Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі және норвегиялық серіктестер бірлесіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған онлайн-семинар өткізді. Қазақстан мен Норвегия астаналарын байланыстырған телекөпір барысында екі аймақ – Орталық Азия мен Еуропа арасындағы диалогты тереңдетуге шақыру туралы айтылды.
Іс-шараға Норвегияның бұрынғы Премьер-Министрі Къелл Магне Бондевик, белгілі журналист әрі тарихшы Ханс-Вильхельм Штейнфельд, сондай-ақ Қазақстан тарапынан Нұрсұлтан Назарбаев қоры Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Қайрат Әбусейітов, Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Еркін Ақынжанов, Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Зейнешев қатысты.
Іс-шараның модераторы норвег журналисі, «TV2» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің басшысы Томас Хеншен болды.
Семинар Оле Йохан Бьернойдың бейнеүндеуімен және Қазақстанды құттықтауымен ашылды. Ол біздің елде 2017-2020 жылдары елші болып істеген.
«Тәуелсіздіктің қысқа ғана тарихи кезеңінде Қазақстанның экономикадағы, саясаттағы даму барысы, елдің жетістіктері адамға рух береді», деді норвегиялық дипломат. Ол Қазақстанның тәуелсіздік жолында еңсерген қиындықтары мен жалғастырып жатқан саясатына ерекше назар аударды. Бұл ретте көршілес мемлекеттер – Ресей және Қытаймен өзара тиімді қарым-қатынас орнатылғаны, сондай-ақ геосаясат пен халықаралық қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды аймақ – Орталық Азиядағы Қазақстанның рөлі айқындалғаны атап өтілді. У.Й.Бьернойдың ойынша, бұл Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «амбициялы көпвекторлы сыртқы саясатын ойдағыдай жүзеге асырудың» арқасында мүмкін болды.
Осы орайда семинардың Қазақстанның «Алдымен экономика, сосын саясат» даму формуласына сәйкес түзілгендігін айта кеткен жөн. СІМ Инвестициялар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Е.Зейнешев макроэкономикалық көрсеткіштері 30 жыл бойы тоқтаусыз өсіп келе жатқан жас мемлекетіміздің экономикалық жүйесіндегі ауқымды өзгерістер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Сондай-ақ ол Қазақстанның дамуы үшін тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың маңызды рөліне тоқталды. Е.Зейнешев еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап-ақ қолайлы инвестициялық ахуалды жетілдірудің негізгі міндеттері айқындалғандығын атап өтті.
СІМ өкілі Қазақстанның Еуразия континентінің Шығысы мен Батысын байланыстыратын көлік-логистикалық хаб және «көпір» ретіндегі геосаяси әлеуетін жүзеге асыра білгенін жеткізді. Бұл «Жаңа Жібек жолы» және «Бір белдеу, бір жол» бастамалары аясында іске асырылды.
Қазақстан, Орталық Азия және Еуропа елдерінің қарым-қатынасы тақырыбын Норвегия үкіметінің экс-басшысы К.М.Бондевик жалғастырып, екі аймақ арасындағы өзара іс-қимылды арттырудың маңызды екенін атап өтті. «Біз ортақ нәрселері көп көршілерміз. Олардың ішінде халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ортақ мүдделеріміз бар», деді ол.
Тәуелсіз Қазақстан тарихының Тұңғыш Президент – Елбасы тұлғасымен тығыз байланысты екені сөзсіз. Норвегиялық саясаткер 20 жылдай бұрын Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш кездескені туралы естелік айтып берді. «Мен үлкен тәжірибесі мен өз елінің болашағына қатысты амбициясы бар көшбасшыны таныдым. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренада сенімді серіктес және ойыншы болуға деген ұмтылысын көрдім», деді ол.
Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Е.Ақынжанов елдің экономиканы әртараптандыруға және саяси жаңғыртуға күш салып келе жатқаны туралы айтты. Тұңғыш Президент – Елбасының басшылығымен Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға және әлемдегі беделді мемлекетке айналғаны баса айтылды. Қазақстан елшісі сонымен қатар Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жаңа жүйелік реформалар, яғни саяси трансформацияны жүзеге асыру және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мәселелеріне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры Халықаралық бағдарламалар орталығының жетекшісі Қ.Әбусейітов өз сөзін Қазақстанның әлемдегі рөліне арнады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің сыртқы саясатын дамытып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі өз бетінше бір ғажап тарих екенін айтып өтті. «Бұл тарих бәрін нөлден бастап, кейін халықаралық істерде өзін жетекші орны бар мемлекет ретінде өте тез танытқан ел туралы баян етеді», деді ол. Оның айтуынша, Тұңғыш Президентіміздің Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі кейіннен әлемдік қоғамдастыққа енген кезде еліміздің өзіне тән ерекшелігіне айналды.
Сондай-ақ Қ.Әбусейітов К.М.Бондевиктің Орталық Азия мен Еуропа арасында біріктіруші күн тәртібін құру қажеттілігі туралы мәлімдемесімен келісетінін жеткізіп, саяси сенім мен жүйелі экономикалық диалогты қалпына келтіру мәселесі Елбасының жаңа геосаяси «Үлкен Еуразия» құрылымын құру идеясының негізі болып саналатынын айтты. «Нұрсұлтан Назарбаев болашақты болжай алатын ғаламдық деңгейдегі саясаткер және дипломат ретінде «Үлкен Еуразия» идеясының төңірегінде топтасуға және осы «суперконтиненттің» әлеуетін іске асыруға шақырды», деді ол.
Семинар соңында норвегиялық спикерлер Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, елдің одан әрі дамуына және өркендеуіне тілектестік білдірді.