Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімдерінің бірі тапсырған шаруасын шала атқарған іс басқарушысына өз орынбасарының көзінше қатты зекіп ұрсып, кабинетінен қуып шығыпты. Сонда орынбасары: «Бәленшеге, жүйкеңізді жұқартатын мұндай қызметкерді неге ұстайсыз? Пысықтау біреуді алмайсыз ба?», дейді. Бір стақан су құйып ішіп, ашуын басқан әкім: «Ақылың өзіңе. Өйткені команда деген ұғым бар. Иә, ол – оңбаған, бірақ өзімдікі», депті. Осы сөз іле жергілікті шенеуніктер арасында таралып, олар ауыздарынан тастамай айтып жүретін нақылға айналып кеткен.
Ал әкім айтса, айтқандай екен: оның іс басқарушысы болған шенеунік кейін талай жауапты қызметтің басын қайырып, аудан әкіміне дейін көтеріліпті де ақыры парамен ұсталып, сотталып тыныпты.
Ойлап қарасақ, «Ол – оңбаған, бірақ өзімдікі» деген астамшылық ұстаным мемлекеттік қызмет саласында әлі толық тыйылмай тұрған командалық ауыс-түйістің түпкі мәнін білдіретін ұғымға айналғандай ма, қалай? Жаңадан тағайындалған әкімдер мен мемлекеттік органдар басшыларының арасында «Бұрынғы бастығымен ым-жымы бір болған шығар» деген күдікпен өз қарамағына өткен орта буын шенеуніктерге сенбей, өздерінің «сыр шашпайтын, сенімді» серіктерін маңайына жинайтындар барын қазір де ара-тұра байқап, бас шайқап жүрміз.
Олардың ішіндегі «сенгенінен гөрі сүйенгені күшті» жаңа әкімдер командалық ауыс-түйісті тағайындала салысымен еш қымсынбастан бастап жатса, кейбіреулері қол астындағы басқармалардың немесе бөлімдердің басшыларын кабинетіне бір-бірлеп шақырып, әрқайсысына: «Қызметіңнен өз еркіңмен кету туралы өтініш жаз. Орныңа өз адамымды әкелуім мүмкін...», деп алдын ала өтініш жазғызып алып, біртіндеп ауыстырады екен. Ал осындай келеңсіздіктер жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаменттерінің басшыларына сұрақ қойғанда олар: «Қызметінен кеткен орта буын басшы лауазымындағы мемлекеттік қызметшілердің бәрі өз еріктерімен қызметінен босату туралы өтініш берген. Ешқайсысы бізге шағым айтқан жоқ. Бәрі заңды», деп түк білмегенсіп отырады. Ал ойламаған жерден атқарып жүрген басшылық қызметінен айырылып, жұмыссыз қалған шенеуніктердің жағдайын, олардың да асырап отырған бала-шағалары барын ойлайтын ешкім жоқ. Себебі олардың өз мамандықтары мен біліктіліктеріне сай басқа баламалы лауазым бойынша жұмысқа орналасуына ешқандай кепілдік берілмейді. Осыны көрген жас мамандардың жұмысқа құлшынысы мен өз келешегіне сенімі азайып, мемлекеттік қызметтің беделі түсетіні анық.
Сондықтан мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаттарының іске асырылуына мүдделі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі командалық ауыс-түйіс сынды теріс те жаны сірі құбылысты түпкілікті жою жолдарын іздестірсе, құба-құп. Бұл ретте әкімдер мен мемлекеттік органдар басшылары ауыстырылған сайын «өз еркімен қызметінен кету туралы» өтініш беріп жататын орта буын әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік-құқықтық қорғаудың қосымша шараларын қарастыру қажет болар.
Мысалы, жаңадан тағайындалған өңірлер әкімдері мен орталық мемлекеттік органдар басшыларының өздеріне тікелей бағынышты саяси мемлекеттік қызметшілерді, яғни өз орынбасарлары мен облыстық бағыныстағы қалалар мен аудандар әкімдерін ғана (оларды сайлау енгізілгенше) бірден ауыстыруына рұқсат беріп, басқа әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге, соның ішінде, комитет төрағасы, департамент директоры, басқарма және бөлім басшысы сияқты лауазым иелеріне белгілі мерзімге дейін орынсыз тиіспеуін неге заңдастырмасқа? Бұған қоса, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жаңа басшылардың қысымымен «өз еркімен қызметінен босату туралы» өтініш беруін болдырмау мақсатында осындай әрбір фактінің шын себебін анықтап, «командашыл» шенеуніктерді тәртіпке шақыру міндетін өңірлердегі Әдеп жөніндегі кеңестерге неге жүктемеске? Егер осындай мықты қорғаушы табылып жатса, онда заңсыз қудалауға ұшыраған әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің бәрі болмағанымен, бірсыпырасы оған шынын айтып, мұңын шағып, әділдік табуы мүмкін ғой. Мұның өзі шенеуніктердің жоғары тұрған басшылардың озбырлығына үнсіз көне бермей, өз құқықтарын қорғап үйренуіне де ықпал етер еді.