• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Қыркүйек, 2021

Профилактикалық медицинаның парқын білмей жүрміз

951 рет
көрсетілді

Медициналық көмектің жаңа перспективалық жолдары ашылып, біраз жаңалық енгізілді. Мысалы, жүрекке, нейрохирургиялық, травматологиялық-ортопедиялық, жас балалардың туа біткен кемістіктеріне және басқа ағзаларға ота жасау деңгейі әлемдік деңгейге жетті десек қателеспейміз.

Тіпті, ағзаларды (жүрек, бауыр, бүйрек және т.б.) алмастыру (трансплантология) оталары тек Нұр-Сұлтанда ғана емес, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қа­лаларындағы клиникаларда ке­ңінен қолданылуда. Біраз маман-дәрігерлер шетелдік клиника­ларда арнайы дайындықтан ­өтіп, елімізде дәрігерлік көмектің көк­жиегін кеңейте түсуде. ЭКО (экстрокорпоралдық жолмен ұрық­тандыру) арқылы баланы өмірге әкелу ісі қолға алынуы нәтижесінде соңғы 26 жылда 25 мыңнан астам бөбек дүниеге келіп, ата-аналарын қуантып отыр. Биыл ЭКО арқылы көмек квотасы 7 мыңға дейін өсті. Бұл қол жеткізген жетістіктерімізден бір ғана мысал.

Әлеуметтік міндетті ме­ди­­­циналық сақтандыру қо­ры ден­саулық сақтау ісі­нің жақ­са­руы­на өз үлесін қо­сып отыр. Нау­қастарды стацио­нар­ларға жат­қызу, емдеу, оңал­ту жолда­ры біраз өзгеріске ұшырады. Жос­парлы түрде емделетіндер емханада толық тексеруден өтіп барып, портал арқылы ста­ционарлық ауруханаға жат­қы­зылады. Ал ерте кезде қит етсе болды, тіке барып ауруханаға жата беретін, ал бүгінде шұғыл жағдайда ғана порталсыз барады. Егер ертеде стационарда бірнеше апта емдесе, қазір әрі кетсе 10-14 күн емдейді. Әрі қарай негізгі оңалту ем-ша­ралары амбулаториялық жағ­дай­да, яғни үйде немесе арнайы оңалту емдеу мекемесінде жүргізіледі. Бұл бізде ғана емес, әлемдік практикада қолданылып жатқан тәсіл.

Қазір әлемді дүрліктіріп отыр­ған коронавирус пандемиясы бәзбір жүйелерді қайта қарауға, өзгерістер енгізуге мәжбүрлеп отыр­ғаны аян. Аурулардың алдын алу мәселесі алғы шепке шықты. Кеңес заманындағы «Бо­лашақта денсаулық сақтау ісі профилактикалық медицинада болады» деген КСРО-ның алғашқы Денсаулық сақтау ми­нистрі Н.Семашконың сөзі орын­ды екенін мойындауымыз керек.

Кезінде денсаулық сақтау саласының майталманы, жаңа­шыл дәрігер, көп жылдар Ал­маты медициналық универ­си­тетінің ректоры, Денсаулық сақ­­тау вице-министрі болып ең­бек еткен, медицина ғы­лым­да­рының докторы, профессор, марқұм Айқын Ақанов про­­фи­лактикалық медицинаға көп­­шіліктің көңілін аударып, республикада «Саламатты өмір салты» орталықтарын ашу­ға зор үлес қосты. Халық ара­сын­да санитарлық-меди­цина­лық білімді жетілдіруге осы «Са­­ламатты өмір салты» орта­лықтарының, бұрынғы Кеңес заманындағы «Санитарлық ағар­ту үйлері» сияқты көмегі мол болды. Өкінішке қарай, соң­ғы жылдары сол санитарлық-медициналық ағарту ісі қожы­рап, тіпті жоққа айналды. Қа­зіргі жұрт ел арасында қаңқу сөздерге, жалған, дүмбілез ақ­параттардан сауатын «жетіл­ді­ріп» кімдікі рас, кімдікі жалған екенін түсіне алмай, бас­тары қатып, дал болып жүргенін көріп жүрміз. Әлеуметтік желіде де нешебір желдей ескен фейк хабарлардан көз талады. Cөйтіп, солардың барлығы жиналып келіп жұртты түсінбеушілік­ке апарып ұрындырады. Мыса­лы, алысқа бармай-ақ қазіргі коро­навирус пандемиясы туралы, оның таралу жолдары, клиникалық белгілері, емдеу тәсілдері мен алдын алу ша­ра­лары, екпе егу (вакциналау) жай­­лы кім не жазбай, не айт­пай жүр? Ковидті қойдың құй­рық майымен, зімбірмен, ли­мон­мен, пияз-сарымсақпен, сау­мал­мен, шұбатпен, спиртпен, арақ­пен және сол сияқты заттармен ем­деуге болады деген мәліметтерден құлақ тұнады. Солардың барлығын түйсіктері­не түйіп алған пациенттер және оның туысқандары дәрігерлер­ге сенімсіздікпен қарап, қарсы­лық көрсетіп, дәрігерлердің ем­деу тактикасына кедергі жа­сап жататыны жасырын емес. Қазіргі кезде қара халық дәрі­герлерге емес, емшілерге, тә­уіп­­терге, сынықшыларға, құма­лақ­шыларға көбірек сенетін болып бара жатқанын байқап отырмыз. Неге олай болды? Өйткені медициналық көмек алу мәселесі ертерекпен салыстырғанда едә­уір күрделеніп кетті. Уақыты­сын­да балалар емханасы, әйел­дерге кеңес беру орталығы, туберкулез диспансері жалпы емханадан бөлек, дербес бола­тын. Қазіргідей бір емханаға барлы­ғы «тоғытылып», ығы-жығы, айқай-шу болмайтын. Бүгіндері дәрігерге көріну «қияметтің қия­меті» болғанын көріп жүрміз: кабинеттер алдында топ-топ болып жиылған халық, жылаған жас бала, жөтеліп-қақырып отыр­ған таяқ сүйенген қарт кісі, демін әрең алып отырған аяғы ауыр келіншек және т.б. Бір күнде тексеріліп шығу мүм­кін емес. Осыны көріп, тауы ша­ғылған науқас дәрігерлерге емес емшілерге, сынықшылар­ға кетуде. Келмеске кеткен Кеңес дәуірін аңсап отыр, ностальгия деп ой түймеңіз. Ол кезеңнің де жақсы, жағымды істері, дәстүрі, жөні мен жүйесі болғанын неге ұмытамыз? «Барлығын қиратып, жаңадан бастаймыз» дегеніміз ақылға сыя ма?

