Елордадағы №2 көпбейінді қалалық ауруханада қажетті медициналық көмектің барлығы қамтылғанын өткенде газетімізде жарық көрген мақалада кеңінен жазған едік. Бүгінгі сөз ететініміз, уәде еткендей, сол мақаланың мақсатты жалғасы. Өйткені аталған аурухананың пациенттерге жасайтын басқа да жәрдемдері кезекті мақалаға сұранып тұр еді.
Ағзадағы бүйректің орны – жүрекпен парапар
ДДҰ-ның мәліметтеріне сүйенсек, әлем бойынша 850 млн адам бүйректің түрлі сырқаттарынан зардап шегеді екен. Біздің елімізде де олардың қатары аз емес. 2020 жылдың дерегіне қарағанда, бүйрек қызметінде гемодиализге байланған қазақстандықтар саны 8,5 мыңнан асады. Келешекте олар бүйрек алмастырған 1700-ден аса жанның қатарын көбейтетіні де анық.
Баян Қайырбекқызы Жәкеева – №2 көпбейінді қалалық аурухананың жоғары санаттағы нефролог дәрігері. Жалпы, қай жұмыста да өз ісіне бар ынтасымен берілген маманмен әңгіме жүрекке жайлылық, білуге деген құштарлықты қозғайды. Баян Қайырбекқызы сондай жан екен.
«Бүйрек жұмысын көпшілік онша бағалай бермейді, оны тек несеп шығарумен айналысады деп ойлайды. Ал шын мәнінде оның атқарар қызметі тіпті өлшеусіз. Ол ағзадағы сулы-электролитті тепе-теңдікті ұстаумен қатар, табиғи сүзгі ретінде барлық зиянды заттан, оның ішінде вирус пен бактериялардан бүкіл жүйені қорғайды. Оған қоса, көпшілік бүйректің эритропоэтин гормонын бөлуі жайынан тіпті де бейхабар. Егер эритропоэтин бөлінбесе, сүйек кемігіне түзілетін эритромицин болмас еді. Бұл түптеп келгенде, қанның түрлі қатерлі ауруларының алдын алуға әсер ететін қызмет десе болады. Бүйректің қан қысымын реттеудегі жұмысы да орасан. Сосын елдің бәріне аян қызметі – несеп шығаруы. Әр бүйректе 1 млн 200 – 1 млн 300 нефрондардың өте ұсақ торлары болады. Сол арқылы барлық үдеріс тоқтаусыз жүріп отырды. Қарап отырсаңыз, бір тәулік ішінде бүйректегі осы сүзгілер арқылы 180 литр алғашқы несеп түзілетін сұйықтық өтеді. Одан әрі нефрондар жұмысын әрі қарай жалғастырып ағзаға қажетсіз сұйықты сыртқа шығарады», деп дәрігер бүйрек жұмысын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Ол қантты диабет-сусамыр, жүректің ищемиялық ауруы және қан қысымы жиі көтерілетін пациенттердің түбінде бүйрек ауруына ұшырайтынын алға тартты. Бір жаманы, пациенттер көбіне денсаулықтарына онша мән бере бермейді. Скринингке баруға ерінеді. Ал бүйрек ауруының адамның жанына тимей жасырын дамитыны бар, көбіне 1-2 дәрежеде ауру белгілерін онша көрсете бермейді де, ауруларды ұлғайтып алып келеді. Скринингтен өтіп, креатинин мөлшерін әрбір 6 ай, 1 жылда тексертіп тұрса, сырқатты асқынтып алмауға болады. Қарапайым ғана әдіс, бірақ осы арқылы да аурудың алдын алудың мүмкіндігі бар.
Аурухананың гемодиализ бөлімшесінің меңгерушісі Еркебұлан Керімкұлов созылмалы бүйрек жетімсіздігінің соңы пациентті гемодиализге байлайтынын айтады.
