Жуырда Денсаулық сақтау министрі А.Цой Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі аптада індет жұқтыру 3,5 есе өскенін айтты. Ал сол кезде жалпы республикадағы өсім 1,9 есе болған. Осының өзі Қызылжар өңіріндегі ахуал алаңдатарлық екенін көрсетіп тұр.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев, Санитарлық-эпидемиологиялықбақылау департаментінің бастығы Әсет Жұматаев облыстағы эпидемиялық жағдай және індетке қарсы күрестің барысы туралы баяндап берді.
Облыста ПТР-зерттеу жүргізетін төрт зертхана жұмыс істейді. Пандемия кезеңінен бастап, облыс бойынша КВИ-дің бар-жоғын тексеру мақсатында 393 726 зерттеу жүргізілді. Оның 4,2%-ы, яғни 17 583-і – КВИ анықталған нәтиже. Өткен тәулікте ПТР әдісімен 1 183 зерттеу жүргізілді.
Өткен тәулікте 152 жағдай тіркелді, оның ішінде 131-і (86%) – ауру белгілері бар және 21-і (14%) – ауру белгілері жоқ жағдай. Аудандар бойынша айтсақ, Аққайың ауданында – 2, Ғ.Мүсірепов ауданында – 2, Ақжар ауданында – 4, Тимирязев ауданында – 4, Уәлихан ауданында – 4, Жамбыл ауданында – 6, Мамлют ауданында – 6, Есіл ауданында – 7, М.Жұмабаев ауданында – 7, Тайынша ауданында – 11, Шал ақын ауданында – 11, Қызылжар ауданында – 13, Айыртау ауданында – 17, Петропавл қаласында 59 жағдай тіркелді.
Көріп отырғанымыздай, өңірдің барлық аумағында жаман індет тіркелген. Былтыр мұндай күрт өсім болмаған еді. Оның үстіне шалғайдағы аудандарда науқастар санының өсімі біршама тұрақты болған. Биылғы күрт өсім эпидемиялық ахуалдың барынша тұрақсыз екенін айқындайды.
Сырқаттанғандардың 92%-ында індеттің симптомдары байқалып отыр. Сонымен қатар биылғы жағдайда ауырғандардың жасы өзгерді. Қазіргі уақытта науқастардың 57%-ы – 40 жастан кіші. Бұрын бұл көрсеткіш 40%-дан аспайтын.
Мамандар аурудың күрт өсуі республика аумағындағы «Дельта» штамының айналымынан, сондай-ақ халықтың карантин шараларын сақтау жөніндегі тәртібінің төмендеуіне байланысты дегенді айтты. Расында соңғы уақыттарда көшеде бетпердемен жүретіндер мүлде жоқ. Халық тек ғимараттарға кіргенде ғана бетпердесін киіп жатады, ал қаланың бұрыш-бұрышындағы кішігірім дүкендерде тіпті тақпай да жүре беруге болады.
191 340 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды, бұл – жалпы халықтың 60,6%-ы. Ал екінші компонентпен салдырған саны – 130 551. Өзінің сөзінде Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Әсет Жұматаев: «Вакцина – бізді COVID-19-дан қорғайтын жалғыз механизм. Қазір вирус жойылмай, мутацияға ұшырауда, ауру қайтадан өсуде. Әрбір отбасы ауруға тап болды және бәрі денсаулықты қалпына келтіру қаншалықты қиын екенін түсінеді. Вирусқа қарсы біз толықтай қарулануымыз керек, бұл үшін вакцина салдыруға бәріміз дұрыс көзқараспен қарайық», деді.
Солтүстік Қазақстан облысы