• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
TOKYO2020 08 Тамыз, 2021

Алтын тұрмақ, күмістің өзі арман болған Олимпиада

911 рет
көрсетілді

Токио төрінде дүбірлеп өткен жазғы Олимпия ойындары кеше өз мәресіне жетті. 16 күн 206 мемлекеттің 11 мыңға жуық спортшысы бақ сынаған додада, өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы сегіз қола медальмен бейресми командалық есепте 83-орын, жалпы медаль саны бойынша 29-орында қалып қойды.

Мәселені шешу жолы –

отандық бапкерлерге арқа сүйеу

Спорт журналистикасында жүр­генімізге он жылдан асыпты. Біле­тінімізден, білмейтініміз көп-ақ. Алайда Бақтияр Артаев айтпақшы, Олимпиада кезінде күллі қазақ сарапшы, бапкер болып кетеді. Кейбіріне бәрекел­ді деп отырасың. Кей пікір жағаңды ұстатады. Әрине, пікір алуандығы – қоғамдық дамуға серпіліс беретін фактор. Десек те, пікірдің де «естісі бар, есері бар». Әлеуметтік желідегі пікірлерге ілесе беретін болсақ, Прези­дент айтқан бұқаралық спортты дамыту арқылы ұлтымыздың денсаулығын жақсартуымыз, спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығаруымыз екіталай.

Сөз жоқ, Токио Олимпиада­сында сегіз қола медаль же­ңіп алған Қазақстан құрама­сы спорт­шы­­ларының жетістігі бұ­рын­ғы Олим­пиадаларға қа­ра­ған­да өте төмен. Алдың­ғы ойын­дарда ұлттық құрама­ның қоржынында кемінде бір алтын болды. Атланта-1996 (3-4-4), Сидней-2000 (3-4-0), Лондон-2012 (3-1-7) және Рио-2016 (3-5-10) Олимпиадаларында қазақ­стандық спортшылар үш алтын, Бейжіңде-2008 (2-3-4) – екі, Афи­нада-2004 (1-4-3) бір алтын медаль жеңіп алды. Тіпті Рио-2016 Олим­пиадасында медальдар саны жөнінен Қазақстан­ның спорт тари­хында рекордтық көрсеткішке ие болды.

Енді араға бес жыл салып неге мұншама төмен нәтиже көрсеттік? Бұл сұраққа көргеніміз бен білгенімізге сүйене отырып, Олимпиаданы бір шолып өтуді жөн санадық.

 

Пандемияға байланысты көптеген іріктеу турнирі өтпегендіктен,  Токио Олимпиадасына Қазақстан құрамасы небәрі 98 жолдама жеңіп алып,  тағы бір антирекорд жаңартты. Бұған дейінгі спортшылар саны жөнінен ең төмен деп есептеліп келген 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында бұдан көп спортшы барған еді.

Ауыр атлетикадағы допинг дауына байланысты Токио Олимпиадасында ерлер салмағы қысқарғанын білесіздер. Мұндай шектеу бізді де айналып өтпеді. Бұрын төрт ер, төрт әйел қатыса алатын бәсекеде бұл жолы Қазақстан құрамасы тек екі ғана спортшыға (1 ер, 1 әйел) сенім артты. Шектеуге қарамастан, бап­кер­лер таңдауымен барған Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола медаль иеленді. З.Чиншанлоның күміс медальға таласуға мүмкіндігі бар еді, алайда төрешілер оның бірнеше мүмкіндігін есепке алмады.

Жалпы, аталған спорт түрінен Қазақ­станға толық лицензия бергеннің өзінде спортшыларымыздың жетістігі өзгере қоюы екіталай. Соңғы кезде қаншама ауыр жүкті басынан өткерген ауыр атлетикадан біздің ел артта қалып барады. 2019 жылы өткен әлем чемпионатына барған қазақстандықтар арасында тек Игорь Сон ғана медальмен оралды. Сон­дықтан екі спортшы ғана барып, екеуі де медальмен қайтқанның өзі әзірге жақсы нәтиже.

Әттеген-айы, кезінде допинг дауына қатысы бар деп кінә таққан бапкер Ержан Болтаев қазір Өзбекстан ауыр атлетикасына еңбегін сіңіріп жүр. Оның шәкірті Акбар Жураев Олимпиада рекордын жаңартып өзбек халқына алтын медаль алып берді. Енді осындай бапкерлерге еліміз арқа сүйейтін кез келді. Сондай-ақ кезінде әлем чемпионатында атой салған Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешов, Владимир Седов секілді бұрынғы спортшыларды да ауыр атлетикаға тарту керек секілді. Ең бастысы, допинг дауына қайта ұшырамас үшін құрамаға білікті дәрігер шақыру керек. Ол бірінші кезекте тұрған өзекті мәселе.

