап ең жақсы қолжетімді технологияларға көшуі және бірінші категориялы кәсіпорындарда автоматтандырылған мониторинг жүйе­сінің датчигін орнату. Қолжетімді тех­нологияға көшу уақыты – он жыл. Егер кәсіпорын оған көшпесе, онда 2025 жыл­дан бастап қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем мөлшері көбейіп, әр үш жыл сайын артып отырады. Еуроодақ ел­дері осы технологияның нәтижесінде негізгі ингредиенттер үшін ластаушы зат­тар шығарындыларын 90 пайызға төмендетті. Автоматтандырылған мониторинг жүйесінің датчигін кәсіпорындар 2023 жылға таман орнатуы тиіс. Онсыз кәсіпорындар жұмысына тыйым салынады, – деді А.Пірімқұлов.

Бірақ қазір кәсіпорындар үшін айып­пұл дегенің бұйым емес. Айып ақшаны төлеп тастап, лас түтінді бұрқыратып отыра бергенді қолай көреді. Айыппұл тө­ле­геннен қоршаған ортаның тазарып кетпесі белгілі. Мұндайда екі жол ай­қындалады: не айыппұл қалтаға тым қымбат түсуі тиіс, не лас түтінді филь­тр­леу бойынша кәсіпорын міндет алуы керек. Дәл бұлай асығатындай да жөніміз бар. Париж келісімі бойынша Қазақстан 2030 жылы парниктік газ шығарылымын 15 пайызға төмендетуге міндетті.

– Биылдан бастап еліміз жыл сайын парниктік газдар шығарындыларының Ұлттық жоспарын 2 пайыз тапшылықпен бекітетін болады. Сонымен бірге Мем­лекет басшысы климаттық саммитте 2060 жылға қарай Қазақстанның кө­міртегі бейтараптығын жариялады. Осыған байланысты соңғы екі жыл­да Қазақстан төмен көміртекті даму тұжырымдамасын дайындады. Онда парниктік газ шығарындыларын азайту, декарбонизациялау бойынша жұмысты бастау мақсатында Эко­ло­гия министрлігінің де, Энергетика, Индус­трия және Ауыл шаруашылығы ми­нистрліктерінің де, ірі бизнестің де негізгі тетіктері, атқаруы тиіс негізгі ме­ханизмдері белгіленеді. Тек осындай кешенді шаралар ғана экологиялық ахуал­дың жақсаруына бастайды, – деді вице-министр.

Табиғатты ластанудан құтқаратын тағы бірегей бастама ретінде министрлік көтеріп жүрген жобаның бірі – Waste to Energy технологиясы. Бұл – жиылған қатты тұрмыстық қалдықтарды жа­ғып жіберіп, одан электр энергиясын өндіріп алатын технология. Дәл осы тех­нологияға қарсылар да көп. Ми­нистр­­­ліктің есептеуінше, ел аумағын­да қо­қыс жағатын 6 заманауи зауыт салу үшін 180-185 млрд теңге керек екен.

– Екі жарым жыл ішінде Қазақстанда қалдықтарды жағу зауыттарын салу мүмкіндігін талқылау бойынша Еуро­падағы осындай кәсіпорындардың әзір­леушілерімен және инвесторлармен кез­десіп, келіссөздер жүргіздік. Біз тіп­ті олардың құрылыс сметасымен де та­ныстық. Салыстырар болсақ, 185 млрд теңге көп ақша емес. Мысалы, бір ғана еу­ропалық аналог инвестициясы 600 млн долларға жетуі мүмкін, – дейді қал­дықтарды басқаруда мемлекеттік саясат департаментінің директоры Мансұр Ошырбаев.

Оның айтуынша, аукциондық сау­даға қатысу арқылы ғана инвестор атануға болады. Аукцион тәртібіне сай ел резиденттері де саудаға қатысуы ке­рек. Министрлік қалдықтарды энер­гетикалық утилизацияға жіберу бойынша жобаға аукциондық сауда жариялап та қойды. Waste to Energy кешендері Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Қа­рағанды және Шымкент қалаларында салынады деп жоспарланған.

