Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында оқулықтар мәселесін қозғап, оқулықтардың апробациясын түпкілікті көтеруді тапсырған еді. Десек те жалпы орта білім беру саласы ғана емес, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың да сапасы әлі күнге сын көтермейді.
Бағдарлама дұрыс болмай, кемшілік жойылмайды
Әсіресе, аударма бағдарламалар мен стандарттар негізінде жазылған оқулықтардағы шикілік білім сапасына кері әсер етуде. Сарапшылар тәуелсіз елдің төл оқулығы болмай, саладағы түйткілді мәселелер шешілмейтінін айтып отыр. Ал ұлттық құндылықтар негізінде оқулық жазу үшін білім стандарттарына заманауи көзқарас пен ұлттық сипат қажет.
Қазақ елінің үздіксіз білім беру жүйесінде интеллектуал ұлт өкілін тәрбиелеу мен нәтижеге бағытталған білім беру көзделген. Бұл мәселелер ұлттық сананы қалыптастыратын, өркениетті ұрпаққа сапалы білім беретін оқулық дайындаумен тығыз байланысты. Сондықтан оқулық жазуда, біріншіден, рухани құндылықтарға негізделген білім мазмұнын, екіншіден, халықаралық стандарттың білім алуға қажет ұстанымдарын ескеру қажет. Мұндай пікірді ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева келтірді.
Ғалымның айтуынша, аударма оқулықтар ұлттық сананы дамытуға, қазақ тілінің қолданымдық қызметін жүзеге асыруға, пән мазмұнын толық меңгеруге жауап бермейді. Өйткені аударма оқулықтарда кәсіби лексика, қазақтың сөздік қоры, сөз байлығы ескеріле бермейді. Бұл оқулықтар, көбінесе, пән мазмұнына ғана назар аударады да, онда жасанды аударылған сөздер, терминдер, қате ұсынылған лексикалық бірліктер жиі кездеседі.
Жалпы, әрбір сынып оқулықтары баланың жасына, психологиялық жай-күйіне, ізденісіне байланысты өзіне де, өмірге де қажет лексикалық, грамматикалық минимумды қамтуы тиіс. Мысалы, бастауыш сынып оқулықтары пәндік лексикалық минимуммен қатар, коммуникативтік қарым-қатынаста жиі қолданылатын, бала санасына лайық, қажет сөздерден және оларды байланыстыратын грамматикалық ережелерден тұру арқылы пәндік мақсатты, оқушы сұранысын біріктіре атқарады. Жоғары сынып оқулықтары да, жоғары оқу орнының пән тізбегі де сондай.
«Төл оқулықтар да, аударма оқулықтар да, біріншіден, қазақ тілінің сөздік қорын пайдалана отырып түзілген. Екіншіден, оқушының жасына бейімделген. Біз пәнді ғана оқытып қоймай, баланың санасын, өркениетін, білімін жетілдіру үшін оқытамыз. Ақпарат тасқындаған, ғаламтор дамыған кезеңде нәтижелі білім беру баланың жасына, сұранысына қарай, оның ертеңгі болашағын ойлай отырып, жүйелі, пайдалы білім беруді мақсат етуі орынды», дейді Фаузия Шамсиқызы.
Осы орайда үздіксіз білім беру жүйесінің тиімділігін негізге алған ғалым балабақшадан бастап, бастауыш, жоғары сынып, жоғары оқу орны және мемлекеттік қызметшілерге дейінгі кезеңде нәтижеге бағдарланған білім берудің сапасына тоқталып өтті. Яғни жаратылыстану немесе гуманитарлық саланың қай-қайсысын алсақ та нәтижеге бағдарланған білім баланың болашағына, қоғамда өсуіне пайдалы болуы керек. Ал оқулық жазатындар мен сын айтушылар оқулықтардың бағдарламаға негізделіп жазылатынын түсіне бермейді. Ғалымның айтуынша, бағдарламаның негізі дұрыс болмағаннан кейін оқулықтарымыздың да кемшілігі көп. Бұл жерде ескеретін жайт, бағдарламада берілген және бекітілген материалдардың мазмұны, құрылымы оқулық әзірлеуде сақталмаса, оқулық сараптамадан өтпейді.