 

Бокс державасы болу үшін не істеу керек?

Токио Олимпиадасында Арлен Лопес, Хулио Сесар Ла Круз секілді кубалық боксшылар барлық қарсыласынан басым түсіп, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Ал бізде екі дүркін Олимпиада жеңімпазы жоқ. Сондықтан бізге бокс державасымыз деп айту әзірге ерте. Қазақстанның бокстан бұрын да уыс-уыс алтын алған кезі болған емес. 2000 жылы Сидней төрінде 12 салмақ бойынша екі қазақ чемпион болғанда, Кубаның төрт бірдей боксшысы алтын медаль жеңіп алған еді.

Бүгінде ерлер боксы сегіз салмаққа қысқарғанын білесіздер. Соның өзінде Куба боксшылары төрт алтын алып, Сид­нейдегі жетістігін қайталады. Бірақ кубалықтарды бүгінде Бейжің Олим­пиадасында бірде-бір алтын ала алмады деп айтпайды. Егер біз де ке­лесі Олимпиадада кез келген спорт түрінен алтынды топырлатып алып жат­­­сақ, құра­мамыздың сәтсіздігі лезде ұмы­тыла­тыны сөзсіз.

Жаңа бапкер Ғалымбек Кенжебаев келгелі бокстың салы суға кетті деуге болады. Токио төрінде сегіз салмақ­тың барлығында біздің боксшылар сын­ға түсті. Өкінішке қарай, екеуі ғана қола жүлдеге қол жеткізді. Рио Олим­пиадасымен салыс­тырмалы түрде айт­сақ, Токио додасында төрешілер әділ төрелік етті деуге болады. Тек Сәкен Би­босыновтың жеңісін тартып алды демесеңіз, қалғандары дұрыс. Айт­пай кетуге болмайтын тағы бір жайт, аустралиялық төреші қазақстандық бір­де-бір боксшыға жеңіс бермеді. Тіпті Сәкен Бибосынов қарсыласын «нокдаун» жасағанның өзінде Карл Рухен жеңісті британиялыққа беріп отырды. Соған қарап Карлдың қа­зақстандықтарға «кегі» кеткен бе екен деген ойға қалады екенсің. Тағы да бір байқағанымыз, біздің боксшыларымыз алғашқы раундта сылбыр, аңдып, «ұйықтап» жүріп жұдырықтасты. Ал қалған екі раундта ғана бапкерлердің «әйт, әйт» деуімен қарсыласын қуып жетемін деп әлекке түсіп жатты. Бұл арнайы құрған тактика болса, келесіде міндетті түрде басқа жос­пар ойластырған жөн. Көп боксшымыз қысқа қашықта жұ­дырықтасуды білмей жатты. Оны да ескеру керек.

Жалпы, соңғы жылдары бокс мәнері қатты өзгерді. Бұрынғыдай желіп жүріп, тактикалық тұрғыдан қарсыласыңды тұқырта алмайсың. Қазіргі бокс нағыз төбелеске айналған. Тіпті төрешілердің өзі төбелескіш боксшыларға бір бүй­рек­­тері бұрып тұратынын сонау Рио Олим­пиадасынан бері байқап жүрміз. Бірақ мұны ескеретін біздің бапкерлер жоқ. Боксшыларымыз қарсыластарының ады­мын аңдып, барлау жүргізеді. Сөйтіп уақыттың қалай зымырап өткенін де аң­­ғармай қалады. Бұл ретте Куба мен Ресей боксшыларын айтпағанда Бра­зилия, Өзбекстан, Филиппин, АҚШ бокс­шыларының жанкештілігін мысалға келтіруге болады.

Дегемен де бокс нәтижесі сәтсіз болды. Оны Серік Сәпиев те айтты. Енді Ғ.Кенжебаевқа барлығын өзгертуге болады. Олимпиадаға аттанар алдында «Ақбұлақ» олимпиадалық кешенінде карантинде болғанымызда «менмін» деген жастарымыздың өсіп келе жатқанын көрдік. Олимпиада бітті, енді не істеу керек? Сәкен Бибосынов, Бекзат Нұр­дәулетов секілді боксшылардың әлі құ­рамаға берері көп. «Потенциалы» жоғары жастарды тартып, қалған сал­мақты жаңартса, құрамамыз әлі талай рет жеңіске жетеді.

 

Құр кеуде кере беруге болмайды...

