Жуырда сауда-саттыққа жауапты министр Бақыт Сұлтанов қуанышты хабар сүйіншіледі. Бұдан былай біздің кәсіпкерлер өздерінің төл өнімдерін әйгілі Amazon платформасында тікелей сатылымға шығара алатын болыпты. Оның айтуынша, дәл осыған қол жеткізу үшін министрлік былтыр қарашадан бері келіссөз жүргізген.
«Біздің кәсіпкерлер үшін Amazon-ға кірудің басты мәселесі рұқсат етілген елдердің «бөлігі» атану қажеттілігі болды: яғни сол рұқсат етілген елдердің заңды тұлғасы болып, барлық операцияларды жүргізу үшін сол елдердің банктерінен шот ашу қажет еді. Қазір біз бұл қиындықтарды еңсердік. Қазақстандық кәсіпкерлердің төлемді тікелей қазақстандық банктер арқылы алып, өз еліміздің атынан сауда жасай алу мүмкіндігі бар – Қазақстанды енді сатушы елдердің тізімінен табуға болады», деп жазды министр Фейсбуктегі парақшасында.
Өз кезегінде Amazon International Seller Services вице-президенті Эрик Бруссард қазақстандық кәсіпорындардың Amazon-да тауар сата алатынын қуанышпен қабылдағанын жеткізді. «Біз шағын және орта сатушыларды қоса алғанда, Қазақстанның серпінді дамып келе жатқан бизнес-қоғамдастығымен жұмыс істеуге және оларға бүкіл әлем бойынша клиенттермен бірігуге көмектесуге дайынбыз», деді Э.Бруссард.
Amazon платформасы әлемдегі ең танымал сайттардың бірі саналады. Онда әлемнің 200-ден астам елінен миллиондаған белсенді клиент бар. 188 елдің сатушылары тіркелген. Электронды платформа әсіресе, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашпақ. Өйткені маркетплейстегі бөлшек сауданың 60 пайызын 1,9 млн шағын және орта кәсіпорын жасап отыр. Былтыр компанияның таза табысы 386,1 млрд долларға жеткен.
Осы ретте отандық кәсіпкерлер Amazon платформасына қандай өнімдер шығарады, шығарар кездегі жұмыс процесі қандай болады, платформа тарапынан қазақ бизнесмендеріне қандай талаптар қойылады, негізінен қай өнімдер халықаралық нарыққа ұсынылмақ деген сауалдар туындайды. Сонымен қатар Amazon-ның қазіргі әлеуеті, табысы, оның өзге электронды алаңқайлардан ерекшелігі жайлы да айта кетпекпіз.
Кімдерге қолайлы?
QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ-ның бізге жолдаған жауабына сүйенсек, келіссөздердің сәтті жүргізілуі қазақстандық кәсіпорындарға халықаралық нарыққа тікелей шығу мүмкіндігін берген.
– Бұған дейін сайтта сатушыны тіркеуге рұқсат берілген елдер тізімінде Қазақстан болған жоқ, сәйкесінше қазақстандық кәсіпорындар сайтқа тікелей тіркеліп, тауар сата алмады. Енді сәтті жүзеге асқан келіссөздің нәтижесінде Amazon.com алаңында өз тауарын сатқысы келетін отандық кәсіпорындар компанияны тіркеп, банк шотын ашып, рұқсат етілген елдердің біріндегі (оның ішінде Қазақстан да бар) заңды мекенжайды көрсетуі тиіс. Онлайн-сөрені рәсімдеу және сатушыларды тіркеуге байланысты әр маркетплейстің өзіндік ережесі болады. Сайтта жұмыс істеудің де тәртібі бар. Amazon.com-дағы сатылым құны өнімнің сипаттамасына, тапсырысты орындау тәсіліне, басқа да қосымша қызметтер мен факторларға байланысты. Amazon.com сайтында калькулятор бар, ол сізге сату құнын өнім бірлігіне шамамен бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кәсіпкер сату жоспарына және сатылатын заттарға байланысты төлейтін сату комиссияларының бірнеше түрлері бар, – дейді QazTrade e-commerce және маркетинг департаментінің директоры Өжет Шегірбаев.
Ал қазақстандық бизнес тарапынан Amazon қаншалықты сұранысқа ие болмақ? Біздің кәсіпкерлер мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті іліп әкете ала ма? Әрине, соңғы жылдары отандық саудада электронды коммерция үлесі артып келеді. PwC Kazakhstan мен Цифрлы Қазақстан қауымдастығының бірлесе жүргізген зерттеуіне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес бөлшек электронды коммерция нарығының көлемі 82 пайызға өскен. 2019 жылы нарықтағы электронды сауда-саттық көлемі 327 млрд теңге болса, былтыр 596 млрд теңгеге дейін өскен.
