• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Маусым, 2021

Микроқаржы ұйымдары бірыңғай қағидатқа бағынады

1046 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тап­сыр­масын іске асыру мақса­тында 2021 жылғы 1 қаңтар  – 1 сәуір аралығында микро­қар­жылық қызметті лицензиялау аяқталған еді. Жыл басталғалы микронесиелеу нарығының 1 012 субъектісі, оның ішінде 593 ломбард, 205 кредиттік серік­­тестік, 214 микроқаржы ұйымы, оның ішінде 20 онлайн-кредиттеу компаниясы лицензия алған.

 

Лицензия беру үшін компа­ния­лардың акционерлері мен менедж­ментіне, оның ішінде жеткілікті білік­тілігінің болуына және соттылығының болмауына қатаң талаптар қойылмақ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазіргі кезде 3 659 микронесие ұйымы: 1 761 ломбард, 1 222 несие серіктестігі, 676 микроқаржы ұйымы, оның ішінде 7 онлайн-кредиттеу компаниясы таратылғалы жатыр.

«Микрокредиттеудің шектен тыс өсуін шектеу және қарыз алу­шы­лардың құқықтарын қорғау мақ­сатында сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөл­шерлемелері және борыш жүктемесінің коэффициенті енгізілді, микроқаржы ұйымдары капи­талының ең төмен мөлшері бойынша пруденциялық стандарттар көтерілді. Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін капиталдардың ең төмен мәндерін  2023 жылға дейін кезең-кезеңімен микроқаржы ұйымы үшін 30 млн теңгеден 100 млн теңгеге дейін, несие серіктестіктері үшін 10 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін, ломбардтар үшін 10 млн теңгеден 70 млн теңгеге дейін көтеру көзделеді. Бұл ретте жаңадан құрылатын ұйым­дар жарғылық және меншікті капиталды көтерілген ең төмен мәндер деңгей­інде қалыптастыруға тиіс» делінген агенттік хабарламасында.

Кәсіпкерлерге микронесие беруді арттыру үшін шалғай аудандарда «Бастау Бизнес» жобасының тү­лек­терін несиелеу белсенді жүргізілмек. Ол үшін «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының бас болуымен 15 жаңа микроқаржы ұйымы құрылған.

Сондай-ақ микроқаржы нарығы субъектілерінің айқындылығы мен тәртібін арттыру, микроқаржы ұйым­дары үшін талаптарды қатаңдату және қосымша шектеулер енгізу үшін 2021 жылғы мамырда банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу туралы заң күшіне енгені белгілі. Заң аясында мерзімі өткен берешек мәселесі қарастырылып, проблемалық берешекті реттеудің барлық процесі екі есе – 180 күннен 90 күнге дейін қысқарады. Сонымен қатар заңда жарнаманы тарату және орналас­тыру кезінде микроқаржы ұйымының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) көрсетуі де міндеттелген. Бұл тұтынушыларға бастапқы кезеңде алған қарыздарды ескере отырып, өз мүмкіндіктерін объективті бағалауға және болашақта қарыздарды өтеу кезінде қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар микрокредит беру шартының мазмұнына, ресімделуіне және міндетті шарттарына қойылатын талаптар белгіленген.

«Микрокредиттерді қашықтан беру форматын тарату жағдайында интернет-алаяқтық фактілері байқалды. Жалған кредиттер алу үшін азаматтардың жеке деректерін заңсыз алумен байланысты қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл үшін агенттік клиенттерді идентификаттау талаптарын күшейтті. Ол үшін биыл 30 сәуірде агенттік электронды тәсілмен микрокредиттер беру кезінде клиенттерді идентификаттаудың барлық микроқаржы ұйымдары үшін міндетті жаңа тәртібін қабылдады. Жаңа талаптарға сәйкес енді клиентті сәйкестендіру үшін үш тәсілдің бірін пайдалану көзделген: ұлттық куәлан­дырушы орталық ұсынған электронды цифрлық қолтаңба, Ұлттық банктің БЕАО СДАО қыз­мет­терін пайдалану арқылы биометриялық идентификаттау немесе екі факторлы бірдейлендіру. Клиентке идентификаттау жүргізбей микрокредиттер беруге тыйым салынады» делінген хабарламада.

Алдағы уақытта алаяқтардың жал­ған несие рәсімдеп жіберуінің алдын алу мақсатында агенттік құқық қорғау органдарымен бірлесе әрекет етуге мүдделі болып отыр.