• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Қыркүйек, 2021

Жұмыс нәтижелері баяндалды

236 рет
көрсетілді

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалау кеңсесі мен Ақмола облысының әкімдігі бірлесіп, «НКВД ГУЛАГ-ының лагерьлерінде құрбан болған және зардап шеккен қазақстандықтар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері бойынша материалдар жинау тәжірибесімен алмасу туралы» семинар өткізді.

Республикамыздың түкпір-түкпірінен байланысқа шыққан жұмыс топтарының өкілдері осы тақырыпқа қатысты өз ақпаратын бөлісіп, тәжірибесін ортаға салды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, Жобалық кеңсе басшысы Сабыр Қасымов өз сөзінде бүгінге дейін әлі талай лагерьдің жұмбағы шешілмегенін айтып өтті.

«Қай қоғамда да адам өмірі қымбат. Ал дәл осындай лагерьлер Сталиннің болмысынан хабар береді. Бұл әрекеті демократиялық қоғамда қабылданбай, үлкен сынға ұшырады. Арнайы лагерьлер, НКВД лагерьлері, Сталинше айтқанда, еңбекпен түзету лагерьлері – большевиктік-сталиндік репрессия саясатының көрінісі. Бұрынғы КСРО кезінде бұл лагерьлер республиканың бар­лық аймағында ашылған еді. Репрес­сия барлық аймақта жүргізіліп, барлық халық­қа кесірін тигізді», деді ол.

Семинар жұмысында саяси-қуғын-сүргін кезеңінің лексикасында «тәркілеу» терминімен қатар «экспроприация» термині қолданылатыны аталып өтілді. Сөздіктерде осы ұғымның келесідей сино­ним­дері бар: «тонау», «тартып алу», «алып қою», «қол сұғу». Дәл осы терминдер Қазақстан тұрғындарының бүкіл мүлкі тәркіленді дегенді сипаттауға жарайды.

Сонымен қатар Сабыр Қасымов зерттеушілер мен бүкіл қоғамды жалпы тақырыпты да, жекелеген фактілерді де саясиландыруға жол бермеуге шақырып: «Біз әр семинарымызда осындай нәубет жылдары бұрынғы Кеңес Одағының барлық халқы зардап шеккенін айтып келеміз. Сондықтан өзге халықтар мен мемлекеттерді айыптаудың, кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ», деді.

Одан кейін семинарды ұйымдастыру­шылардың бірі – Ақмола облысы әкімі­нің орынбасары, саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарын толықтай ақтау бойынша өңір­лік комиссияның төрағасы Айна Мысыр­әлімова сөз алды. Ол жұмыс топтары­ның зерттеу жұмыстарына тоқталып, 22 мем­лекеттік архивтен құжаттар жинақ­талғанын хабарлады. Аймақтағы архив­тердегі материалдарды зерттеу әлі де жалғасатынын айта келе, жұмыс топтарының тапқан жаңалықтарына тоқталып өтті.

Мемлекеттік комиссия жұмыс тобы­ның мүшесі, VІІІ жұмыс тобының жетек­шісі, саясаттану ғылымдарының докторы Наталья Калашникова семинарға қатысушыларға ашық архивтермен қатар, жабық архивтерде де жұмыс істелу маңызды екенін айта келе, жұмыс тобының негізге алған барлық бағыты бойынша жұмыс істей алатынын жеткізді. Яғни құпия құжаттарды табу, ондағы мәліметпен танысу сияқты жұмыстар да қамтылу керектігін айтты. Сонымен қатар ол жұмыс істеуге қажет архивтер тізімін де ұсынды. Одан бөлек, Мем­лекеттік архивте жұмыс істеу ретін де түсіндіріп өтті.

Ақмола өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Көк­шетау университетінің доценті Ақбота Бексейітова жұмыс тобы жүргізген экспедиция нәтижелеріне тоқталып, келешекте өңірлік жұмыс тобының карта жасау жос­парын хабарлады. Одан бөлек Ақмола облысының өзінде 19 тұрақ табылғанын мәлімдеді.

«Бізде қазір олардың алтауы жөнінде ақпарат бар», деп сталиндік лагерьлер туралы жалпы ақпарат берді.

Нұр-Сұлтан қаласы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, «Алжир» мемориалды-музей кешенінің директоры Самат Тергембаев архивтердегі жұмыс нәтижесінде лагерьлерге жіберілген әйелдердің тізімі жасалғанын хабарлады. Жалпы, 8 мыңға жуық әйел ГУЛАГ-қа жіберілгені анықталған. Оның айтуынша, бұл тізім әлі де жаңартылмақшы. 

Батыс Қазақстан өңірлік тобының жетекшісі Альфия Байболсынова Оралдағы лагерьлерде 2 мыңнан 5 мыңға дейін адам ұсталғанын айта келе, олар, негізінен, 3 бағыт бойынша жұмыс істегені мәлім болғанын хабарлады.

Сабыр Қасымов әуелде Батыс Қазақ­стан облысында лагерьлер болмады деген хабар болғанын, тәжірибе мен ақпарат алмаса келе, тың ақпараттың жарыққа шыққанын айтты.

Алматы облысы өңірлік жұмыс тобы­ның жетекшісі, Саяси қуғын-сүр­гін құр­бан­дарын еске алу облыстық тари­хи-өлкетану музейінің директоры Мейіржан Мұсабаев аймақтағы тұтқындар үйі мен лагерьлерге тоқталып өтті. Оның айтқан мәліметіне сүйенсек, Алматы облысындағы «Алматы» оқшау­ла­ғышында 1932 жылы 1 732 тұт­қын болған. Сол жылдың қазаны мен желтоқсан соңына дейін лагерьге күніне 50-150 адамнан әкелініп отырған. Одан бөлек Алматыдағы еңбекпен түзету үйі, Талдықорғандағы тұтқындар үйі сынды жазалау үйлеріне де тоқталып өтті. Жаркент түрмесін мемлекет меншігі ретінде белгілеп, ескерткіш қою туралы ұсыныс білдірді.

Павлодар облысы өңірлік жұмыс тобының жетекшісі, архив ісінің ардагері Қаншайым Мақажанова бір ғана Павлодар облысында қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпарат табуға болатын 50 қордың анықталғанын хабарлады. Тергеу жұмыстарын талдау барысында ату жазасы сияқты шешімдерді қабылдаған органдарды анықтау мүмкін болған. Ендігі кезекте жұмыс тобы жергілікті полицияның ведомстволық архивінде жұмыс жүргізетінін хабарлады.

Семинарға басқа да аймақтардан қосылған қатысушылар өз жұмыстары­ның нәтижесін таныстырып, жоспарларын ортаға салды. Мемлекеттік комиссия мүшелері тиісті ұсыныстарды қабыл­дау­мен қатар, атқарылған жұмыс­тарға байланысты кейбір ескертулер де жасады.