Бүгінде банкке қарызы жоқ адам сирек. Банктен қарыз алсаңыз, оны уақтылы қайтаруыңыз керек. Егер несиені мерзімінде өтемесеңіз, онда ісіңізбен коллектор айналысады. Коллекторлардың қарыз алушыны жиі мазалауы, бопсалауы, қорқытып-үркітуі «аңызға» айналғалы қашан?! Бұл мәселе Президенттің де құлағына жетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында коллекторлық қызметті реттеу туралы заңға қол қойып, онда коллекторлық агенттіктерге қойылар талаптар қатаңдатылған еді. Бірақ сонда да айылын жиған коллекторлар көрінбейді...
Қазақстандықтар банкке
7,1 трлн теңге қарыз
Берешекті өндіріп алушы ұйымға өңкей «ұр да жықтар» жиналған ба дерсің: борышкердің мүлкін зорлап тартып алыпты; жағасына жармасыпты, картаны бұғаттаймын деп қорқытыпты; соққыға жығыпты дегенді көп естисің.
Елімізде коллекторлардың ұзын-саны 200-ден асады. Алайда біз хабарласқан агенттік өкілдерінің біразы қазір ол мекемеде қызмет етпейтінін айтса, біршамасы енді ғана тіркелгендерін алға тартты. Ал бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тісқаққан агенттіктер («Национальное коллекторское агентство» ЖШС) сауалдарымызға жауап беруден бас тартты.
Ресми дерек былай дейді: дәл қазір ел тұрғындары екінші деңгейлі банктерге 7,1 трлн теңге қарыз. Дені – тұтынушылық несие. Шамамен 600 млрд теңгесі – ипотекалық займдар. Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша төленбегеніне жылдан асқан қарыз көлемі 1 трлн теңгеден асып кеткен. Әрине, мұндайда бірінші болып коллекторлардың білегі түріледі. Шындығында біз солай түсініп үйренгенбіз. Қазақстан ұлттық коллекторлар палатасының төрағасы Нұрбол Жапаровтың айтуынша, кредитор мен коллекторлық агенттік арасындағы құқықтық қатынас келісімшарт жасалған соң барып жүзеге асады. Оған дейін агенттік өкілі саусағын да қимылдатуға тиіс емес.
– Іс сотқа дейін бармас бұрын борышкер кредитормен келісім жүргізуі керек. Өйткені кредитор қажетті шараларды қолдануға қауқарлы. Оған мәселен, төлем кестесін реттеу, медиация, төлемдерді кейінге қалдыру жатады. Ең алдымен кешіктірілген төлем күндері есептелуі керек. Банк қарыз алушының банктік қарыз шартына сәйкес 90 күннен кейін, ал жеке тұлғаның ипотекалық несиесі бойынша 180 күннен кейін ғана талап ету шараларын жүргізуге құқылы, – дейді Н.Жапаров.
Коллекторлар борышкердің жеке өміріне қол сұғып, жеке деректерін жарияламауы тиіс. Борышкерді қорқытып-үркіту – олардың жұмысы емес. Бірақ агенттік қызметкерлерінің құқайын көргендердің әңгімесін тыңдасақ, небір сұмдықтың болып жатқанын аңғарамыз. Борышкердің туыстарына, жұмыс берушісіне хабарласып қорқыту, шотыңды бұғаттап тастаймыз деп зәресін ұшыру – екі күннің бірінде еститін қалыпты жағдайға айналып кетті. Нақты мысалдың бірі – Шымкент тұрғыны Мейрамбай Арысовтың басынан өтіп жатыр.
«Туыстарыңмен қоса соттаймыз»
Шымкент тұрғыны 2012 жылы Kaspi bank-тен несие алып, алайда қаржылық жағдайының нашарлауына байланысты оны төлей алмай қалған. Мамырдың соңында телефон соғып, өзін тергеуші Ғани деп таныстырған азамат «Сізге қатысты қылмыстық іс қозғап жатырмын! Кредитті төлеуге бір күн уақыт беремін, егер төлемесеңіз соттатып жіберемін» депті. Дәл бұлай доқ көрсетуді бірнеше күн қайталаған. Маусымның басында өзін «тергеуші Самат Кенжегалиевич боламын» деп таныстырған азамат та «тергеуші Ғанидің» сөзін қайталайды. Араға тәулік салып, борышкерге елордадан Сарыарқа аудандық полиция департаментінің тергеушісі, полиция майоры Әлихан Асанов хабарласады. Мұның құқайы алдыңғылардан да сорақы болып шыққан. «Өзіңізбен қоса келініңіз бен қарындасыңызды да бас бостандығынан айырамыз» депті. Бұл деректің барлығы Арысовтың Бас прокурорға жазған арызында көрсетілген.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу туралы заңға қол қойғаны, онда коллекторлық агенттіктерге қойылар талаптардың қатаңдатылғаны белгілі. Заң бойынша коллекторлық агенттіктер төменгі жарғылық капитал қалыптастыруы тиіс. Заң бекіткен қатаң талаптар мынадай: коллекторлық агенттікте тіркелмеген телефон нөмірлері немесе басқа адамдардың телефон нөмірлері арқылы борышкерге қоңырау шалуға болмайды; борышкермен өзара іс-әрекет жасау процесін бейне-аудио таспаға жазуға міндетті. Өз кезегінде бейне-аудио таспаға жазуды борышкердің өзі де істеуге құқылы; коллектордың үшінші тұлғалармен, оның ішінде борышкердің жұмыс берушісімен байланысқа шығуына тыйым салынады.