Қазақ балуан, батыр халық деп айтудан әлі жалықпаймыз. Әрине, даңқ­ты Қажымұқан бабамыздан бастап, Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров сияқты балуандарымыздың шоқтығы биік. Алайда еліміз егемендігін алып, жеке мемлекет болғалы балуандарымыз Олимпия ойындарында ала-құла өнер көрсетіп жүр. Сондықтан грек-рим күресіне бір сілкініс керек. Әйтпесе, 1996 жылғы Атлантада Юрий Мельниченко тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш­қылардың бірі болып Олимпиада алтынын жеңіп алды. Өкінішке қарай, Мельниченконың ізбасарлары бұдан кейін жеңіс тұғырына көтеріле алмады. 2004 жылы Афинада Георгий Цурцумия қолда тұрған Олимпиада алтынынан айырылып күмісті қанағат тұтса, Мхитар Манукян қола жүлде алды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Нұрбақыт Теңізбаев күміс медаль жеңіп алды. 2012 жылы Даниал Гаджиев үздік үштіктен көрінді. Рио мен Токио Олимпиадасында Бақтияр Байсейітов баптайтын грек-рим шеберлерінің қоржыны бос қайтты.

Әсет Серікбаев баптайтын еркін кү­рес шеберлері бес салмақта белдесіп, Нұрислам Санаев қола жүлдегер атанды. Тағы екі балуан үшінші орын үшін кү­ресіп, Олимпиаданы бесінші орынмен аяқтады. Нәтиже қанағаттанарлық деуге болады. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада еркін күрес балуандары алты салмақтың бесеуінде жолдама алып тұрып, жүлдесіз қайтқан еді.

Еркін күрес балуандарының 1996 жыл­дан бергі нәтижелеріне көз салсақ, тек Рио Олимпиадасында ғана қор­жынымыздың бос қайтқанын байқауға болады. Мәселен, Атлантадағы алғашқы Олимпиадада Мәулен Мамыров қазақ елін қола медальмен қуантты. Одан кейін Сиднейде Ислам Байрамуков күміс медаль жеңіп алса, 2004 жылы Геннадий Лалиев тағы да тұғыр биігінен көрініп, Қазақстан құрамасына күміс медаль сыйлады. 2008 жылы Қытай астанасында Марид Муталимов қоладан алқа тақты. Арада төрт жыл өткенде Ақжүрек Таңатаров пен Дәулет Шабанбай Лондон төрінде қола медальды қанжығаларына байлады.

Бұл жерде қыздар күресі көңілден шықпады. Рио-2016-да бір күміс, бір қола медаль жеңіп алған қыздарымыз бұл жолы барлығы жүлдесіз қайтты. Нұрлан Аманқосов баптайтын қыздар күресіне шұғыл түрде кеткен қателіктерді саралап, жеңіске жететін жаңа бағдарламаға көшу керек.

 

Чемпиондарға

есесі кетті

Спортта кейде бағы мен бабы қа­тар шаппаса, қанша жерден тырмыс­қа­нымен жеңіс бұйырмай жатады. Токио төрінде сегіз қола медаль алған спортшыларымыздың бесеуі бағы мен бабы қатар шапқанда, жеңімпаз атанар еді. Олар чемпиондардан не финалис­терден сәл ғана басымдықпен жеңіліс тапты.

Олимпиадада Қазақстан қоржынына соңғы сегізінші қола медальды каратэші Софья Берульцева салды. 61 килодан жоғары салмақта сынға түскен ол жар­­тылай финалда египеттік Фериял Аб­делазизбен кездескен болатын. Аса тартысты өткен жекпе-жекте Берульцева 4:5 есебімен жол берді. Ал мысырлық каратэші өз кезегінде финалда жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы атанды.

Бокстан Сәкен Бибосыновтың жағ­дайы да осыған ұқсас. Ол жартылай финалда британдық Жалал Яфаиге 2:3 есебімен жол берді. Бұл кездесу көпке дейін тал­қыланғанын білесіздер. Сәкен­нің жеке бапкері, көптеген маман бұл жекпе-жекте Бибосынов жеңіске жетті дейді. Бірақ болған іс болды. Сонымен Ж.Яфаи финалда филлипин боксшысынан басым түсіп, Олимпиада чемпионы атанды.

Еркін күресте 57 килоға дейінгі сал­мақта белдескен Нұрислам Санаев­тың Токиода алтынға таласатындай мүмкіндігі болып еді. Ол жартылай фи­налға дейін қарсыластарының бар­лығын жеңіп келді. Бірақ финалға шығар тұста Үндістан балуаны Рави Кумарға есе жіберді. Кездесудің аяқталуына бір минут қалғанға дейін Санаев қарсыласын 9:2 есебімен басым тұрған. Алайда қар­сы әдіске түсіп жарыс­ты уақытынан бұрын аяқтады.

Каратэші Дархан Асаділовтің негіз­гі салмағы 60 кило. Аталған салмақ Олимпиада бағдарламасында болма­ған­дықтан, жерлесіміз 67 килода жарысқа түсті. Соған қарамастан ол А тобында үз­дік шығып, жартылай финалда фран­ция­лық Стивен де Костамен кездескен еді. Сәл ғана басымдықпен жер­лесімізді финалсыз қалдырған француз каратэшісі еліне алтын медальмен қайтты.