 

Жаңғырмалы энергияның жағдайы қалай?

Бізде соңғы жылдары жаңғырмалы энергия көзі (ЖЭК) туралы жиі айтыла бастады. Бірақ көмірге деген тәуел­ділік­тен арыла алмай отырғанымыз ақиқат. Жақын арада арыла қоюымыз да екі­талай. 2020 жылы елде 107,2 млн тонна көмір өндірілген. Оның 58,8 млн тоннасы энергия өндіруші кәсіпорындарға жіберілсе, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,6 млн, коммуналдық-тұрмыстық қа­жет­тілікке және халыққа 10,6 млн тонна жіберілген. 29,3 млн тоннасы экспортталыпты. Елімізде ең көп пайдаланылатын энергия ресурстарының да көшін көмір бастайды. Мұнай, табиғи газ, гидроэнергетика содан кейінгі орындарда. Біз­де көмірдің 70 пайызы ашық әдіспен Екі­бастұз кен орнының 3, Қарағанды облысының 4 учаскесінде өндіріледі.

Көмірдің әлемдік қоры жөнінен жа­һан­дағы тоғызыншы елміз. Үздік он­дыққа кірген елдің мұндай ен бай­лықтан әзір бас тарта қоюы қиын. Соған қарамастан, Қазақстан 2050 жылға таман күннен, желден іздейтін жаңғырмалы энергия көлемін 50 пайызға жеткізу жауапкершілігін алғанын да ұмытпау керек. 2030 жылы ішкі энергияның 10 пайызы осы жаңғырмалы көздерден түсіп тұруы тиіс. Иә, бірнеше жел және күн электр стансаларын самсатып салып қойдық. Бірақ соларды кәдеге жарата алып жатырмыз ба?

«Жасыл экономикаға» көшу концепциясы біздің елде 2013 жылы қабыл­данды. Бұл бойынша жаңғырмалы энер­гия көздерінің үлесі 2020 жылы – 3, 2030 жылы – 10, 2050 жылы 50 па­йызды құрауы тиіс. Жаңғырмалы энер­гия дегеніңіз күн мен жел ғана емес, гидродинамикалық су энергиясы, гео­термалдық энергия: топырақтың жылуы, жерасты суы, өзендер, су нысандары, сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: биомасса, биогаз және электр мен (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын органикалық қалдықтардан шығатын басқа да отындар.

PwC Kazakhstan осы тақырыпқа арнайы зерттеу жасаған. Онда 2011 жылдан бері ЖЭК нысандары 23-тен 111-ге көбейгені, салаға салынған ин­вес­­­тицияның көбеюі біздегі ЖЭК үле­сінің артуына себеп болғаны айтылады. Әсіресе шетелдік компаниялар мен даму банктері ЖЭК нысандарын қар­жыландыруға пейілді екен. Дегенмен ЖЭК өсімін тежеуші факторлар да көп. Зерттеу қатысушылары заңнамалық базаны ЖЭК-тің қазіргі даму кезеңіне сай емес деп бағалайды.

«ЖЭК-тің тарифтері дәстүрлі электр энергиясы тарифтерімен салыстырғанда жоғары. Сондықтан мемлекеттің қол­дауынсыз ЖЭК бәсекеге қабілетті бола алмайды. Алайда респонденттер пікі­рінше, энергетикалық жүйенің ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз ететін дәстүрлі энергияға нақты тариф жоғары болуы керек. Нарықтық тарифтердің жұ­мыс істеуі жағдайында ЖЭК-тің бәсе­келестік ортаға ауысуы әбден мүмкін. Балама энергия көздері уақыт өткен сайын өзекті болып келеді», деп жазады PwC Kazakhstan.