«Оқулық сапалы болу үшін оған негіздеме болатын мемлекеттік нормативтік құжат – тұжырымдама, стандарт, типтік бағдарлама дұрыс болуы керек. Бұл құжаттарда бекітілген білім берудің мақсаты, міндеттері, басты ұстанымдары, базалық мазмұны мен құрылымы, бағалау жүйесі оқулық сапасын анықтайды. Мысалы, қазақ мектептері мен орыс мектептеріне арналған «Қазақ тілі» пәндерін оқытудың мақсаты екі бөлек. Қазақтілді мектептерге арналған қазақ тілі пәні ұлттық тілдің лингвистикалық негізін теориялық тұрғыдан (фонетика, лексика, грамматика, т.б.) оқытуды көздесе, орыс мектептеріне арналған қазақ тілі мемлекеттік тілді коммуникативтік тұрғыдан үйретуді мақсат етеді. Бұл – қазақша сөйлей білу, сауатты жаза білу, ой-пікірді әр тарапқа түсінікті етіп айта білу, қажет лексика-грамматикалық минимумды жүйелі меңгеру сияқты мақсаттар. Мұндай бағдарламада көрсетілген мақсат пен сөйлеуге негізделген коммуникативтік білім мазмұны, әдістемелік жүйе құрамы, нәтижеге жетудің жолдары ұтымды, жан-жақты болуы шарт. Осындай бағыт-бағдарлар оқулық пен оның құрамындағы оқу-әдістемелік кешен арқылы жүзеге асады. Демек оқулық жазу білім, білік, дағды, тәжірибе, әдістеме, оқыту талаптарын жетік білуді қажет етеді. Сонда ғана білім беру мазмұны, міндеті, сапасы, пәндік ерекшелігі нәтижелі болады», деді Ф.Оразбаева.
Дегенмен сапалы білім беру мақсатында озық үлгілерді, жаңа технологияларды сабақтарында пайдаланып жүрген мұғалімдердің жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жүйесіз білім жинап, сабақ тақырыбын интернеттен көшіріп алып, өз жазғанын өзі игермеген оқушылар мен студенттер түптің түбінде білімі әлсіз ұрпақ болып шығатыны алаңдатады. Осы орайда ғалым «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі үлкен қанаты бар екенін атап өтті.
«Біріншісі, бұрыннан келе жатқан тектік, дәстүрлік, ұлттық, тарихи санамыз. Бүкіл әлем алдында қазақ деген ұлтты сақтау үшін рухани тегімізді сақтау парыз екені аян. Екінші қанаты – адамзат құндылықтарына қызмет ететін әлемдік өркениеттің озық үлгілері. Әлемдегі білім беруден халықаралық стандартының ұстанымдарын ескере отырып, соның ішінде керегін алып, рухани құндылығымызға бағындыру арқылы ғана біз жаңа тұжырымдама жасаймыз. Осы екеуінің тоғысынан барып тәуелсіз елдің білім беру тұжырымдамасы, стандарты, бағдарламасы шығады. Сонда оқулық жүйесі Алаш арыстары аңсаған, ұлттық сана мен сапаны алға апаратын, озық өркениет үлгілерін меңгерген, білімді де білікті өкіл тәрбиелеуге ықпал етеді», дейді ол.
Ұлттық кодқа негізделген оқулық жазылуы керек
Білім сапасына қатысты мәселелерді көтеріп жүрген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай ең алдымен мектепте аударма бағдарламаларға негізделген оқулықтардан арылу қажет екенін алға тартты.
«Бүгінде республикада әдістемелік ғылым жақсы дамыған, осы салада еңбек етіп жүрген өз ғалымдарымыздың еңбегіне зер салу қажет. Отандық ғылымның көрігін қыздырып жүрген мықты ғалымдардың зерттеулеріне негіздей, жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымда төл оқулықты қайта жазатын кез келді. Осы орайда министрліктің «Әліппе» оқулығының қайтару бастамасын құптай отырып, бастауыш сыныптарынан бастап, әр сала бойынша төл оқулықтарды шығаруды дамыту керек. Бүгінгі өркениет көшінен қалмас үшін, әлемдегі жаңалықтардан хабардар болып отыру да қажет. Осы мақсатта Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемдік кеңістікте мойындалған оқулықтар, философия, саясаттану, сонымен бірге лингвистикаға қатысты біраз дүние аударылды. Әлемде мойындалған ғылыми жаңа теорияның қазақ ғылымының өркендеуіне қосар үлесі бар екені анық. Әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында – Оксфорд, Кембридж, т.б. университеттерінде білім алып жатқан студенттер үшін шетелдік білім қолжетімді, ал еліміздегі оқушылар да шетелдік ғылым кеңістігіндегі жаңалықтармен өз ана тілінде танысып жатса, құба-құп. Бұл үдерістің ары қарай да дамығанын қалар едік», деді Анар Бекмырзақызы.
