Норвегияның Bike for Peace («Бейбітшілік жолындағы велосипедшілер») қозғалысы «Әлемдік бейбітшілікке қадам» кітабын шығарды, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған қозғалыстың негізін қалаушы Туре Нэрланд атап өткендей, бұл басылым Bike for Peace-тің 45 жылдығы мен Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған. Кітап норвег тілінде шыққан, ағылшын тіліндегі басылымы әзірленуде.
«Бұл кітапта біз Қазақстан туралы көп айтамыз, оның ішінде 2011 жылы Пекин-Алматы-Мәскеу-Берген велошеруі де бар. Біздің сапар Семей маңындағы полигоннан зардап шеккендерді қолдау ұранымен өтті. Сол жылы біз арнайы Астана-Семей-Алматы шеруін де жасаған болатынбыз. Бұл қызықты және танымды әңгіме ғана емес, ол – көптеген керемет фотосуреттер де», деді Т.Нэрланд кітабымен таныстыру кезінде.
Бұған қоса, басылымда Қазақстанның Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов қатысқан ядролық қаруды таратпауды қолдау бойынша Вашингтон-Нью-Йорк туры туралы да айтылған.
«Қазақстанның үлгісі антиядролық қозғалыс пен бүкіл әлем үшін өте маңызды. Сіздің ел ядролық арсеналының барлық бірліктерін бөлшектеп тастады. Бұл үшін біз әлемді ядролық қарудан азат ету бойынша бірқатар маңызды бастамаларды ұсынған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды білдіреміз», деп атап өтті Bike for Peace көшбасшысы.
Кітаптың тұсаукесері Норвегияның оңтүстік аймақтарындағы саясаткерлердің, дипломаттардың, қала әкімдері мен қоғам өкілдерінің қатысуымен Bike for Peace шеруі аясында өтті.
Арендал, Тведестранд және Рисөр қалаларында өткен кездесулер аясында өткен брифингтердің барысында Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Еркін Ахинжанов сөз сөйледі. Қазақстандық дипломат 30 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі төртінші орындағы ядролық арсеналдан бас тарту және Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталды.
Кездесулерге қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның соңғы 30 жылдағы дамуының басты белестерімен, қазіргі уақытта елімізде саяси, экономикалық және әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан реформалармен танысты.
Жуырда норвег тілінде жарық көрген Абай Құнанбайұлының қарасөздері мен таңдамалы поэзиясы шеру барысында норвегтер назарына ұсынылып, олардың аса қызығушылығын тудырды.
Bike for Peace қозғалысы 29 тамыздағы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні аясында Берн-Женева бағыты бойынша велошеру өткізбекші.