Ал Қазақстанға алғашқы қола медальды алып берген Елдос Сметовтің жартылай финалдағы жапондық балуанмен белдесуін көп жанкүйер финалдық айқасқа балаған. Себебі екі спортшы арасындағы белдесудің жеңімпазы тек қосымша уақытта ғана анықталды. Онда да Елдос әдіс жасаймын деп өзі «қақпанға» түсіп қалды. Жапон балуаны Токиода топ жарды.

 

Жеңіл атлеттер неге жеңіл емес?

Бұған дейін жеңіл атлетиканың же­тістігі бір ғана адамға байланыс­ты еді. Үш Олимпиадада олжа салған Ольга Рыпакова тұңғыш рет Токиода жүл­десіз қалды. Токио Олимпиадасында бар-жоғы он спортшыдан сәл асатын жеңіл атлеттер басқа Олимпиадаларға қарағанда тым аз. Комментатор Сергей Райлян норвегиялық Карстен Вархольм 400 метрді кедергілер арқылы 45,94 секундта жүгіріп өтіп, әлем рекордын орнатқанын, ал қазақстандық Михаил Литвин 400 метрді «кедергісіз» 47,15 секундта жүгіріп өткенін жазған еді.

Есесіне спорттық гимнастикадан Милад Каримидің өнер көрсетуі көңілге қонымды. Жалғыз өзі жеті жолдама жеңіп алған Милад Олимпиаданың ірік­теу сынында үш жаттығу бойынша финалға өтіп, Қазақстанда өшіп бара жатқан бұл спорт түрінің бойына қан жүгірткендей болды. Ол алғашқы Олим­пиадасында бесінші орын алды. Миладтың болашағы алда деп білеміз.

Жеңіл атлетикадан еліміздің құрама­сында сан бар да, сапасы жағы күмәнді көрінді. Енді осындай проблемалардан арылу үшін не істеу керек? Оны бізден гөрі, спорттың маңында жүрген мамандар білсе керек. Бұл сұрақтың жауабын соларға қалдырайық.

Қазақстан спортының бұл күйі неден? Бокс неге алғаш рет алтын түгіл, күміс­сіз қалды? Балуан елміз дейміз, неге классиктер алғашқы айналымнан аса алмайды? Осылай сұрақтар жалғасып кете береді. Әрине, мұның бәрі қарапайым жанкүйер айналыса­тын шаруа емес. Ол үшін арнайы спорт мамандарының пікірін білдік. Газеті­міз­дің алдағы санында ұсынатын боламыз.

Жапония 27 алтын, 12 күміс және 17 қола медаль алып, Токио Олим­пиадасында үздік үштіктен көрінді. Бұл – тамаша көрсеткіш. Әрине, мұндай кере­мет нәтижеге Күншығыс елі бірден жеткен жоқ. 2012 жылы Лондон Олим­пиадасында медальдар саны жөнінен үздік ондықтан көрінбегеннен кейін, нәтижеге жету үшін олар жылдар бойы еңбек етті. Спортты дамытумен ғылыми тұр­ғыда айналысты. Әрбір спортшының намысын оятты. Қазір де сол бағытпен жүріп жатыр. Дәлел ретінде айта оты­райық. Желаяқ спортшысы 22-орыннан көрінсе де телебағдарламаларға ша­қырып, жанашырлық танытып, қол­дау көрсеткенін көрдік. Мұның бар­лығын олар не үшін істеп отырғанын сұра­ғанымызда, олар қолдауы бар спорт­шының көбісі түптің түбінде ел намысын абыроймен қорғайтынына сенеді. 2012 жылдан бері еткен еңбек жемісін бере бастады. Осыдан бес жыл бұ­рын жапондықтар Рио-2016-да өз тарихында тұңғыш рет 12 алтын медаль жеңіп алды. Ал өз жеріндегі жетістігін жо­ғарыда айттық.

Міне, осындай бағдарлама бізге де керек секілді. Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев айтпақшы, Қазақстанда 19 миллион бапкер бар, 19 миллион сарапшы бар. Әрине, біз спорт маманы емеспіз. Алайда Токио Олимпиадасы спортқа жауапты құзырлы құрылымдардың шынайы сипатын және қандай деңгейде жұмыс істеп жатқанын көрсетіп бергендей. Нәтижеге қарап шұғыл түрде жүйелі ізденіс пен кешенді шешімдер керек екені байқалады. Спорт функционерлері үш жылдан кейін басталатын Париж Олимпиадасына дайындықты бүгіннен бастау керек екенін жақсы түсінуі керек. Мүмкін, чемпион­дарымыз Токио Олимпиадасында кеткен есені Париждегі додада қайтарар. Соған үміттенейік.