Ғылымдағы кез келген ірі жаңалықты өз тіліне аударып басу үрдісі барлық елде бар. Мысалы, Тайландта, Үндістанда, Қытайда, Жапонияда, тіптен Ресейдің өзінде шетелде жаңадан шыққан оқулықты немесе монографияны уақыт оздырмай өз тіліне аударып алады. Алайда А.Салқынбай «әйтеуір шетелдік болса, жақсы болады» деген қалыптасып қалған қасаң ойдан аулақ болатын уақыт жеткенін айтты.
«Ағылшын, француз не орыс тілінен аударылған оқулықтарға да сыни тұрғыдан қарай білуіміз керек. Өйткені еуроцентристік көзқарасқа суарылған ғылыми зерттеулер мен соның негізінде жазылған оқулықтар мен оқу құралдары жоқ деп айта алмаймыз. Жақсы мен жаманды айырып оқи алатын, қажетін ғана сіңіретін жоғары оқу орнының студентіне қарағанда, мектеп оқушысының дайын ақпардың бәрін бірдей іріктей алмайтыны, сыни ойлаумен, сыни көзқараспен қараудың жетілмегені де түсінікті. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап көрсеткенін естен шығаруға болмайды. Білім беру жүйесін шетелдік бағдарға салуда, мектеп оқулықтарын шетелдік жүйеге негіздеуде ойлану қажет. Кешегі білім беру жүйесіндегі кеткен кемшіліктер 15-20 жылда өз салдарын көрсетері даусыз. Сондықтан оқулық жазу ісінде байсалдылық, ғылыми негіз керек», дейді ғалым.Оқулықтарға қатысты пікірін білдірген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялыларының оқулық аудару тәжірибесінің озық үлгілерін негізге алды.
«Архив деректеріне зер салсақ, ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейхан «География», «Астрономия», Е.Омаров «Алгебра», «Геометрия», «Физика», М.Жұмабаев «Педагогика», Ж.Аймауытов «Дидактика», Ф.Ғалымжанов «Физика»‚ Б.Сәрсенов «Геометрия», И.Тұрғанбаев «Арифметика», Қ.Кемеңгерұлы «Химия», «Жаратылыстану» сияқты пәндер бойынша оқулықтарды қазақ тіліне аударған. Ол кезде білім жүйесі түбегейлі өзгерді, маман жетіспеді. Сол себепті орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ тіліне аударуға мәжбүр болды. Сол оқулықтарда қазіргі кезде орыс тіліндегі нұсқасы қолданылып жүрген көп сөздің баламасы берілген. Мысалы, Елдес Омаровтың «Физика», «Геометрия» деген оқулықтарында теорема – түйiн, биссектриса – жарма, радиус – өре, хорда – керме, параллелограмм – қиықша, пропорционал – құрылымдас, фигура – пiшiн, трапеция – қостабан түрінде берілсе, Қаныш Сәтбаев «Алгебра» деген оқулығында ғалымның ұстанымдарын басшылыққа алып, формула – өрнек, теорема – түйін, числитель – жарнақ, диаметр – өре, рациональная величина – өлшемді шама, иррациональная величина – өлшемсіз шама, биквадратное уравнение – қос шаршылы теңдеу, прогрессия – дәуірлеу, функция – берне деп берген. Яғни 1920-30 жылдары қазақ тілінде сәтті баламалар жасалды, ғылыми стиль, терминдер оқулықтар арқылы қалыптасты. Ал қазіргі кезде оқулық авторлары кейде терминдердің бірізділігіне, сабақтастыққа мән бермейді. 5-7-сыныптың оқушыларына арналған оқулықтарда қазақша атаулар берілсе, жоғары сыныптарда шет тілдегі нұсқасы беріледі. Бұл – балалардың теорияны түсініп кетуіне, терминдер бірізділігінің сақталуына кедергі. Сонымен қатар қазақ тіліндегі ғылыми стильдің дамуына, терминдердің тұрақтануына, қалыптануына (кодификациялануына) тосқауыл болып отыр. ХХ ғасырдың басындағы алаш зиялыларының оқулықтары, терминдерінің көбі бүгінде ғылыми айналымда жоқ. Қазіргі оқулық авторлары, зерттеуші, ғалымдар шет тілдік атауларға балама табуда сол кезде жарық көрген оқулықтар мен терминдер сөздігін пайдаланса, көп терминнің баламасы табылар еді», дейді О.Жұбаева.
