Шекара – елдің шебі. Ол ит тұмсығын батырмақ түгіл, ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қасиетті жерімізге көз алартқан дұшпан бұзып өте алмайтындай, болаттай берік болуға тиісті. Әйгілі саяси жетекші Василий Клочковтың сөзін сәл өзгертіп айтсақ, Қазақстан – кең-байтақ, бірақ шекарадан шегінетін жер жоқ, артта – туған ел.
Біз 1969 жылы бұрынғы Кеңес Одағы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараға байланысты дау-дамай туып, Ресейге қарасты Даман аралы мен Қазақстандағы Жалаңашкөл көлі маңында қарулы қақтығыс болып, екі жақтан да көп адам қаза тапқанын ұмытқан жоқпыз. Аллаға шүкір, кезінде құдіреті күшті империя саналған Кеңес Одағы көршілес Қытаймен бейбіт жолмен келісімге келе алмай, өзара қырқысып, қырғи-қабақ болған мемлекеттік шекара мәселесін еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен түпкілікті шешіп, шегендеп алды. Соның нәтижесінде Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көрші елдердің бәрімен тату-тәтті қарым-қатынас орнатып, тыныш өмір сүріп келеміз. Ал шекара мәселесін дұрыс шеше алмаған кейбір бұрынғы кеңестік елдердің арасында қазіргі кезде не болып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп-біліп жүрміз. Ондай дау-дамайда алдымен шекарашылар зардап шегіп, оққа ұшып, құрбан болып жататындығы да мәлім.
Сондықтан да шекара әскерінің орны бөлек. Елдің шетінде, желдің өтінде Отан алдындағы әскери міндетін атқарып жүрген шекарашылардың өзге әскер түрлерінен басты айырмашылығы – ұдайы жауынгерлік қызметте жүретіндігі. Өзге әскер сарбаздары әскери жаттығулармен айналысып, «ықтимал жаумен» шайқасқа теория жүзінде әзірленіп жүрсе, шекарашылар әрдайым қолдарына оқтаулы қару алып, мемлекеттік шекараны күзетумен, әрілі-берілі өткен адамдардың құжаттарын тексерумен және заңсыз көші-қонмен, контрабандамен күреспен айналысады. Демек, шекара күзетінде жүрген сарбаздар мен сардарларға бірінші кезекте лайықты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасалғаны жөн. Алайда...
Осыдан бірер жыл бұрын Қытайда тұратын екі қазақ жігіті мемлекеттік шекараның Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы тұсынан заңсыз өтіп, екі мың шақырымдай жердегі Алматы қаласына келіп, сонда бұқаралық ақпарат құралдарымен кездеспекші болғанда ғана ұсталғандығын естіп, қайран қалғанымыз бар. «Сонда біздің шекарамыздың беріктігі, шекарашыларымыздың қырағылығы қандай болғаны?» деген сұрақ туындаған. Парламент Мәжілісінің депутаттары да осы сауал төңірегінде ойланып, әуелі шекара күзетінде келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздардың және шекарашы сардарлардың жалақысы қандай екендігін сұрастырып біліпті. Олардың жағдайлары мәз емес екен. Мәселен, келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген шекарашы сарбаздың жалақысы 78 мың теңге ғана болып шыққан. Сол себепті шекара әскерінде кадрлардың тұрақтамаушылығы белең алып, келісімшартпен қызмет атқарушы сарбаздар жетіспегендіктен, шекара күзетіне мерзімді әскери қызметке шақырылған тәжірибесіз жас жігіттерді де тартуға тура келеді екен...
Мәжілісмендер осы мәселеге Үкіметтің назарын аударуға күш салғанымен, ондағы шенеуніктер: «Тек шекарашылардың жалақысын көтеру мәселесін қарау әділетсіздік болады. Олардың жалақысы алдағы уақытта өзге әскерлермен бірге көтерілетін болады», деген тұрғыдағы «сырғытпа» жауап берген. Дегенмен депутаттардың сөзі жерде қалмай, биылғы жылдан бастап шекарашылардың жалақылары едәуір өсіріліп, көңілдері көтеріліп қалған көрінеді. Енді шекара әскерінің беделі артып, ондағы кадр тұрақтамаушылығы азайып, мұның өзі шекарашылардың қырағылығын арттыруға септігін тигізеді деп үміттенеміз.
Шын мәнінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара әскері – Қорғаныс министрлігіне қарасты көп әскер түрлерінің бірі емес, бірегейі, һәм элиталық әскер болса, құба-құп.
...Біз балалық шағымыз тұспа-тұс келген кешегі кеңес заманында жасыл фуражка киген шекарашы жігіттерге қызыға қарайтынбыз. Бірақ шекара қызметіне таңдаулылар ғана алынатын. Олардың көбі кейін әскери қызметін мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде жалғастырушы еді.