• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2010

АДАМЗАТ БОЛАШАҒЫ ҮШІН БІРІГУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

789 рет
көрсетілді

Кеше екі күн бойына жүрген “Еуразия: Мәдениеттер және ұрпақтар үнқатысуы” атты халықаралық форум өз жұмысын аяқтады. Түркия, Ресей, Молдова, Бе­ла­русь, Украина, Түркіменстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Үндістан және т.б. 16 мемлекеттің өкілдері қатыс­қан форум жұмысына зиялы қауым ықыласы ерекше болды. Бейбітші­лік пен келісім сарайы­ның осындай жиындар өткізілетін үлкен залына дөңгеленте қойыл­ған үстелдің өзі шеңберден шыға­тын қияс ойдың айтылмауына жетелегендей. Алқақотан отырып, мәдениет­тер мен өркениеттердің, ұрпақтар мен ұрпақтардың арасындағы үн­қа­тысуға шақырған форум жұмысына мо­дераторлық жасаған, Халықара­лық үнқатысу Еуразия тұғырнама­сы­ның қазіргі төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарамасының төрағасы Нұрлан Оразалин: “Бү­гінгі форумға белгілі қоғам және мәдениет қай­раткер­лері, ғалымдар мен шығар­ма­шылық тұлғалар, жазушылар мен журналистер, жалпы, әр алуан ма­мандық пен кәсіп иелері қатысып отыр. Екі ауыз сөзбен түйіндеп айт­­сақ, мақ­сатымыз айқын – өрке­ниет­тер мен мәдениеттер арасын­дағы дәнекер­лік көпірінің беки түсуіне барынша ықпал ету. Планетада па­расаттылық пен ұстамдылықтың, ақыл мен сабырдың салтанат құ­руы­на үлес қосу”, деп Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың форумға қаты­сушыларға арнаған құттықтау­ын жет­кізу үшін сөзді Президент Әкім­ші­лігі Ішкі саясат бөлімінің мең­герушісі Дархан Мыңбайға ұсынды. Елбасы өзінің құттықтауында форумның кезекті басқосуының Қазақстан мемлекетінің елордасы – Астанада өткізілуінің терең мән­ділігіне тоқталып, еліміздің Еуразия интеграциясы идеясының катализа­торы деп саналуының заңды негізі бар екендігін атап көрсетіпті. Қа­зақстанның Еуразия кеңістігіндегі тиімді интегра­циялық жобаларды белсенді жүзе­ге асыруы мен еліміз­дің ұлттар мен мәдениеттерді, дін­дер мен конфессияаралық ұғы­ныс­тыққа жету тұрғысындағы атқар­ған игілікті істеріне мән беріліп, форум жұмысына табыс тілепті. Модератор мұнан соң Парла­мент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановқа сөз берді. Орал Байғонысұлы форумға қатысушы­лар­ға арнаған сөзінде: “Еуразия – имандылықтың рухани бастауы, барлық әлемдік діндердің бесігі болып табылатын құрлық. Соны­мен бірге, діни тұрғыдан барынша қа­дірлеп-қастерленетін киелі орын­дардың осында орналасуы да әлем­дегі діни қауым өкілдерінің мүдде­лерін осында түйістіреді. Сондық­тан да бүгінгі күні Еуразия құрлы­ғында жүріп жатқан қоғам­дық-саяси және әлеуметтік-эко­но­ми­­ка­лық үдерістер бүкіл әлем жұртшы­лығына аса зор ықпалын тигізеді”, – дей келіп, 1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия­лық одақ құру туралы идеясына тоқталды және адамзат баласы өр­кендеуіне тосқауыл – қауіп-қатер­лер хақында сөз қозғады. Этностық және діни негіздегі қақтығыстар, ксено­фобия, экстремизм, тер­роризм, гуманитарлық және эколо­гиялық апаттарға қарсы күрес бар­лық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың салиқалы сұхбат жүр­гізіп, күш-жігер біріктіруін талап ететінін атап көрсетті. Елбасы ұсынған Еуразия инте­гра­циясы идеясының негізін ашық­­тық пен татулық қағидаты, жалпы­адамзаттық, ұлттық және мәдени құндылықтардың үйлесі­мд­ілігі құрайды. