Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жүрген Нұр-Сұлтанның «Барыс» клубы 2021-2022 жылдардағы маусымға қамдана бастады, деп жазады Egemen.kz.
Күні кеше «Барыстың» бас бапкері Юрий Михайлистің өз орнында қалғаны жайында ресми ақпарат тарады. Қарағандының тумасы 2020 жылдың жазында елордалық клубтың тізгінін ұстағаны мәлім. Айтулы маманның жетекшілігімен «Барыс» КХЛ-дың плей-офф додасына шығып, Гагарин кубогы үшін таласу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қоса Михайлис Қазақстанның ұлттық құрамасына да жетекішік етті. Биыл Латвияда ұйымдастырылған әлем чемпионатында жерлестеріміз жеті ойынның төртеуін өз пайдасына шешіп, өз тобында бесінші орынға табан тіреді. Бұл жарыс барысында біздің жігіттер Латвия, Финляндия, Германия және Италия құрмаларын ұтты. Сөйтіп, Қазақстанның хоккейшілері әлем чемпионатының қорытындысы бойынша өз тарихында тұңғыш рет үздік ондықтың қатарына қосылды.
«Барыс» хоккей клубы мен Юрий Михайлис арасындағы келсімшарт 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін жасалды. Сондай-ақ бапкерлер штабында да өзгеріс жоқ. Александр Ахцигер, Андрей Шаянов, Максим Семёнов және Александр Шимин бас бапкердің көмекшілері болып бекітілді.