Елбасы кітапханасы қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының мұрасын дәріптеу мақсатында әлеуметтік желілерде жариялаған «V Абай оқулары» әдебиет сайысының жеңімпаздарын марапаттады, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директоры Бақытжан Темірболат ашты.
«Елбасы Н.Ә. Назарбаев Абай мұрасының қазақтың ең қасиетті қазынасы екенін әрдайым белгілейді. Оның бұл ойын қолдайтын мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та Абайдың өсиет-өнегесі XXI ғасырдағы жаңа Қазақстанды биіктерге жетелейтінін алға тартады.
Абай Құнанбайұлы – Ұлы дала тарихына өшпес із қалдырған дара тұлға. Оның шығармаларын насихаттау жолдары мен тәсілдері жылдан жылға түрленіп, кемелдене түсуде. Ақынның өлеңдеріне цифрлық технологияны пайдаланып, саналуан бейнеролик түсіріп, бірнеше тілде насихаттаған жастардың талабы мен жігері, актерлік шеберлігі таң қалдырады. Әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеген Абайдың ғақлияларын зердеге тоқу әрі шеберлікпен пайдалана білу – ұрпаққа міндет. Ал өскелең ұрпақтың зердесін ашып, ұлттық мәдениетіміз бән әдебиетіміздің тұнық нәрін санасына сіңіру - біздің парызымыз», деді ол.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай әдебиет сайысының жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтады.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған бүгін жеңімпаздар Абай бабамыз бен ұлт мәдениеті алдындағы перзенттік парызын орындауда адалдық танытты. Осы орайда Елбасы кітапханасының Абай мұрасын насихаттауда жаңа кезеңді, жаңа мәдениетті бастап жатқанына ризамын», деді Мәжіліс депутаты.
«Естеріңізде болса, Елбасының шешімімен Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланған болатын. Абайға деген бетбұрыс сол кезеңнен бастау алды. Халықты білім мен еңбекке үндеген Абайды оқыған адам үлкен дәрежеге жететіні сөзсіз. Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз – ғылымға басқан алғашқы қадамдарыңыз», деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір.
Әдебиет сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Елбасы кітапханасының қорынан арнайы кітап көрмесі әзірленді. Көрмеде Абайдың 40-қа жуық еңбегі, белгілі отандық абайтанушылардың ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеген монографиялары, сондай-ақ ұлы ақынның шет тілдеріне аударылған туындыларының аудармалары қойылды. Көпшілік назарына сондай-ақ музыкалық қойылымдар ұсынылды. Сайыс қатысушылары да өлең жолдарын оқып, құлақ құрышын қандырды.
Игі дәстүрге айналған Абай оқуларына 5 жылдың ішінде 4000-ға жуық адам қатысып үлгерді. Биыл 56 финалист іріктеліп, 11 жеңімпаз анықталды. Әділ қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі орындар мен номинацияларға ие болғандар:
Гран-при – Нұр-Сұлтан қаласының Мәшһүр Жүсіп атындағы № 57 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Гүлназ Еңсебаева.
«Шыны керек, бас жүлдеге ие болам деп ойламаппын. Сайысқа қатыстырған бейнероликті тек жеке дарынымды дамыту үшін түсірген болатынмын.
Сондықтан да әділ қазылар алқасының жоғары бағасын үлкен абырой деп санаймын. Бүгінгі жеңісім енді жаңа белестерді бағындыруға ынталандырып отыр», деді Гран-при иегері.
І орын – Павлодар облысы, Ақсу қаласы Жамбыл орта мектебінің 4-сынып оқушысы Айдана Ахман;
ІІ орын – Қазақстан Республикасы Президент Іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының жетекші менеджері Арай Жылқыбаева, Екібастұз қаласы №13 Жалпы орта білім беру мектебінің 1-сынып оқушысы Жігер Хасен;
ІІІ орын – Павлодар облысы, Ертіс ауданы №4 Орта мектебінің 4-сынып оқушысы Роман Кузнецов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2-курс студенті Рамазан Ержігіт, Қарағанды медицина университетінің 3-курс студенті Әсем Тұрмаханда.
Сайысқа атсалысып, көптің көңілінен шыққан үміткерлерге де номинация берілді. Атап айтқанда:
«Ең белсенді қатысушы» – Қарағанды медициналық университетінің 2-курс студенті Аружан Амантаева;
«Көрермен көзайымы» – Ақтау қаласының №21мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Айзере Махамбет;
«Ең іздемпаз үміткер» – Ақтөбе қаласы № 47 орта мектебінің 2-сынып оқушысыТемірлан Қонақбаев;
«Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттаушы» – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 1 курс студенті Медина Бейсен.
Топ жарып, жеңісті қанжығасына байлаған қатысушылар диплом мен естелік сыйлықтармен марапатталды.
Естеріңізге салсақ, «Instagram», «Facebook» әлеуметтік желісіне сайыскерлер жариялаған бейнероликтермен #біздіңАбай, #Абайәдебиетэстафетасы, #ЕлбасыкітапханасыАбай хештегтері арқылы танысуға болады.