• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Әдебиет 31 Тамыз, 2021

Мисиманың «Ясукей мергені»

376 рет
көрсетілді

Күллі оқырманын «Алтын ғибадатханасымен» тәнті еткен Юкио Мисиманың әдебиеттегі ұлы міндеттері сәтімен орындалды деп айтуға болады. Бұлай дейтініміз, ол қаламның құдіретті екенін анық сездірген жапон қаламгерлерінің ішіндегі мінездісі еді. 

«Біз соғыстан кейінгі Жапонияның экономикалық өркендеуге құмар болғанын және ұлттың негізгі қағидаларын ұмытып кет­кенін көрдік. Азаматтар өздерінің ын­ты­мақтастығын жоғалтты, іргелі мәсе­ле­лерді шешпей алға ұмтылды, тоқтап қалу шаралары мен екі­жүз­ділікке бой алдырды және өз жанын бос күйге түсірді. Саясат деге­ні­міз – қарама-қай­шылықтардың, өзін өзі сақтаудың, би­лік­ке құмарлық пен екіжүзділіктің негізі. Жүз жылдан кейін ұлтқа арналған кез келген ұзақ мерзімді жоспарлар шетел­дер­ге бағытталды. Біз жеңілген ұяттың жо­йылғанын емес, оның алдын алғанын және жапондардың өз тарихы мен дәстүрін бұз­ғанын өз көзімізбен көрдік» дейді ол соңғы сөзінде.

 Мисима – масштабпен, анығырақ айтқанда үлкен қимылмен байланысты жазушы. Оның әр тақырыптағы романдары әр кезеңнің қағазға түскен есте­лі­гі сияқты. Шығармашылығы керемет нә­зік­тікке, ұстамдылыққа және өз стилін сақтай білген сұлулыққа толы жазушы қаншама қабілетті болса да, масаттану мен мақтанның соңынан жүгірмепті. Ол қырық бес жасында өзін мерт етпесе, оның әдеби кеңістігі қай деңгейге көтерілерін ешкім болжап үлгерген жоқ. Сол үшін де ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жазушылар арасында шетел оқырмандары тарапынан таңдаулы жазушының бірі санатына қосылды. Сол тұста оған өз туған елі де назар аударды.

Жазушы болу дейтін асқақ арманды ұстанған ол сонау 1941 жылы небәрі он алты жасында «Орман толық гүлденді» атты алғашқы туындысын жариялады. Мектепті енді ғана бітірген баланың бұл жаңалығына әдебиетшілер мен сыншылар қызығушылықпен қарады. Тіпті кейбірі «бұл мүмкін емес», деп мұрын шүйірді. Қалай айтсақ та, Мисиманың әдебиеттегі жоспары ерте кезден қалып­тас­қан. Жасөспірім Мисиманың аталған шығармасындағы стильдің жетілуі мен толық қалыптасуы оның тәлімгерлері мен құрдастарын бейжай қалдырмады. Бұл оқиға болашақ қаламгердің өмірін өзгеше бағытқа бұрып жіберді. Ол ендігі жерде жазу, тек қана жазу деген ұстанымды биік ұстады. Аңсау – сұлулыққа жетелейді деген сөзді осы тұста айтқымыз келіп отыр.

Мисима әлеміндегі сұлулық ең алдымен жапон халқына, сосын бүкіл әлемге ортақ сұлулық. Оның әр романы қазіргі әлем әдебиетінен лайықты орын алып үлгерді. Бүгінде АҚШ-та ең танымал жапон жазушысының бірі де осы талант. Бәрінен маңыздысы, ол – Батыс әлемін өзінің өмірі мен шығармашылығы арқылы Шығысқа жақындата білген мәңгілік автор.

 Мисима жұрт білетін жақсы романдарын өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жазды. Көлемді романдармен қатар шағын әңгімелер де жазып, өз оқырманын таба білген талант иесі. Бір қызығы, оның көшпенділер тақырыбына, анығын айт­қанда, ұлы Шыңғыс ханның әкесі Ясукей туралы әңгіме жазуы. Мисиманың әңгі­ме­лер жинағын парақтап отырып «Ясукей мерген» деген әңгімеге көзіміз түсті. Әңгімені оқи келе кезіндегі ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ Моң­ғол сахарасына сапар шегесіз.

