Қорғаныс министрлігіндегі кезекті аппараттық кеңесте жауынгерлік даярлық, әскери білім беру және заң шығару қызметіне қатысты мәселелер қаралды, деп жазады Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңесте жауынгерлік оқу-жаттығу барысы талқыланды. Жоспарға сәйкес взводтарды даярлау және батальондарға бақылау тактикалық-саптық сабақтар өтіп жатыр. Алдағы аптада взводтардың жауынгерлік оқ атуын ұйымдастыру бойынша нұсқау беру-әдістемелік сабақтар жаппай өткізіледі.
Армиялық халықаралық ойындарға Қазақстан командасын даярлау аяқталғаны туралы баяндалды. Сайыс нәтижесінде «АрХО – 2021» ойындарының 11 конкурсында Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын қорғайтын үздік әскери қызметшілер іріктеліп алынды. Бүгін оларға қажетті санитариялық-эпидемиологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Командалар әскери-көлік авиациясының ұшағымен ойын өтетін жерге жеткізілетін болады.
Кеңесте әскери білім беру мәселелері де қаралды. Қорғаныс ведомствосының әскери оқу орындарына қабылдау аяқталды. Мандаттық комиссия шешімімен Ұлттық қорғаныс университетіне - 190 офицер, Құрлық әскерлерінің Әскери институтына - 301 курсант, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына - 142 адам, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына 132 жас қабылданды.
Ұлттық қорғаныс университетінде Қарулы Күштердің офицерлерінен басқа, Қазақстанның басқа да әскері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері, мемлекеттік орган қызметкерлері де білім алады. Одан басқа, әскери жоғары оқу орындары халықаралық уағдаластыққа сәйкес ҰҚШҰ елдері үшін де кадр даярлайды. Биыл Арменияның, Қырғызстанның және Тәжікстанның 67 өкілі оқуға қабылданды.
Баяндамаларда әскери институт түлектері тек Қарулы Күштерге ғана емес, Мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және басқа да органдарға қызмет етуге жіберілетіні атап өтілді. Бұл оқу сапасына қосымша жауапкершілік жүктейтіні анық. Қазақстан азаматтарына әскери білім беру өтеусіз негізде беріледі. Сондықтан оқуға түскен әрбір азамат барлық оқыту курсынан өтіп, әскери оқу орнын даярланған маман ретінде аяқтауға тиіс.
Сонымен бірге, жекелеген оқиғалар да кездеседі. Мәселен, кейбір алақол курсанттар бірінші курсты аяқтағаннан кейін азаматтық ЖОО-ның екінші курсына қайта қабылдану мақсатында әскери институттан шығаруға әдейі баянат жазады. Бұл ретте заңнамаға сәйкес олар оқуға жұмсалған шығынды өтемейді. Ал бір жылдық оқу уақыты мерзімді әскери қызмет ретінде есептеледі.
Министр заңнамадағы осы олқылықты жою мәселесін пысықтауға және теріс негіздер бойынша немесе өз қалауы бойынша ЖОО-дан шығарылған курсантты мерзімді әскери қызмет өткеру үшін әскерге жіберу, сондай-ақ оның оқытуға жұмсаған қаражатын өтеуі туралы норманы заңды түрде бекітуге нұсқау берді.
– Білім беруге бөлінген бюджет қаражаты қатаң түрде мақсаты бойынша жұмсалуға және ерекше есепте болуға тиіс. Бұл жерде қулыққа орын жоқ, – деп атап өтті генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев.
Қорғаныс министрлігінің заң шығару қызметін жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Қазіргі уақытта нормативтік құқықтық актілерге әскери қызметке тұру және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр.
Қорғаныс ведомствосының басшысы заңнамаға кез келген түзетуді әзірлеу кезінде оларды жан-жақты, қажет болған жағдайда алқалы түрде мүдделі органдар мен құрылымдық бөлімшелерді тарта отырып қарауды тапсырды.
– Заң нормалары мен ережелерін әзірлеу кезінде, ең алдымен, оларды қолданудағы әлеуметтік салдарды, оның әскери қызметшілер мен олардың отбасының әлеуметтік әл-ауқатына қалай әсер ететінін ескеру және болжау қажет, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Бас әскери-медициналық басқарма бастығы армиядағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал туралы мәлімет берді. Бір апта ішінде COVID-19-ды жұқтырғандар санының төмендеуі 11%-ті құрады. Бірінші компонентті алғандар саны 99% көрсетті, жеке құрамның 95%-і толық вакцинацияланды. Осы жұмысты жалғастыру тапсырылды.