«Ең өкініштісі сол, науқастар бүйректерінде қандай сырқаттың дамып жатқанын білмей, дертін әбден асқындырып, ең соңғы деңгейінде келіп жатады. Осындай терминалды жағдайда пациент алдында екі ғана жол бар: оның бірі – бүйрек алмастыру, екіншісі – осы гемодиализ. Көбіне адамдар қантты диабет, пиелонефрит тәрізді диагноздарына онша маңыз бермей, сараптама зерттеулерге жиі бармайды немесе қан қысымы көтерілді деп кардиологқа жүгінеді. Ал оларда бұл кезде бүйректе қатты өзгерістер жүріп жатады. Сөйтіп бүйрегі істемей қалуға барғанда барып біздің бөлімге түседі. Мұны жалпы көпшілік жасанды бүйрек аппараты деп біледі. Біздің арманымыз – гемодиализге жүгінетін пациенттің мейлінше аз болуы», дейді Е.Керімкұлов.
Дұрыс диагноз қоюдың маңызы
Шаризада Байниязовадан естіген мына бір жайт көкейімен кетпей қойды.
«Бөлімімізге жасы 30-дан енді асқан жас келіншек түсті. Өзі басқа облыстың тұрғыны, анасы әкеліп жатқызды. Бүкіл қылығы, жасайтын істері – ақыл-есі түзу адамның ісі емес. Соған қарай жүйке ауруларын емдейтін клиникаға да түсіп шығыпты. Біз де алғашында солай қабылдадық. Бірақ ауру тарихын анасынан сұрастыра келе, оған бір кездері жүйелі қызыл жегі диагнозы қойылғанын, бірақ оған мән бермей ұзақ жылдар бойына елдің жөн сілтеуімен шетелдік биологиялық белсенді қосымшаларды пайдалағанын білдік. Содан кейінгі жан-жақты талдау, зерттеу жүргізу барысында жүйелі қызыл жегінің өршіп тұрғаны, оның жүйке жүйесіне теріс әсері анықталды. Осы аутоиммунды аурудың арнайы емін жүргізген үш күннің ішінде қыздың ақыл-есі толық қалыпқа келді. Бізден шыққаннан соң да төрт ай сайын қажетті емін алып, дұрыстылып кетті. Қазір ревмотологтің бақылауында қажетті терапиясын, күнделікті ішетін дәрілерін қабылдап, кәдімгі созылмалы сырқаты бар жандардың қатарында қалыпты тіршілікке енді. Осындай әр жанның қатарға қосылуы – дәрігер үшін үлкен қуаныш», дейді Ш.Керімбекқызы.
Оның айтуынша, егер адамға жүйелі қызыл жегі тәрізді диагноз қойылса, оны түрлі биологиялық белсенді қосымшалармен, дәрумендермен немесе бақсы, тәуіпке жүгініп емделуге болмайтынын еш естен шығармау керек. Тек маманданған дәрігерден күнделікті препараттарын қолданып қана қалыпты өмір кешуге болады. Өйткені мұндай зілді аурулар ішкі органдардың барлығын зақымдайды, сондықтан әр адамның ұлт байлығы екенін ойлап, қоғам мүшелерінің өздері де маңыз беруі тиіс.
Аурудың саны көп, алайда соның көпшілігінде пациенттердің медициналық тұрғыда сауатының аздығы, жергілікті емханадағы дәрігерлермен байланысының жетімсіздігінің салқыны ұлт денсаулығына, келешегіне тікелей әсер етеді. Мәселен, адам тіршілікте вирусты гепатитті жұқтырып алады. Бірақ соған мән бермей жүрудің ақыры циррозға әкеліп, аяғы өлімге соқтырады. Немесе алкогольдің әсерінен циррозға ұрынады, бұған елімізде ер адамдар көбірек шалдығып, қайта-қайта бөлімшеге түседі. Мұндай жағдайға сауаттың аздығы да ықпал етеді.
Гендік инженерияның көмегі
2012 жылдан бері қолданып, емдеу барысында жақсы көмек беретін әдіске гендік инженерия арқасында қол жетті. Бұл туралы бөлімше меңгерушісі Алтынай Әділханқызы айтып берді.