Ой таразысынан өткізсек, халық арасында белгілі білгір ғалым-дәрігерлер есімдерін біле­тіндер азайып кетті. Олар га­зет-журналдар, телеарналар ар­қылы халық алдына көп шыға бермейді. Соның салдарынан халық арасында санитарлық-медициналық білім саласы то­қырауға ұрынды. Телеарналар көп ретте шоулармен, берекесіз концерттермен, конкурстар мен байқаулармен, мардымсыз, ойсыз сұхбаттармен, сериалдармен қабаттасқан, жағаласқан жарнамалар көпшілікті мезі етті. Неге бір мезгіл білімді де бі­лікті медицина қызметкерлерін телеарнаға шақырып, салиқалы хабарлар жүргізбеске? Оны рет­тейтін кім? Бала кезімізден есі­мізге жатталып қалған, не­гізгі мамандығынан бөлек са­ни­­тарлық-ағарту ісіне ерекше мән берген академиктер И.Қа­рақұлов, Б.Атшабаров, К.Ор­мантаев, Т.Шарманов, про­фес­сорлар Е.Оразақов, С.Бал­мұханов, С.Әміреев сияқты ға­лым-дәрігерлер бүгінде неге жоқ? Қазіргі белгілі ғалым-дәрі­герлер уақыттың ығына мүл­де көніп кетті ме? Неге олар­­дың белсенділігі төмен? Ха­­лық алдына шығып неге жөн көр­сетпейді? Көпшілік ха­лық үшін арнайы санитарлық-ағарту тақырыбында басылып, қолға тиер кітаптар, кітапшалар көзден бұл-бұл ұшты. Неге? Мем­лекеттік тапсырыстар олар­ға неге жоқ? Әлде ерте заман­дағыдай балгерлер мен бақсыға жол беріп жүре береміз бе? Ой­ланатын мәселе...

Айта берсек, бұл бағытта ортаға салатын мәселелер, ақ­сап жатқан, жетіспейтін, жүр­гізілмей тұралап жатқан іс-ша­ралар аз емес. «Ауруды емдеп-жазғаннан гөрі, оның алдын алу жеңілірек» деген қанатты сөз орынды айтылған. Кез келген аурудың алдын алмайынша оны емдеп жеңеміз деу үлкен қате­лік. Сондықтан профилактикалық медицинаны көлеңкеде қал­дыруға еш болмайды. Бұл әр­кез медицинаның бір басты са­ласы деп қабылдаған жөн. Со­зылмалы аурулары бар адамдар­ды диспансерлік есепке алып, мезгіл-мезгіл медициналық тексеруден өткізіп, дер кезінде ем жүргізудің де мәнісі зор. Жү­­рекке, миға күрделі оталар­дан кейін, қимыл-тірек орган­дарының аурулары мен сүйек жарақаттарының салдарынан туындаған дертті дер кезінде оңалту (реабилитация) мәселесі де күн тәртібінен түспеуі керек.

Қазақ атамыз ежелгі заман­да-ақ «Басты байлық – денсау­лық» деп тауып айтқан. Денсаулы­ғы жоқ адамға байлық та, қыз­мет те, атақ та көк тиынға қажеті жоқ. Халық денсаулығы қандай қоғам, қай мемлекет болсын баға жетпес байлық болып қала бермек. Барлық жетістік, табыс, жаңалық адам игілігіне қызмет ету керек.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор