• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
TOKYO2020 01 Тамыз, 2021

Токио-2020: Ел үміті ақталса игі еді...

373 рет
көрсетілді

«Жүзден жүйрік шығады» деген халқымыздың үмітін үкілеп, Олим­пиа­даға қосқан жүзге жуық спортшымыздың арасынан әзірге Қазақ елінің Әнұранын шырқататын бір жүйріктің табылмай тұрғаны қазақстандықтардың жанына қатты батып, үмітіміз үзілуге шақ тұрғанын қалай жасырайық?! Сенім артқан спортшыларымыздың дені неліктен алғашқы сындарда-ақ сүрініп жатыр?  Сұрақ көп, бірақ әзірге қисынды жауабы жоқ. 

Қысқасы, қазақ спортшыларына жөнді жүл­де бұйырмай, Токио Олимпиадасы түңіл­­ді­ріп тұр. Қоланы қоңылтақсып отырған жа­йы­­мыз жоқ, десе де қанша қола бол­са да, оның құны алтын түгіл, күміс­тің ширегіне кел­­мей­­тіні белгілі. Түрікмен­стан құра­масы­ның жал­­ғыз күміс медаль­мен Қазақ­станнан жеті саты жоға­ры орналас­қан­дығы – осының айғағ­ы. «Құм жиы­лып тас болмас» демекші, қан­шама қола жинал­ғанымен, оның алтынға жетп­ей­тіні тағы анық. Ендеше, бізге алтын медаль ауадай қажет.

Бұрын-соңды Қазақстан құрамасы қатыс­қан Олимпиадаларында елдің Әнұранын асқақ­тата шырқатып келді. Атланта, Сидней, Лон­дон, Рио Олимпиадаларында 3 алтын медаль­­дың арқасында Әнұран үш мәртеден шырқал­­ды. Тек Бейжің Олимпиадасында ғана 2 ал­­тын­ға ие болдық, 4 күміс пен 7 қола медаль­ды айтпағанда.

Рас, Токиодағы түңілдірген сәтті бұрын да бір мәрте бастан кешкен едік. Афина Олим­пиа­дасында. 2004 жылы. Бұл жағдай он алты жылдан кейін қайталанады деп кім ойлаған?! Абы­рой бол­ғанда, Олимпиаданың соңғы жарыс күні бокс­шы Бақтияр Артаев жеңіс тұғыры­на көтері­ліп, елдің Әнұраны Афинада да шырқал­ды. Сөйтіп Қазақстан 1 алтын, 4 күміс, 3 қола еншілеп, жалпы есепте 40-шы орын алған еді.

Күн сайын қазақстандық олимпиадашылар қатысатын жарыстарды Олимпиада қалашығының баспасөз орталығында кірпік қақпай қадағалап, қазақ жанкүйерлерінен сүйінші сұрайтын сәтті тағатсыздана күтіп отырамыз. Қоржындарына құнды медальдар сауылдап түсіп жатқан басқа елдердің журналистеріне қызыға қараймыз. Ал біздің спорт­шылардың қарқыны көңіл көн­шіт­­пейді, үміт үзілгелі тұр. Сөздің қыс­қасы, осы Олимпиадада алтын алсақ (бар тілеуі­міз де осы) та, алмасақ (оның бетін ары қыл­­сын) та, ел спортының барлық саласын сүз­гід­ен өткізіп, сапа мен санның аражігін ажырататын, сәтсіздіктердің сырын ашатын бір терең талдау жасалуы қажет деп ойлаймыз.