«Бір күні түнде Ясукей өз садағының өздігінен тұрып, шатырдан шығып, са­хараға қарай кетіп бара жатқанын кө­ріп, орнынан қар­ғып тұрып: «Бартан ұлы Ясукейдің садағы қайда барасың?» деп ақырып қал­ған­да, садақ сылқ етіп жерге құлап түсті. Кенет шатыр да те­ңіз­дей теңселді. Тағы бір рет Ясукей бұр­қандардың таулы ойпат аспанында са­йысқандарын көріп, ат тұяғының тау да­ланы дүбірлетіп, жаңғырығы алыстарға кетіп жатқанын естиді. Ертесі ойпаттағы жасыл шөптердің қанға боялып, қарайып қалғанын көреді. Ясукей бұл фәниде патша ғана емес, қазірше басқаларға беймәлім, еш­кімнің ойы­на кіріп те шықпаған бола­шақ­тың нағыз дарынды патшасы болатын. Ясукейдің әлем билеушісі бола­тын­­дығы, өзінің ол несібесін бірте-бір­те байқайтындығы туада маңдайына жазылған. Ясукей күллі әлем тізгінін қолыма алсам деп үміттенеді. Мүмкін, мұнысы күллі әлемді жаратып, тізгін-шылбырын мықты меңгерген жаратушы тәңірмен кеңескісі келгені шығар». Әңгіме осылай басталады. Дала билеушісінің дара қиялы, пайымы, парасаты толық ашылып тұр. Күлік мініп, күн астына жортқан тайпа әміршісінің үміті де шығарманың шырайын келтіріп тұр. Көшпенді халықтың баласы емес, Күншығыс елінің қаламгері жазған Ясукей бейнесі барған сайын өз қиял әлеміңізде биіктей береді.

«Ясукей аналық ақ мысық пен аталық ақ мысықтың орман арасында бір-біріне жабысып, адамның ақылы жетпейтін беймәлім қимыл жасағандарын көрді. Бұны барып тұрған әдепсіздік, жолдан тайғандық деп ашуланған ол екі мысықты қылышпен шауып тастады». Бұл сөйлемде жазушы дала сардарының ұлт мінезі арқылы көшпенді халықтарға тән ұяңдық пен биязылықты, қала берді батылдықты айтқысы келген сияқты. Әңгімеге кірістір­ген оқиғаларды құрастыру жағынан да Ми­сима біз мықты деп санайтын ешбір қаламгерлерден осал түспейді. Тіпті ол ойлы диалогтар арқылы шығармасын оқып отырған оқырманды жіпсіз «байлап» отырады. Сіздің сол сәтте «ары қарай не болар екен» деуіңіз бек мүмкін.

Міне, желік қуған Ясукей екеу болып сейілдеп жүрген Шилатудың қалыңдығын тартып алуға аттанды. Ағалы-інілі үшеуі Шилатуды өлтірмекші. «Шилатудың бұлдыр бейнесі алыстан сағымданады. Ясукей бір сәт көңілін орнықтырып алды да: – Әйел заты қаша алмайды, оны үшеулеп қуалық, – деді». Сол сәтте Ясукейдің ойына орман арасынан көрген екі мысықтың әрекеті оралады. Сол үшін де ол Шилатудың жас сұлуын екі бауырынан қызғанады. Мисиманың қаламы бізге ғадауат пен махаббаттың әрқашанда егіз екенін тағы бір рет есімізге салады. Тіл шұрайлылығы да Мисимада жетіп асады. «Бұлттардан қан тамбады», «айдынға құлаған ақ бұлттар», «Сылқылдай аққан бұлақ суының әсем сыңғыры» деген сияқты оқшау теңеулер осы әңгімеде молынан кездеседі.

Кейіпкердің жан дүниесі де шығарманы оқып отырған адам үшін аса маңызды. Бұл жағынан Мисима еш ұтылмайды. Ол Ясукейдің Шилатуды өлтіргеннен кейінгі алғашқы әрекетін тамаша суреттейді. «...Беті нарттай қызарған Ясукей атына қарай жүгірді. – Несіне асығасың, әйел қа­шып кете алмайды, – деді Некүн қал­жың­дап». Бұл оқыс қимыл тек Ясукейге ғана емес, сол сәтті басынан өткізген әрбір дала шонжарларының іс-әрекеті деу­ге болады. Себебі көшпелі дәуірде әйел жеңіс­тің, кектің, батырлықтың символы болды. Өлген Шилатудың әйелін иемдену Ясукей үшін келесі жеңіс екенін Мисима осы туындысында толық ашып бере алған. Әңгіме Ясукейдің Олхонод тайпасының жас сұлуын әйелдікке алғанымен аяқта­ла­ды. Мисиманың «Ясукей мергені» қарт тарих­тың сансыз жұмбағының бір тара­уын ашқандай күй кештіреді. Оның жетіс­тігі – Ясукей сынды тарихи тұлғаның бей­не­сін қаз-қалпында қағаз бетіне түсіре ал­ған­ды­ғында. Қалам ұстаған әрбір қалам­гер­дің өнер жолындағы мұраты да сол болса керек.