Бірақ коллекторлардың жаңа заңға да пысқыра қояр ниеті байқалмайды. Мұны бізге нарықта жұмыс істегеніне 13 жылдан асқан, осы уақыт ішінде 6 793 адамның тағдырына араша түскен, 3,9 млрд теңге қарызды жойған «МАДИЯР» заң кеңсесінің директоры Айқожа Дәулетияров айтып берді. Оның айтуынша, коллекторлар өздерін біресе тергеуші, біресе прокурор деп таныстыруға құмар.
– Сондай коллекторлық агенттік басшыларының бірі алдыма келіп, арызымды (борышкерге қатысты) қайтып алуымды сұрады. Мен бірден бас тарттым. Сосын бастығының көзінше қызметкеріне хабарластым. «Сіз кім боласыз?» десем, «мен жоғарғы палатада тергеушімін» дейді. Қазақстанда Жоғарғы сот деген бар, жоғарғы палата деген орган жоқ. Кімді алдап тұрсың дедім. Сонда да сіздің не шаруаңыз бар деп маған жеңістік бермеді. «Міне, көрдіңіз бе қызметкеріңіздің қалай сөйлеп тұрғанын?» дедім бастығына. Коллекторлық агенттіктердің біразына тән нәрсе – бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істеген, ептеп полиция, тергеуші болған, бірақ жарытып жұмыс істей алмаған адамдарды жұмысқа қабылдайды. Олар келеді де органда істей алмаған әрекетін мұнда істеп, борышкерге соттатамын да соттатамын деп дігерлейді. Қылмыстық іс қозғау туралы әдемі сөздерді де сол жақтан үйреніп алған. Тіпті төбесіне органның ресми бланкасын қойып алып, қағаз да дайындайды. Борышкердің туған-туыстарының телефондарын бұрыннан өздері білетін деректер базасынан жүктейді немесе таныстары арқылы тауып алады, – дейді А.Дәулетияров.
Оның айтуынша, коллекторлар әрбір 3 немесе 6 ай сайын ұялы байланыс операторларынан телефон нөмірлерді сатып алу арқылы өзі іздеген борышкердің айналасындағы адамдарға еркін қоңырау шалады.
– Сот, прокуратура, тергеу, кеден және салық органдары ғана шотты бұғаттай алады. Коллекторлар, адвокаттар, заңгерлерде мұндай өкілеттілік жоқ. Борышкерге «көшеде жүрген участковый, жол полициясы сіздің шотты бұғаттай ала ма?» десең, «жоқ» дейді. «Онда неге коллекторға сенесіз» десем, «ол мені қорқытты ғой» дейді. Барыпты да, қолхат жазыпты. Онда «қарызыңыз құтты болсын» деймін. Көрдіңіз бе, адамдардың құқықтық, қаржылық сауаттылығының төмен болуы да коллекторларды есіртіп тұр. Коллектор хабарласқан кезде «сенің маған қоңырау шалуға құқың жоқ, келісімшартты банкпен жасадым» деп айту керек. «Ал егер сіз банктен клиенттерді сатып алған болсаңыз, хабарлама қағаз жіберуіңіз керек» деу керек, – дейді заңгер.
Қазақстанның Ұлттық Коллекторлар палатасының республикалық жобасы – Stop-Collector кеңесінің жазуынша, коллектормен сөйлесуден қашудың еш мәні жоқ, керісінше өз жағдайыңызды нашарлата түсесіз.
