• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Шілде, 2021

Туризм өңір дамуына ықпал етеді

462 рет
көрсетілді

Қазақстанда ұйымдастырылған туризмді дамыту қажет. Өкініш­ке қарай, ұйымдастырылмаған, жаппай туризм салдары­нан турис­тер Қазақстандағы демалыс орындарына залалын тигізіп жатыр. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен тұрақты туризмді дамыту жөніндегі «Мемлекеттік құры­лымдармен диалог» тақырыбындағы онлайн конференция­да айтылды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, Па­лата «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және Мәдениет және спорт ми­нистр­лігімен бірлесіп, жол картасын құрған. Соның аясында тұ­рақ­ты туристік өнімдерді, эко, агро­туризмді дамытуға, қонақүй­лерді ашу тәжірибесін кеңейтуге жол ашылмақ. Осылайша, өңірдің экономикасын өркендетуге, жұмыс орындарын құруға және жергілікті тұрғындарға қосымша табыс көзі болатын туризмді жетілдіруге кө­ңіл бөлінеді.

Спикердің айтуынша, қол­даныстағы және нарықта жаңадан пайда болып жатқан туристік өнімдер кәдесый өнімін сатып алу, ұлттық және өңір үшін ерекше тағамдардың дәмін тату, әдемі фотосурет жасауды қамтуы тиіс. Ол үшін ҰКП мамандары туристік өнімді қалыптастыру үдерісіне, туристік маршрут қалыптасып жатқан орынға шағын бизнесті, соның ішінде өңірлік кәсіпкерлерді тарту қажет деп санайды. «Өңірдегі шағын бизнес өнімдер тізбесін кеңейтуге жергілікті тұрғындар да қатысуы керек. Мысалы, жылқыларды жалға беру, туристерді егістіктен көкөніс жинауға қызықтыру, қолөнер бо­йынша шеберлік сабақтар өткізу, ұлттық тағамдар ұсыну сынды шараларды ұйымдастыру керек. Қолөнер өнімдері қазақтың ұлттық қолөнерін әлемге танытып қана қоймай, жекелеген өңірдің танылуына және ілгерілеуіне де ықпал етері анық», дейді Ю.Якупбаева.

Конференция аясында қаты­сушылар экоресурстарды ұтымды пайдалану, жұмыссыздық пен кедейлікпен күрес, қазіргі заманғы арзан туризм және туристік өнімдердің сапасын жақсарту сынды мәселелерді де талқылады.

«Атамекен» ҰКП баспасөз қыз­меті берген мәлімет бойынша,­ Ұлттық кәсіпкерлер палата­сы биыл Мәдениет және спорт­ министрлігі және «Kazakh Tou­rism» ҰК» АҚ-мен үшжақты келі­сім­­­шарт  жасасқан. Осы құжат бо­йынша объектілерді абаттандыру бойынша нақты шараларды анықтау үшін қолданыстағы туристік маршруттарды диагнос­тикалау; агротуризмді дамыту бо­йынша оқыту семинарларын өткізу; экотуризмді дамыту үшін қонақ­үйлер санын арттыру мақсатында тренингтер өткізу; қолөнер түр­лерін сақтау және ілгерілету тәсіл­дерін пысықтау сынды шараларды ұйымдастыру жоспарланған.