«Біздің бөлімшеде пациенттерге консервативті емдеу шаралары қолданылады. Алайда кейбір пациенттердегі аурудың асқынуы әншейіндегі препараттарға көнбейді. Сондай уақытта аптығып тұрған дертті жеңуде биологиялық ем жақсы нәтиже береді. Ол препараттардың әрқайсысының пайдалану жолында өзіндік схемалары бар. Соны сақтап, дәрігердің бақылауында 5 жыл бойы емделуге болады. Біреуін екі айда бір рет алса, енді бірі екі аптада бір беріледі. Адамның салмағына, ауру ерекшелігіне байланысты әр пациентке жеке есептеліп, осындай препараттардың төрт түрін ауруларды емдеуде қолданамыз. Кейбірін тамырға, кейбірін тері астына жібереміз. Нәтижелері өте жақсы, бойдағы дерт ремиссияға кетеді. Ауруханамыз шұғыл көмек орталығы болғандықтан, елорда тұрғындары ғана емес, бізге жүгінетін қазақстандықтардың қай-қайсы да көптеген көмек түрін алып жүр. Емханалық жүйелерде жоқ талдамалар арқасында, өзге де диагностикалық жолдарды пайдаланумен аурудың түрін анықтап, қажетті медициналық жәрдем береміз. Мәселен, бізде қазір неден екені белгісіз, дене қызуы түспейтін пациент жатыр. Соны анықтаймыз деп барлық аурудың түріне талдамалар алдық. Инфекциялық, ревмотологиялық, қабыну, ішек, қан тамырлар жүйесі бәрі тексеріліп, себеп олардан емесін анықтадық. Енді мульти қабыну синдромы барлығына көз жеткізіп, соған лайықталған емді қолдану арқылы қызу қалпына келді. Әр пациенттің диагнозы үшін, оның дұрыс ем алып, қалыпты өмірге оралуы жолында ізденуден еш жалыққан емеспіз», дейді А.Әділханқызы.
Ауру – астан
Сонымен қатар аурухана дәрігерлері ата-аналар балаларының түрлі знергетикалық сусындарды ішпеуін қадағалау керек екенін айтты.
«Бізге бірінен соң бірі екі жап-жас жігіт түсті. Жағдайлары ауыр. Бірақ аурудың табиғатын тану оңайға соқпады. Сөйтсе жас жігіттердің бірі түнгі клубта, енді бірі күзетте еңбек етеді екен. Сол екеуі де түнде жұмыста ұйықтап қалмау үшін «Горилла» атты энергетикалық сусынды үзбестен ішіп жүріпті. Ақырында кәдімгідей ауруға ұшырады. Немесе қазір адамдар ағзасына қажет болсын-болмасын дәрумендерге құштар. Ешқандай талдаусыз, анау айтты, мынау айтты деп жөнсіз дәрумендерді ішіп, қытайдың арықтататын өнімдерін қолданады. Қытайдың арықтатын препараттарында аристолох қышқылы бар, ал ол бүйрекке орасан зиянды. Сөйтіп жап-жас бола тұра бойларына ауыр кесел жабысқан жандардың әрқайсысы жадымызда. Сосын интернеттен көріп ас содасын, сутегінің асқын тотығын ішеді. Салдарынан бауырдың, бүйректің аса қауіпті ауруларын бойларына өмірлік жабыстырады. Сондықтан егер мүмкін болса, құрамында адам ағзасына зияны бар өнімдерді сатуды шектеуді мемлекеттік тұрғыда қарастырса екен. Күнделікті өмірде пальма майының өнімдерін тұтынуды, ББҚ пайдалануды, энергетикалық сусындарды сатуды шектейтін тосқауыл қойылмаса, ұлт саулығына қауіп. Бәлкім, олардың бағасын көтерер немесе сатушылар үшін салықты ұлғайтар. Әйтеуір бір шара қолданбаса, заңдық кедергі болмаса, ұлт саулығы, болашақта дені сау ұрпақ жетілдіреміз деген ойымыз арман күйінде қалуы мүмкін. Бұл мемлекеттік маңызы бар, ата-ана үшін өзінің жалғасы бауыр етінің болшағы үшін білуі тиіс жайт», дейді дәрігерлер.
№2 көпбейінді қалалық аурухананың бір ғана терапия бөліміндегі бір күн осылай өтті.