– Қазақстанда электронды коммерция енді ғана қарқын алып келе жатыр. Бұл – қазіргі заманғы бизнес пен экономиканың серпінді саласы, ал карантин отандық бизнестің интернет кеңістіктегі даму қарқынын жеделдетті. Халықаралық электронды коммерция да серпінді дамып келеді. Жаңа нарықтарға шығу, халықаралық маркетингті енгізу компанияларға жақсы табыс табуға серпін беріп, инвестиция мен нетворкинг тартуға мүмкіндік сыйлайды. Дегенмен кәсіпорындар үшін ыңғайлы және жайлы логистика мәселесін шешіп алмай тұрып қандай да бір болжам айту қиын. Бұл ретте өз қызметін интернационалдандыруға мүдделі болып отырған логистикалық компаниялар мен «Қазпошта» үшін өсу бағытын байқап отырмыз, – деді QazTrade өкілі.
Alibaba әлде Amazon?
Мамандардың айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа алаңның ашылуы бәрібір тың мүмкіндік пен табыс әкеледі. Олардың сөзінше, Alibaba.com халықаралық электронды сауда платформасының алға жылжуына байланысты, B2B сегментінде жасалған мәмілелер арқылы шамамен 45 млн доллар көлемінде экспорттық келісімшарттар жасалған. Қазір жаһандық рейтингте В2C және B2B секторлары бойынша бірінші орында Alibaba тұр. Джек Ма негізін қалаған бұл интернет-компания алаңына да қазақ кәсіпкерлерін шығару бойынша мемлекет жұмыс атқарды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 100 отандық компания Alibaba.com платформасында «Алтын жеткізуші» аккаунтына ие болған.
Ал UNCTAD есебі бойынша, Джефф Безос құрған компания B2С секторында екінші көрсеткішке ие. Компания сайттың барлық сатушысы жалпы кірісі бойынша 2020 жылы 38 пайызға өсім көрсеткен.
Қазақ кәсіпкерлерін халықаралық нарыққа шығарумен айналысып жатқан QazTrade компаниясы қазір шетелдік серіктестіктердің әлеуетті мүмкіндіктері, логистикалық шешімдер, іс қағаздары, салық салу және басқа да көмек түрлері туралы ақпаратты ұсыну тұрғысынан компанияларды әдістемелік және жедел қолдау бойынша белсенді жұмыс істеуде. Іргелі еңбектің нәтижесінде Alibaba.com сайтына 4 мыңнан астам отандық өнім орналастырылған. Ол жерде біздің кәсіпкерлер ұн, өсімдік майы, макарон өнімдері, кондитерлік тағамдар, ет, сусыннан бастап жиһаз, киімге дейін саудалауда.
Amazon-ның да аясы кең. Онда біздің азаматтар жоғарыда аталып өткен тауар түрлерін және электронды кітап, тұрмыстық электроника, балалар ойыншықтары, спорттық тауар, шаруашылық тауарлар, тамақ өнімдерін де сата алады. Интернет-компанияның қазіргі сәтте АҚШ-тан бөлек, Бразилия, Ұлыбритания, Канада, Германия, Жапония, Франция, Италия, Испания, Үндістан және Қытайда филиалдары бар. Сонымен қатар Amazon сатушыларға қойма кеңістігін ұсыну қызметіне мүмкіндік беретін кеңейтілген және дамыған орталықтардың желісін қалыптастырған.
Amazon 2021 жылдың алғашқы үш айының өзінде 108,5 млрд доллар табысқа кенелген. Бұл 2020 жылдың үш айымен салыстырғанда 44 пайызға көп. Операциялық ақша ағымы былтырғы 39,7 млрд-тан 67,2 млрд долларға дейін көбейген. Айтпақшы, осыдан бірер ай бұрын ғана компанияның негізін қалаушы Джефф Безос қызметінен кететінін мәлімдеген. 5 шілдеден бастап оның орнына әріптесі Энди Ясси отырмақ. Безостың өзі директорлар кеңесінің төрағасы атанып, бұдан былай жаңа өнімдер мәселесімен айналыспақ.
«Энди компания ішінде жақсы танымал. Amazon жұмыс бастағалы бері менімен бірге келе жатыр. Ол мықты көшбасшы болады, оған толық сенемін», депті Д.Безос. Ол компания басшысы қызметін компания құрылған 1994 жылдан бастап атқарып келе жатса, Энди бұл ұжымға 1997 жылы қосылған. Айтпақшы, Безос планетаның е