Түркияның Ыстамбұл қаласында Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлем және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы Яшар Доғуды еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айтулы жарыста Қазақстанның еркін күрес шеберлері де күш сынасты. Жерлестеріміздің арасынан ең үздік нәтижеге Асыл Айтақын қол жеткізді. 61 кило салмақта белдескен ол барлық қарсыласын сыпыра ұтып, ақтық сынға алқынбай жетті. Алайда қазақ балуаны шешуші тұста ирандық Рахман Амузадтан айласын асыра алмай, күміс медальді қанағат тұтты. 74 кило салмақта сайысқа түскен Дархан Есенғали мен 92 кило салмақта күрескен Әділет Даулынбаев қола жүлдені еншіледі. Олардың екеуі де жартылай финалда жергілікті спортшыларға есе жіберді.
Жарыстың командалық есебінде Иран құрамасы озды. Парсы елінің өрендері бес мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олар – Әли Задеган (57 кило), Рахман Амузад (61 кило), Мұхаммед Накходи (79 кило), Әмірхоссейн Фиразпур (86 кило) және Аббас Форутанрами (125 кило). Сондай-ақ қырғызстандық Әлибек Османов (65 кило), грузиялық Зураб Якобашвили (70 кило), түркиялық Якуб Гор (74 кило) пен Селим Яшар (92 кило) және әзірбайжандық Шәпіп Шәріпов (97 кило) бас жүлдені қанжығаларына байлады.