• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 27 Шілде, 2021

Алматыда індеттің жаңа штамын жұқтырғандардың жағдайы алты сағат ішінде нашарлауда

1998 рет
көрсетілді

Бүгін Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте халықты тағы да вакциналауға шақырды. Ол жүктеменің дәрігерлерге, әсіресе алғашқы медициналық көмекке едәуір артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қалалық денсаулық басқармасы басшысының айтуынша, ауруханаға жатқызылғандар саны өсіп келеді. Егер бір ай бұрын бұл тәулігіне 40-70 науқас болса, бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында емделуді қажет еткен коронавируспен ауыратын науқастардың саны 400 адамға жетеді.

«Көптеген науқастар үйде емделіп жатыр. Қазірдің өзінде 7 361 науқас бақылауда. Телемедицина орталығының штатын қосымша мамандарды тарта отырып, науқастарға қашықтан кеңес беретін 84 қызметкерге дейін көбейтуге тура келді», деді Н. Табынбаев.

ҚДБ басшысы бірінші міндет өлім жағдайының көбеюіне жол бермеу екенін айтты.

«Алматыда жедел жәрдем шақыруларының тәуліктік саны 2 700-ге жетті. Шілде айында ЖРВИ, КВИ және пневмониямен шақырулардың үлесі 2 есе артты. Тәуекел тобында әлі де созылмалы аурулармен ауыратын адамдар бар», деді спикер.

Н. Табынбаевтың айтуынша, жаңа «дельта» штамы әсіресе, жастарға қауіпті. Алматыда 40 жасқа дейінгі 2 адам коронавирустан қайтыс болды.

«Коронавирустың жаңа штамын жұқтырған науқастардың жағдайы алты сағат ішінде нашарлауда», деп толықтырды ҚДБ басшысы.

Еске салсақ, КВИ таралуына қарсы тұрудың жалғыз жолы вакцина алу. Н. Табынбаев алматылықтарды өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығын сақтау үшін белсенді вакциналауға шақырады.

Алматыда екпе пункттерінің кең желісі ашылды. Күн сайын 15-20 мыңға дейін екпе алуға мүмкіндік бар. 26 шілдедегі жағдай бойынша вакцинаның 1-ші компонентінің 768 545 дозасы және 2-ші компонентінің 499 185 дозасы алынды.