Осы орайда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет етіп жүргенінде оқулықтарды сараптау ісіне қатысқан О.Жұбаева қазіргі кезде «Математикадан» бастап «Музыка», «Еңбек» пәнінің оқулықтарына дейін бәрі аударма екенін атап өтті.
«Аудармалардың тілі жатық емес, көп жағдайда асығыстық байқалды. Қазақы ұғым, түсінік, қазақы менталитет, дүниетаным ескеріле бермейді, түпнұсқадан ауытқымауға тырысады. Сөйлем құрылымдарынан-ақ оқулықтың аударма екені сезіліп тұрады. Тапсырмалардың шарттары, анықтамасы мен ережелері бала түгіл ересек адамның түсінігіне қиын. Терминдер ала-құла. Сол саланың маманы болмағаннан кейін атауларында да бірізділік сақтала бермеген. Оқулығы дұрыс болмаса, бала қалай сапалы білім алады?» деп қынжылысын білдірді ол.
О.Жұбаеваның айтуынша, Әлихан Бөкейхан ХХ ғасырдың басында жарық көрген оқулықтардың тіліне, ұлттық терминология, аударма мәселесіне ерекше көңіл бөліп, шыққан кітаптардың тілін, материалдың берілуін, қазақ діліне қаншалық сәйкес келетінін, терминдердің берілуін талдап отырған. «Орыстың кітабын қазақшалағанда білімін, дәлел-әдiсiн бөктеріп, қанжығаға байлап, «Қараңғы қазаққа апарып берем» деп, кітапшаның басына тымақты кигізіп, кісенін беліне буындырып, қазақтың қылыш құлан жалына мінгізіп әкеткен оң болады. Қазақшалаған кітаптарды сынға алғанда мен осы жолмен сынаймын», дейді Ә.Бөкейханның өзі. Бұл орайда сыншы аудармашыларға Ахмет Байтұрсынұлын үлгі етіп «Орыстың кітабын қазаққа деп өзгерткенде Крыловтың басына тымақ кигізген Ахметті ұмытпау керек», дейді.
Қазіргі оқулықтарда қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі ескерілмей, сөйлем құрылымдары орыс тілінің үлгісімен беріліп, көптік қосымшасы жалғанбайтын жерлерге орыс тілінің үлгісімен жалғанған тұстар жиі кездеседі. Әрине, оқулықта қате жазылып тұрса, оқушы оны дұрыс деп қабылдайды, солай дағдыланады. Өзге тілдегі дүниені сол қалпында қазақ тіліне тели беруге болмайды. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, дүниетанымы, менталитеті болады. Оқулықтарды аударған кезде соған мән беру керек.
«Қазір грамматикаға мән берілмегеннің кесірінен көбісі, біреусі, екеусі, айту керекпіз, білу керексіңдер, барлық оқушылар, барлықтарыңыз деп қате сөйлеушілер көбейді. Бұған бейжай қарауға болмайды. Тіл – ұлттық код, рухани код. Ұлттық кодымызды сақтау үшін алдымен ойымызды, сөзімізді түзеуіміз керек. Ол үшін грамматиканы ережелер жиынтығы ретінде емес, тіліміздің өзегі ретінде түсіндіруіміз керек әрі ол қолданыстағы тілімізбен сәйкес келуі керек. Тарих, география, қазақ тілі – барлық сабақ бір лексикалық тақырыпқа байлаулы болуы дұрыс емес. «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерін біріктіру де түбегейлі қате. Әрине, пәнаралық байланыс болуы қажет. Бірақ әр пәннің өзіндік мақсат-міндеті бар. Материал соған сәйкес берілуі керек. Шет тілдегі әдіс-тәсілді қолданған кезде қазақ оқушылары үшін, қазақ менталитеті, дүниетанымы үшін қайсысы дұрыс болатынын ескеру қажет», дейді О.Жұбаева.
Ғалымдардың сөзінен аңдағанымыз, оқулық әзірлеудегі олқылықтар көбіне ұлттық дүниетанымымызды ескермеуден туындайды. Бұл ана тілімізде білім беруді ақсатып қана қоймай, тіліміздің де бұзылуына ықпал етеді. Сондықтан аталған мәселеге атүсті қарауға болмайды.
АЛМАТЫ