Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Испания Корольдігіне ресми сапары аясында 20-дан астам ірі испандық компания басшыларының қатысуымен инвестициялық дөңгелек үстел өтті. Сонымен қатар бірқатар жаңа жоба бойынша испан тарапымен нақты келіссөздер жүргізілді.
Өз сөзінде Мұхтар Тілеуберді испан бизнесінің Қазақстанға деген қызығушылығы артып келе жатқанын, екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жетістіктерін, сондай-ақ 2021 жылғы қазанға жоспарланған екіжақты және іскерлік кеңес отырыстарын өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстелге Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі Airbus Defense & Space, Maxam, Grupo Santander, Grupo AGEM, Matachana, Acciona, Talgo, Imabe Iberica, Urbaser сияқты 20-дан астам ірі испандық компания басшылары қатысты.
Іс-шара барысында испан компанияларына Қазақстанның инвестициялық әлеуеті таныстырылды. ҚР СІМ Инвестициялар комитеті төрағасының м.а. Ардақ Зебешев агроөнеркәсіптік кешен, металлургия, машина жасау, фармацевтика, көлік инфрақұрылымы және энергетика сияқты басым салалардың мүмкіндіктері, сондай-ақ инвестициялық ахуал және Қазақстандағы инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.
Дөңгелек үстелді Қазақстан тарапынан ҚР СІМ, Қазақстанның Испаниядағы елшілігі және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырды.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали қатысушыларды бірлескен жобалар туралы хабардар етті және испан компаниялары үшін жасалған нақты инвестициялық ұсыныстарды мәлімдеді.
Іс-шара аясында ҚР СІМ ИК, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басшылығы әлеуетті және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар бойынша испан тарапымен бірқатар келіссөз жүргізілді. Атап айтқанда, Ақмола облысында ет кластерін құру жобасы бойынша Ingeser (Grupo TSK) компаниясымен, Нұр-Сұлтан қаласында нөсер кәріздерін салу жобасы бойынша Aqualia компаниясымен, энергетика саласындағы әлеуетті жобалар бойынша IDOM компаниясымен, сондай-ақ Испанияның экспорт және инвестициялар жөніндегі ICEX мемлекеттік компаниясының институттық әріптестерімен және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері бойынша COFIDES дамытуды қаржыландыру жөніндегі испан компаниясымен келіссөздер жүргізілді.
Мұхтар Тілеуберді ресми сапары аясында Airbus Defense & Space компаниясының өндірістік алаңы мен халықаралық тренингтік орталығына барып, осы компанияның басшылығымен кездесті.
Бұдан басқа, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-тың Еуропадағы ең ірі қоқыс өңдеу кешендерінің бірі – Мадрид қаласындағы Urbaser компаниясының технопаркіне сапары ұйымдастырылды. Оған сұрыптау зауыты, қайталама шикізатты қайта өңдеу зауыты және инсенирациялық кешен (waste to energy) кіреді. Кездесу барысында жалпы қызметкерлер штаты 35 мыңнан асатын, 30 елде жұмыс істейтін компания басшылығы Қазақстанмен қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) өңдеудің интеграцияланған кешенін құру бойынша серіктестікке қызығушылық танытты.
Ал ҚТҚ өңдеу бойынша әлемдік жетекші өндірушілердің бірі Imabe Iberica компаниясының басшылығы жаңа сұрыптау және қайта өңдеу кешендерін құру жөнінде Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдірді.
Жалпы, Испания Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Пандемияға қарамастан, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1,4 млрд АҚШ долларын құрады, ал биылғы қаңтар-мамырда тауар айналымы 80 пайыздан астам өсіп, 842 млн долларды құрады. Бұған, негізінен, қазақстандық экспорт есебінен қол жетті. Ал 2005-2020 жылдар аралығында Испаниядан Қазақстанға келетін тікелей инвестициялар көлемі 245 млн АҚШ долларын құраған.
Дайындаған
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»