Былтыр коронавирус пандемиясы үдеп тұрған кезде осы індет ошағы болған Қытай елінде аса қатерлі дертпен күрес қалай жүргізіліп жатқандығы көрсетілген бейнежазба көзіме түскен еді. Онда полицейлер мен санитарлық-эпидемиялық қызмет мамандары көшеде бірлесе іс-қимыл жасап, көлік жүргізушілерін тоқтатып, денелерінің температурасын өлшеп жүргендігі бейнеленген.
Олар ыстығы көтеріліп кеткен жүргізушілерді әй-шайға қарамастан, бірден көліктен түсіріп, қолдарынан жетелеп, жедел жәрдем машинасына апарып тоғытып жатты. Ал көшеде иесіз қалған көліктердің руліне полицейлер отырып, оларды арнаулы тұраққа айдап әкетті. Осылайша індет жұқтырды деген күдікке ілінгендердің ешқайсысы полицейлер мен медиктерге дау айтып, қарсыласып, алысып-жұлысып жатқаны байқалмады.
Қытайда коронавирусқа қарсы екпе салу да қарқынды жүргізіліп, биылғы шілде айына дейін халықтың 40 пайыздан астамы вакциналанған. Көрші алып мемлекет жыл соңына дейін 1 миллиард 440 миллион тұрғынының 80 пайызына екпе салып, ұжымдық иммунитет қалыптастырмақшы. Сарапшылар Қытай пандемияны қазірдің өзінде жеңді деп бағалап отыр. Мұнда инфекцияның таралуы тыйылып, тек шетелден індет жұқтырып келгендер ғана анықталу үстінде.
Дүниежүзіндегі халқы ең көп елдің қатерлі індетті жеңуінің бір себебі – қытайлықтардың заңға мойынсұнатын тәртіптілігі екендігі күмәнсіз. Ал біздің елде ше? Елді мекендері бір-бірінен айтарлықтай алыс орналасқан кең-байтақ далада өмір сүріп жатқан, саны 19 миллионнан енді асқан халқымыз санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң сақтаса, пандемияны жеңудің қазіргі бірден-бір жолы – вакциналауға жете мән берсе, жаман індетті бүгінгідей тым өршітпей, әлдеқашан ауыздықтауға болар еді. Өкінішке қарай, жағдай олай болмай тұр.
Біріншіден, былтыр талай адам той-томалақта инфекция жұқтырып қаза болғандығынан сабақ алғандар шамалы. Көбіміздің өз жақынымыздан айырылмайынша, ойланар, ақылға келер түріміз көрінбейді. Ұл-қызы шаңырақ көтерген, мерейтой жасына жеткен ағайындардың көпшілігі төніп тұрған қатерге қарамастан, аста-төк той жасамауды ұят көрсе, туыс-туған, дос-жарандарының көбі оған бармауды ұят санайтын баяғы әдетінен арылар емес. Жақында бір туысым телефон соғып, тойға шақырғанында: «Сендер қазір «қызыл аймақта» тұрсыңдар ғой. Санитарлық-эпидемиялық қызметтің өкілдері тексеріс жасаған кезде ұсталып, айыппұл төлеулерің мүмкін ғой. Ал тойларыңа коронавирус жұқтырып алғанын өзі де білмейтін біреу келіп, тойшыларға инфекция таратса, не болмақ?», деп ескертсем, әлгі бауырым: «Қойшы, қайдағы жамандықты шақырмай. Жұрттың бәрі той жасап жатыр ғой...», деп қарап тұр.
Бір інім: «Институт бітіргенімізге отыз жыл болды. Соған орай, курстастарымыз кездесу ұйымдастырып жатыр. Мен оларға: «Бара алмаймын», деп едім, пәлеге қалдым. Курстастар чатында «Кездесуге келмейтіндер – бізді менсінбейтін кереметтер ғой...», деп ағаш атқа теріс мінгізіп жатыр», деп қынжылды. Бұл – өзге емес, жоғары білімді азаматтардың тірлігі екендігін ескерсең, басыңды шайқап қана қоймай, бармағыңды тістеп, жылағың келеді...
Екіншіден, коронавирусқа қарсы вакцина салдырудан қашқақтап қана қоймай, екпе салушы медицина қызметкерлерімен «келісіп», жалған құжат жасатуға дейін барып жатқанымыз – нағыз масқарашылық емес пе? Бұл келеңсіздікті тоқтату үшін Мемлекет басшысы тиісті пәрмен беруге мәжбүр болғаны мәлім. Осы ретте Гиппократ антын қабылдаған дәрігерлерімізге не айтарсың? Ант қайда, ар-ұят қайда?
Үшіншіден, жергілікті жерлердегі коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында құрылған комиссиялардың шектеу шараларын қатаң қадағалап жүргені шамалы сияқты. Әйтпесе, ел ішінде рұқсатсыз той-томалақ, ас өткізу тыйылмас па еді? Осы мақсатпен, мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен рейдтер неге өткізілмейді?
«Тәртіпке бағынған ел құл болмайды», деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Мына қалпымызбен коронавирустың құлына айналып қана қоймай, құрбандығына шалынып, ұлт ретінде құрдымға кетпесек жарар еді...