• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Фотогалерея 01 Шілде, 2021

Шығыстың балуандары Қажымұқанша күш сынасты

710 рет
көрсетілді

Қара темірді қайыстай илейтін Сергей Цырульников Өскеменге келді. Кигені саптама етік, түлкі тымақ... Мақсаты, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай «Batyrs' Battle» көп сайысын өткізіп, әр өңірден білекті жігіттерді анықтау еді.

– «Batyrs Battle» еліміздің төрт қаласында – Өскеменде, Ақтөбеде, Түркістанда және Нұр-Сұлтанда өтеді. Күні кеше Шығыстың бас шаһарында жарыс алауы жағылды. Сәтін салса, Қажымұқан, Балуан Шолақ айналысқан жаттығуды халық арасында насихаттағымыз келеді. Бабаларымыздың білек күштерін бүгінгі ұрпақ сезінсі екен, – деп өз ойымен бөлісті Мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры Сергей Цырульников.

Елімізде бұрын-соңды ұйымдастырылмаған ерекше жобаға қатысамыз деп келген жігіттер де тепсе темір үзердей екен. Олардың ішінде Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де болды.

Дейтұрғанмен, Қажымұқан айналысқан спорт олар үшін оңайға соқпады. Әр түрлі салмақтағы қаптарды, зілдей тасты көтерді. Жуан темірді майыстырып көрді. Білектегі бұлшық еттері ойнап тұрғанымен, қап көтере аламай сан соғып жүргендерді де көрдік.

Сұңғақ бой, кең иық болғанымен, белдесуде әлсіздік танытқандар да жүрді.

Әр бөлімнің арасында Қажымұқанның балуандығын насихаттап жүрген Сергей Цырульников те темір илеп, тақтайға шеге қағып, өз өнерін ортаға салды. Сергейдей ұлдың батыр бабамызды насихаттап жүргеніне көпшілік көрермен шын ризашылығын білдірді.

Жарыс арасында көрермендер де білек күштерін сынап көрді. Бірақ, 24 келілік қылышты тік тұрып көтеруге әркімнің шамасы жете бермеді.

Балуандар Қажымұқан бабаларындай ауыр таспен де алысты.