ЕАЭО шеңберінде ұлттық мекемелерден жоғары тұратын орган – Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру ұсынылып отыр. Сауда және интеграция министрлігі мұны одаққа мүше елдердің өзара және сыртқы саудасын ұлғайтуға бағытталған экспорттық қолдаудың пәрменді құралы ретінде қарастыруда.
Astana Finance Days форумына қатысқан Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікованың пікірінше, басқа халықаралық ұйымдармен салыстырғанда, Еуразиялық экономикалық одақта өзара сауда көрсеткіштері өте төмен. Оның айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша одаққа мүше мемлекеттердің жалпы саудасындағы ЕАЭО-ның үлесі 11 пайызды ғана құраған. Мәселен, Еуроодақтағы өзара сауда 62,5 пайызды, NAFTA ұйымында (Солтүстік Америка еркін сауда келісімі) 49,3 пайызды, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығында (АСЕАН) 45,4 пайызды құрап отыр. Бұлармен салыстырғанда ЕАЭО-ның көрсеткіштері төмен.
– Еуразиялық экономикалық одақта өзара сауданы ұлғайтатын әлеует жеткілікті. Ол үшін ең алдымен ішкі нарықтағы кедергілерді жою керек. Сондай-ақ елдер арасындағы кооперациялық байланыстарды жолға қою маңызды. Бұл ретте ЕАЭО елдерінің сыртқы саудасын дамыту бойынша үшінші елдермен преференциялық сауда келісімдерін жасау жұмысы жандандырылуда. Өзара қолайлы жағдайларда жаңа еркін сауда аймақтарын құру өнімдерімізді әлемдік нарықтарға жылжытуда «локомотивке» айналуы тиіс. Бұл ретте Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру ЕАЭО елдерінің өзара және сыртқы саудасын ұлғайтуға бағытталған экспорттық қолдаудың пәрменді құралы болмақ, – деді Жанель Күшікова.
Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құрудың тиімді немесе тиімсіз екендігі алдағы тамыз айында Үкімет басшылары деңгейінде талқыланбақ. Егер мұны тараптардың барлығы қолдайтын болса, онда мәселені егжей-тегжейлі пысықтау әрі тиісті нормативтік базаны дайындау жұмысы басталады.
– Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы қатысушы елдердегі сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының күш-жігерін біріктіруге, экспорттық мәмілелерді жедел және тиімді жүзеге асыру үшін қайта сақтандыру сыйымдылығын жақсартуға, брокерлік қызметтерді пайдалану қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл қайта сақтандыру құнын төмендетеді. Сондай-ақ экспорттық мәмілелерді сақтандыру мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етеді, – деп нақтылады вице-министр.
Еске сала кетейік, ЕАЭО шеңберінде үкіметаралық келісім негізінде жарғылық капиталы 200 млн долларды құрайтын Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру ұсынылып отыр. Оның әлеуетті сақтандыру сыйымдылығы 2 млрд долларға тең болмақ. Осының нәтижесінде ЕАЭО ішінде өзара сауданың көлемі 6 млрд долларға дейін өседі деп күтілуде. Компанияның капиталын ЕАЭО-ға мүше елдердің экспорттық кредиттік агенттіктерінің мүліктік жарналары, қатысушы мемлекеттердің тікелей жарналары, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің даму банктері, сондай-ақ Еуразиялық даму банкі есебінен қалыптастыру ұсынылуда.
Uchet.kz сайтының жазуынша, ЕАЭО елдеріндегі тәуекелдер бойынша экспорттық сақтандыру агенттіктерінің ағымдағы сақтандыру міндеттемелерінің жиынтық көлемі 2 млрд долларға тең екенін ескерсек, қол қою капиталы 200 млн долларды құрауы мүмкін. Бастапқы кезеңде (2-3 жылда) жобаны іске қосу үшін шамамен 100 млн доллар қажет.
Қатысушылардың капиталдағы үлесі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің даму банктеріндегі, ЕАЭО елдеріндегі тәуекелдер бойынша ағымдағы сақтандыру міндеттемелерінің жалпы көлеміндегі экспорттық сақтандыру агенттіктерінің үлесін ескере отырып белгіленуі мүмкін: Еуразиялық даму банкі – 32 пайыз, Ресей (ЭКСАР) – 33 пайыз, Беларусь («Белэксимгарант») – 10 пайыз, Қазақстан («Қазақ Экспорт») – 10 пайыз, Армения («Армения ЭСА») – 10 пайыз, Қырғыз Республикасы («РСК Банк») – 5 пайыз. Капиталды қаржыландырудың нақты құрылымы мен тетігі барлық қатысушылармен бірлесіп пысықталуға тиіс.