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы На­зарбаев атап өткендей, еуразиялық интеграция халық­тардың өзіндік ерек­шеліктерін жойып, не бас­қа­лар­ға сіңістіріп жібермейтін, қайта олардың көп­түр­лілігінен нәр алып, барынша көркейе түсетін бірлік пен тұтас­тыққа ие болуға тиіс. Қа­зір осы бастама өзінен кейін еур­азиялық кеңістікте іске асырылған барлық интеграциялық үдерістер үшін бастапқы нүкте болды деп се­німмен айта аламыз және ол Еур­азия­лық экономикалық қоғам­дас­тық, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Кедендік одақ секілді ықпалы зор әрі серпінді даму үстін­дегі мемлекетаралық құрылымдар арқылы жүзеге асырылып отыр. Модератор мұнан кейінгі сөзді Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпейге ұсын­ды. Шешен әуелі жоғарғы палата басшысының құттықтауын жеткізсе, онда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі бары­сын­да әлемдегі саяси тұрақтылық пен бейбіт қатар өмір сүруді тұрақты қолдайтын мемлекет ретінде өзара түсіністікті орнықтыру жолында дүние жүзіндегі өзінің жоғары беделін барынша пайдаланатыны атап айтылыпты. Форум күн тәртібіндегі ауқым­ды мәселелердің негізгі өзегі Еур­азия құрлығындағы мемлекеттер­дің ынтымақпен, өзара ықпалдасу жо­лы­мен әлемдік қауіпсіздікті ор­нықтыру, бейбітшілік пен бірлікті ны­ғайту, қарқынды дамуды қамта­ма­сыз ету болды. Осы ізгі мақсат­тар­дың салтанат құруына әлем жас­тары өздерінің ақыл-ой пара­саты­мен, жігерлі іс-қимылымен үн қосады деген сенім білдірілді. Түркиялық мейман Харун То­қақ біз оймақтай ғана әлемде өмір сүрудеміз, бір елдің саясаты, екінші бір елдің саясатына әсер ететін заманда мәмілеге шақыратын сөз­ден құдіретті ештеңе жоқ, сондық­тан мәдениеттер арасындағы үнқатысу­дың маңызы ерекше, десе, ресейлік академик Ростислав Ры­баков біз бүгін адамзат болашағы үшін бірігуге тиіспіз, ал Астана күн өткен сайын осындай ізгі ойдың ошағы бола түсуде деді. Үндістан­нан келген Арун Кумар Моханти Еуразия үнқаты­суының маңыз­ды­лығына тоқталып, өз елінде осы мә­селеге қатысты тұтастай ғылы­ми-зерттеу институты бар екенін жеткізді. Келесі күнгі, яғни кешегі форум жұмысы “RІXOS” қонақ үйінде жалғасты. Бұл жолы модера­тор­лық­тың тізгінін ұстаған сенатор Ғари­фолла Есім алдыңғы күнгі отырыс­та айтылған сүбелі пікірлерге ризашылығын білдірді. Форумға қатысушылардың бірі мәселенің мәні осы басқосудың қай дәрежеде өткенінде емес, онда туған ізгі ойлардың өмірден орнын алуында дегеніндей, форум жұмы­сының өн бойында тамаша ойлар көрініс берді. Жазушы Құлбек Ер­гөбек түркі әлеміне ортақ Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Қайсын Кулиев сынды қаламгерлер шы­ғар­малары мен олардың аттары есі­мізден шығып бара жатқандай, деп түркі әлеміне қатысты көтерілер біраз жағдаят­тарды назарға салды және форум­ның қарарында көрсе­тілген Түркістан қаласында түркілердің тұтас әлемін зерттейтін орталық ашуға қолдауды сұрады. Форум жұмысында молдаван жазушысы Борис Мариан, ресей­лік Татьяна Филлипова, қырғыз Мақ­сат Қунакунов, Қайрат Има­на­лиев, әзірбайжан Ильгар Ибра­гим­ли және басқа да көптеген зия­лы қауым өкілдері өз ойларымен бөлісті. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.