Түркістан облысының полицейлері «синтетикалық есірткі» сақтаған шымкенттікті қамауға алды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан облысында есірткі қылмысының алдын алу бойынша күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағыттағы шараларды жүргізу барысында Төлеби ауданындағы демалыс орындарының бірінде ер адамның әрекеті полицейлерге күдік тудырды. Ер адамды тінту кезінде оның шалбарының қалтасынан есірткіге ұқсас пакетке оралған үш зат табылды. Заттар тәркіленіп, сараптамаға жолданды.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша тіркелді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған зат үш грамға жуық «синтетикалық есірткі» болып шықты. Ұсталған ер адам Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталды. Қазіргі таңда оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдікті қамауға алынды.