Елдегі 111 ЖЭК нысанының 57-сі – гидро, 29-ы – күн, 24-і – жел, біреуі – биоэлектр стансасы. Ал IRENA (ЖЭК бойынша халықаралық агенттік) бол­жамы бойынша, Қазақстан Париж ке­лісімі аясындағы ЖЭК үлесін 50 па­йызға жеткізу міндетін орындау үшін елдегі ЖЭК қуаттылығы 10 есе артуы тиіс екен. 2011 жылы елдегі 23 ЖЭК ны­санының қуаттылығы небәрі 94 МВт болса, былтыр 111 ЖЭК нысаны 1 846 МВт қуаттылық берген. 2011 жылдан бері жаңғырмалы энергия көздерін салуға 628,5 млрд теңге жұмсалған. Ал еліміздегі ЖЭК нысандарын салуға кім­дер қаржы беріп отыр? Олар негізінен даму банктері. Атап айтсақ, Еуропалық қайта құрылымдау және даму банкі, Қазақстан даму банкі, Қытай даму банкі, Азия даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялау банкі.

ЖЭК нысандарын салу мезетінде елдің табиғи және территориялық ерек­ше­лігін де ескеру маңызды. Өйткені ЖЭК-тің таралуы аймақтың табиғи әлеуе­тіне тікелей тәуелділікті көрсетеді.

«Желдің жоғары деңгейлі әлеуе­ті негізінен барлық өңірге тән. Гидро­энергетика ең ірі өзендері бар аймақтарда – Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Түркістан облысында жақсы жүзеге асады. Сонымен қатар оңтүстікте күн потенциалы да жоғары. Қазақстанның ба­тысы желдің жоғары әлеуетімен ерек­шеленеді. Дегенмен батыстың жабық энергетикалық жүйесі бұл аймақта жаң­ғырмалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік бермейді», деп жазады авторлар.

«ЦАТЭК Green Energy» ЖШС директоры Еділ Сариевтің айтуынша, Қазақстан аумағында гидроэлектр стан­сасының болашағы бұлыңғыр.

– Менің ойымша, Қазақстан аума­ғында кез келген энергия көзі шикізат ретінде өте жақсы ұсынылған, бірақ белгілі бір қиындықтардың болуына бай­ланысты жел электр стансаларын, биогаз қондырғылары мен су электр стан­саларын іске асыру шектеулі. Бұған логис­тикалық шығын, тарифтің төмен деңгейі және жобаның ұзақ уақытқа жал­ғасуы себеп. Жел стансасын салуға 1-2 жыл кетсе, гидро стансаны салуға 2 жыл керек. Ал күн стансасын небәрі алты айда тұрғызуға болады, – дейді маман.

Бұл ретте зерттеу қатысушылары Қазақстанда ЖЭК-ке қатысты заңнаманы жетілдіру қажет деп санайды. Қазіргі заңнама инвесторлар мен халықаралық қаржы институттары үшін тиімді, алайда ЖЭК-тің елімізде әрі қарай дамуы үшін жеткіліксіз дейді.

Жаңғырмалы энергия көздері дәс­түрлі энергия көздерімен бәсекеге түсе ала ма, жоқ па, оған жауап айту қиын. Сан жағынан, қуаттылық жағынан дәс­түрлі энергия деңгейіне тақағанда барып бұл жайлы әңгіме қозғау қажет шығар. Мұнай мен көмір гегемониясы әлемде әне-міне біткелі жатқан жоқ. Кемі ғасырдан астам уақыт осы екі өнім үшін жаға жыртысармыз. Темір етігі теңгедей болған Қазақстан да әл-әзір мұ­найы мен көмірін саудалап бағуға ниетті. Мемлекет енді Түркістан облысынан бесінші мұнай өңдеу зауытын салмақ. Ол да алдыңғылары секілді эко­логиялық тазалық дегенді жиып қойып жұмыс істей ме, әлде Waste to Energy-дің «тұзағына» түсе ме, оны ал­дағы бес жылда байыптай жатармыз.