2-10 қазан аралығында Норвегияның бас шаһары – Ослода шымылдығы түрілетін әлем чемпионатында Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері қандай құрамда күш сынасатыны белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Скандинавия түбегінде «классиктер» салмақ дәрежесі бойынша түрлі түсті жүлделерді сарапқа салады. Боз кілемге шығатын біздің балуандарымыздың барлығының да есімі қалың көрерменге жақсы таныс.
Мәселен, 67 кило салмақта күрестін Алмат Кебісбаев әлем чемпионатында төрт рет жеңіс тұғырына көтерілген. Қандасымыздың еншісінде бір күміс және үш қола медаль бар. Алматқа енді тек алтын ғана жетпей тұр. Сол мақсатына ол Ослода қол жеткізеді деп үміттенеміз.
60 кило салмақтағы Айдос Сұлтанғали 2018 жылы Будапеште қола жүлдені қоржынға салса, 55 кило салмақтағы Қорлан Жақанша осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған жарыста күміспен күптелді.
Ал Сұлтан Әсетұлы (63 кило), Мақсат Ережепов (82 кило), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) және Ерұлан Ысқақовтың (97 кило) Азия чемпионы деген атақтары бар.
Сондай-ақ, біраз жылдан бері ұлттық командамыздың сапында өнер көрсетіп жүрген Қаһарман Қисметов (72 кило), Темірлан Шадукаев (77 кило) және Әлімхан Сыздықов (130 кило) сынды сайыпқырандар да көптеген байрақты бәсекелерде топ жарған.