Өткен ғасырдың 50-жылдары ел тарихындағы ерекше уақыт. Бұл адамзат баласына алапат қасірет шектірген сұм соғыс аяқталып, ет жақынынан айырылған жұрт күйзелістен, уайым-қайғыдан енді-енді ес жия бастаған кезең болатын. Суретшілер қаламындағы тұрмыс шаттығын, табиғат көркемдігін, адам сұлулығын жырлаған түрлі туындылар өмірді қайта тірілткендей еді.
Уақыт үнін әділ таразылаған мұндай картиналар көрерменді дәл сол кезеңге, тап сол мекенге иіріп әкеткендей әсерге қалдыратыны бар. Солардың ішіндегі ең іргелі туындылар Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының қорында сақтаулы тұр. Күні кеше өнер ордасының заманауи шетел өнері қорынан жинақталған Ресей шеберлерінің қолтаңбасынан сыр шертетін көрме есік ашты.
Владимир Рутштейннің 1957 жылы жазған «Жеңістен соң» деп аталатын жұмысы өзінің атауымен де, эмоционалдық мазмұнымен де бүкіл көрменің өзегін ұстап тұр. Суретте – көркем де жігерлі жас жігіттер футбол матчында жеңіске жеткен зауыт командасының өкілдері екені байқалады. Олардың жүздеріне шуақ ұялатқан жеңіс қуанышы, жеңіс шаттығы. Шәкірттер жігеріне риза болған жаттықтырушының тұлғасы да есте қаларлықтай. Анна Костинаның «Мектеп бітіру кеші» деп аталатын жарық пен бақыт сезіміне толы серпінді жұмысы да құрылымы жағынан алдыңғы композицияға жақын.
Көрмеде Қазақстан тақырыбы айрықша үн қатады. Бүкіл елдің басын қосқан тың игеру тарихи оқиғаға айналғаны мәлім. 1954 жылы көктемде он мыңдаған адам дала төсін тілгілеп жаңа жерлерді бағындыруға аттанды. Бұл оқиғадан суретшілер де шет қалған жоқ. Көрмедегі лирикалық екпінге толы Валентин Богдановтың «Достардан хат», Ирина Витманның «Жаңа жерде», Ростислав Слетовтың «Тыңға» жұмыстары жас тың игерушілердің «шатырдағы» өмірін көрсетеді. Көрмедегі Павел Кориннің Мәскеу метросындағы бекеттің сәндік жабдықтарына арналған эскиздері алматылық көрерменнің назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Әсіресе Новослаботская метросы витраждарының эскиздері ерекше қызықты. Олардың негізінде ескілікті маталардың өрнектерімен өрілген өсімдіктектес гүлді нақыштардан құралған күрделі композициялар да көрме қабырғасынан орын алған.
Көрмеде әйелдер бейнесі басым. Сергей Герасимов пен Леонид Кабачектің, Степан Дудник пен Александр Пушниннің кескіндемелеріндегі ауылдың еңбеккер әйелдері әсерлі бейнеленген. Көшпелі көрмеге келген жұмысшы қыздар Константин Дорохов картинасының негізгі кейіпкерлеріне айналған. Саябақта серуен құрған құрбы қыздар Алексей Ткачевтың шабытына дем берсе, жол жиегінде немересін жетектеген әжейлер Глеб Савиновтың қылқаламына іліккен.
Көрме жетекшісі Галина Сырлыбаеваның айтуынша, 1960-жылдары Мәскеудің Көркемсурет көрмелері дирекциясы музейге бірқатар туындысын сыйға тартқан. Ал кейбір туынды авторлардың өзінен тікелей сатып алынса керек. Айталық, Виктор Орешниковтің «Суретші А.Ф.Костинаның портреті». Петр Кончаловскийдің «Балалайка ұстаған бала» және «Суқұйғыштағы жұпаргүл», Аристарх Лентуловтың «Қырыққабат бейнеленген натюрморт», Александр Осмеркиннің «Ереван натюрморты» атты жұмыстары кеңес өнеріндегі ірі суретшілердің тікелей мұрагерлерінен алынған.
АЛМАТЫ