• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 17 Маусым, 2021

Шаруаға шынайы көмек

496 рет
көрсетілді

Жалғыз түйеден басталған кәсіп жалғасып келеді. Отырар ауданының Арыс ауылында тұратын Совет Ержанов кешегі кеңестік кезеңде егіс алқабында тынбай еңбек етіп, уақытында тамақтанбағандықтан асқазанын ауыртып алған. Қымыранның қасиетіне қанық қазақ дәрі-дәрмекке онша сене қоймаса керек, бір түйе сатып алып, соның сүтімен емделуге бекініпті. Асқазандағы аурудан айықтырған ағарғанның пайдасын өзгелердің де көргенін қалап, келесі жылы түйе санын үшеуге жеткізген. Ем іздегендерден бөлек, ұлттық сусынды аңсап келетіндер де көбейген.

Зайыбы Аманқыз да отаға­сын қолдап, ойсылқараның көбейгенін қалайды. Соңғы жыл­дары жұмысты үйлестіру жауапкершілігін өзіне алған. Жантақ, шеңгел, қарасора, алабота барда түйе аш қалмас. Дегенмен шағын шаруа қожалығы мал азығын дайындау мақсатында жайылымдық, суармалы жер аумағын ұлғайтады. Бүгінде шаруа қожалығы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мал санын көбейтіп отыр. Шаруа көбейіп бара жатса, механизатор, бақташы, сауыншыны науқандық жұмысқа қабылдайды. Мал азығын дайындауға қажет «МТЗ-80» тракторын несиеге алған.

Иә, бұл өлкеде таңмен таласа тұрып, уақытпен санаспай еңбек етуден ешқашан ерінбейтін жандар көп. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері ойсылқара түлігін бағып-күтіп, осы істің үдесінен шығу жолында аянбай жұмыс істеген Совет Ержанов отбасымен еңбекқор. Жеті ұл мен үш қызды жарық дүниеге әкелген көпбалалы «Батыр ана» Аманқыз Тасболатқызы төрағалық ететін «Ғани» шаруа қожалығы бүгінде көпке үлгі. Ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы  саласында агроном қызметін адал да жемісті атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққан отағасы Совет Аманқыз ананың әрбір игі ісіне қолдау көрсетіп жүр.

Өмірден көкейіне түйген пайдалы ақыл-кеңестерімен істің ілгері жылжуына қосқан үлесі зор. Осындай өнегелі ата-анадан әдепті тәлім-тәрбие алған перзенттері де шеттерінен еңбексүйгіш, іске бейім болып өсті. Адал еңбекпен отбасын асырап, нәсібін тауып жүрген азаматтар қоғамға қай кезде де үлгі.

Тұңғыш немерелері Әбдіқа­сымұлы Ғанидың атынан ашыл­ған қожалықта қазір 101 түйе бар. 65 түйесі бар қожалық Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 10 жылға 30 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Ол қаржыға 850 мың теңгеден 36 түйе сатып алыпты.

«Бүгінде еңбек етуге ниетті жан­дарға барлық жағдай жасал­ған. Қордан алған қаржы бізге үлкен көмек болды. Мал басын өсіруге алған несиеміз 16 пайызбен берілді, оның 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сонда біз несиені 6 пайызбен ғана төлейміз. Бұл – мемлекеттің шаруаларға көрсетіп отырған қолдауы», дейді Аманқыз Тасболат­қызы.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіретін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жеңілдетілген несие беру арқылы қожалықтар мен фермерлік шаруашылықтарға, жеке кәсіпкерлерге, ауыл шаруа­шы­­лығы өндірістік кооператив­терін ашуға және жеке бизнесті кеңей­туге мол мүмкіндік жасап келеді.

Бүгінде Аманқыз Тасболат­қызының ұлы Әбдірайым мен келіні Айбала барлық жұмыс­ты атқарып отыр. Шаруа қожа­лығы қазір 37 түйе сауады. Әбдірайымның 15 жастағы тұң­ғышы Әліби де ата-анасына қолғанат болып жүр. Еңбек­сүйгіштік секілді ізгі қа­сиет­тің ұрпақтан ұрпаққа жал­ғасуы дегені­міз осы болса керек. Иелігінде 275 гектар жайы­лымдық, 28 гектар суар­малы жері бар қожалықта түйелер күніне 3 мезгіл сауылып, 200 литр­дей сүт алынады екен. Әр литрі 500 теңгеге бағаланатын балдай қы­мы­ранға сұраныс жоғары. Мем­лекеттік қолдаудың шарапатын көріп, мал басын көбейтіп отырған отбасы ертеңіне сенімді әрі шаруашылығын тағы кеңейте түсуді жоспарлап жүр.

Сонымен қатар Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры  «Еңбек» мемлекет­тік бағдар­лама­сы аясында кәсіп­керлердің жобасын қаржыландырып ке­леді. Ауыл тұрғындарына, оның ішін­де шалғай елді мекендегі еңбекқор жұртқа үлкен қолдау болып отырған «Еңбек» бағдар­ламасының мақсаты – азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Өңірде бұл бағытта атқарылып жат­қан жұмыстар оң нәтиже беріп келеді.

Мысалы, «Ауыл шаруашы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Түркістан филиалының дирек­­торы Мұхит Жуасбай өткен жылы Отырар ауданы бойын­­ша жалпы сома­сы 363,8 млн теңге болатын 78 жоба қар­жыландырылып, қосымша 111 жұмыс орны құрылғанын айтады.

«Биыл жыл басынан бері Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Түркістан облысы бойынша  2,2 млрд теңгенің 282 жобасын қаржыландырды. Нәтижесінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы облысымызда биыл 9,5 млрд теңгенің шағын несиесін беруді жоспарлап отырмыз», – дейді филиал директоры Мұхит Жуасбай.

 

Түркістан облысы