• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Маусым, 2021

Тоғызыншы балбал тас

590 рет
көрсетілді

Түркістан облысы бойынша табылған 9 балбал тастың 7-уі облыстық музейге қойылса, біреуі Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылған. Жуырда 9-шы тас мүсін Шардара ауданының Құйған ауылына қарайтын «Шыңғыс» шаруа қожалығы жерінен табылған болатын. Яғни Шардараның музейі де құнды жәдігермен толығып отыр.

Облыстық мәдениет бас­қармасына қарасты тарихи-мәдени мұраны қорғау, пайдалану және қалпына келтіру жөніндегі орталық директоры Жандос Құрбан балбал тас мемлекеттік тізімге енгізіліп, оған арнайы мәртебе бері­летінін айтады. Алдағы уа­қытта комиссия назарына ұсынылып, археологиялық зерт­теу жұмысын жүргізу үшін әрекет жасалмақ. Ма­мандар өте құнды жәдігер деп бағалаған осынау балбал тасты шаруа қожалық иесі Шекер Төребекова аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырып, игілікті іс жасады. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев төл тарихымызды танып-білуге орасан зор үлес қосатын жә­дігерді халық игілігіне беріп отырған Шекер Төребековаға алғыс айтып, иығына орамал жапты.

Балбал тасты тапқан Төре­­бе­ковтер әулетінің бұл маң­да шаруа қожалығын ашқан­дарына 20 жылдан аса уақыт болған. Қарашаңы­рақта тұ­ратын Нүр­кен Қыдыр­бай­ұлы мал жайып жүріп, егістік ал­қап­­тан тауып алған екен. «Жылд­а жер жыртылады, егіс егіледі. Қой жайып жүріп, сү­дігердің ішін­­де бір дөңді аяғымның ұшымен түртіп едім, осы тас шықты. Аршып қарағанымда «Қыз Жібек» киносынан кө­ретін ескерткіш тастарға ұқ­саттым. Ұялы те­лефоны­ма түсірдім де архитектор болып істейтін ағама жібердім. Содан жұрттың назары аударылып, жалпақ елге жайылып кетті», дейді Нүркен Қыдырбайұлы.

Ал Нүркеннің анасы Шекер апа бұл маңнан бағзы заманғы қыш сынықтары мен ескі бұйымдар көп табылып тұ­ратынын айтады. «Ілгеріде теңіз жағасында балық аула­п, азын-аулақ ұсақ мал бағып күнелтіп отыратын орыс көршіміздің әйелі Вера Симахина су жағасындағы жардан әсем безендірілген білезік тауып алған. Осындай зат тауып алдым деп бізге көрсеткенімен, шындап мән бермеппіз. Кейін сол білезікті Вера қоңсым басқа бір нәр­сеге айырбастап жіберді. Балаларым осы тас мүсінді тауып әкелген соң отбасымызбен ақылдастық. Мал сойы­п, ағайын-туыс, көршілерді шақырып, аруақтарға Құран оқытып, ас бердік. Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасында туған жер тарихын тереңнен та­нып-білуге халықты үн­деді емес пе?! Біз де соған үле­­сімізді қо­сайық деп қа­лың жұрт­шы­лықтың игілі­гіне жаратуға музейге өткі­зіп отырмыз», дейді Ш.Тө­ребекова.

Аудандық тарихи-өлке­тану музейінің меңгерушісі Нұр­лан Смайыловтың мә­ліметінше, 1959-1963 жылдар арасында А.Г.Максимова бастаған ғалымдар Сырдың бойы мен Жаушықұм ал­қа­бынан көптеген құн­ды дүние тапқан. Ар­хео­логтердің қазба жұ­мыс­­­тарының нәтижесінде біз­дің заманымыздағы І-Х ға­сырлардағы қалашықтар мен қорғандар анықталған. Ерте замандағы Ақтөбе ма­зара­тынан жерленген адам­дардың қаңқасы, 25 түрлі қыш бұйымдардың сы­нық­тары табылып, жә­ді­гер­лер Алматы қаласын­дағы Ш.Уә­лиханов атындағы тарих және археология, этнография институтының археоло­гия музейіне жіберілген. «Шар­дара жерінде Ақтөбе қа­лашығы, Ақтөбе мекен-тұрағы, Ақтөбе қорғаны бол­ғанын ғалымдардың еңбегінен білеміз. Ақтөбе қалашығы қа­зіргі Ұзын ата кесенесі маңында болса, Ақтөбе тұ­рақ-мекені теңіз табанында қалған. Ал Ақтөбе қорғаны қазіргі балбал тас табылып отырған жер су қоймасы жа­ғасындағы Шекертөбе маңы. Қолымыздағы балбал тас сол кездегі әскербасыға немесе тұлғалы адамға арналып соғылғаны белгілі ғой. Бұл жердің бетіне шығып қалған бір жәдігер ғана. Теңіз табаны мен құм астында көміліп жатқан дүниелерге зерттеу жүргізілсе, қаншама тарихтың беті ашылып, тылсым құпиялардың сыры ашылар еді», дейді Нұрлан Қалиұлы.

Бұған дейін аудандық тарихи-өлкетану музейінде 3000-нан астам экспонат болса, теңіз жағасынан та­был­ған балбал тас осы­лар­дың ішін­дегі ең құндысы болып тұр. Енді балбал тас­ты тарихи және мә­дени ес­керткіштердің мем­лекет­тік тізіміне енгізу жө­нінде құ­жаттарды әзірлеу жұ­мыс­тары қолға алынбақ.