«Қоңырау шалушының толық аты-жөнін, лауазымын және ол өкілдік етіп отырған агенттіктің атауын біліп, жазып алыңыз. Кредит бойынша айына шынымен де төлей алатын сомаңызды ұсыныңыз. Кредитор сіздің қарызыңызды коллекторлардың жұмысына берген кезде немесе коллекторлық агенттік сіздің мерзімі өткен берешегіңізді сатып алып, кредитор болған кезде ол борышкерге телефон қоңырауларына, жеке кездесулерге, дауыстық, жазбаша және басқа да хабарламалар жіберуге құқылы. Коллекторлық агенттіктің борышкермен телефон арқылы сөйлесуі жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде үш реттен аспауы тиіс» делінеді Stop-Collector хабарламасында.
Коллекторлар тағы не істей алмайды? Борышкерге қоңырау шалған кезде мекеме мекенжайы мен есептік тіркеу нөмірін хабарлап барып, негізгі шаруаға көшуі тиіс. Олар борышкермен жұмыс күндері таңғы сағат 8-ден кешкі 21.00-ге дейін ғана телефонмен сөйлесуге құқылы. Осы уақыттан тыс мазалауға тиіс емес.
Заңгерлердің айтуынша, борышкерлер көбіне «Альянс банктен» 2005-2013 жылдары алынып, төленбей қалған кепілсіз кредиттерінің дау-дамайы бойынша жүгінеді екен. Банк 2011-2014 және 2015-2018 жылдары коллекторлық агенттіктерге 3 жылдың ішінде кепілсіз кредиттерді өндіру туралы банкпен жасалған келісімшарт бойынша талап ету құқығын толығымен сатып жіберген. Яғни мәселелі кредиттер банк балансынан шығарылған.
Коллекторлар азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдалану арқылы заңсыз әрекеттерге барып отыр деп байлам жасауға бола ма? Бұл сұраққа заңгерлер «иә» деп жауап береді.
– Жалған сот орындаушы, судья, халыққа қызмет көрсету орталығы және полиция қызметкері болып кепілсіз алған кредиті бойынша дүние-мүлкін аукционға салатынын, өз атында үй болса да, ата-анасының үйін тартып алатынын, туыстарын жұмыстан шығарып жіберетінін, әкімшілік айыппұл салатынын, қарызы үшін түрмеге отырғызатынын айтады, «алаяқсың» деп ар-намысына тиетін сөздер айтып хабарласады және уатсап-нөміріне хаттар жолдайды. Үш жылдық талап қою мерзімі өтіп кеткен қарыздарды түрлі айла-амалмен арбап немесе қорқытып, құқықтық сауатсыздығын пайдалану арқылы төлетіп, қағаздарына қол қойдырып, қарызды мойындатуда. Мойындатып алған соң, үш жылдық талап қоюдың мерзімі жаңарады. Осы жағдайда коллекторлық агенттіктер дереу сотқа оңайлатылған тәртіппен (борышкердің қатысуынсыз қысқа мерзімде) талап-арыз жолдайды. Әлбетте, мұндай азаматтық істер талапкердің пайдасына өндіріледі, – дейді «МАДИЯР» заң кеңсесінің маманы.
Электронды үкімет порталындағы дерекке қарасақ, дәл қазір елімізде тіркелген коллекторлық агенттіктер саны 200-ден асады. Енді 2022 жылдан бастап олардың минималды жарғылық капиталы 10 млн теңгеден кем болмауы тиіс. Бұл бекер қойылған құн емес. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілінің айтуынша, минималды соманы белгілеу үшін нарыққа талдау жасалған.
– Бұл компаниялар коллекторлық қызмет туралы заңнама талаптарын жиі бұзады. 2021 жылдың басында жарғылық капиталы 500 мың теңгеден аспайтын 175 коллекторлық агенттік 492 мың борышкердің қарыздарымен жұмыс істеген. Бұл компаниялардың жиынтық жарғылық капиталы 15,5 млн теңгені құрайды, ал қолданыстағы қарыз көлемі 260 млрд теңге, яғни жиынтық жарғылық капиталдан 17 мың есе көп, – дейді әдіснама және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев.
Оның айтуынша, шағын коллекторлық агенттіктерде өндіріп алуға берілетін қарыздың едәуір ұлғаюы минималды жарғылық капиталдың болмауымен және өндіріп алуға берілген несиелер көлемінде шектеулердің болмауымен байланысты. Ал жарғылық капиталдың 10 млн теңге болуы олардың заң талаптарын сақтай отыра жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Заң «осындай заң бар» деп айту үшін жазылды ма, әлде коллекторлардың аспандап кеткен амбициясын басып, борышкерлер құқығын қорғау үшін жазылды ма, оған уақыт төреші.