Түркістан облысында былтыр 118 мың гектар аумаққа мақта отырғызылған болатын. Соның ішінде Мақтаарал мен Жетісай аудандарында 87 мың га мақта тұқымы себілді. Бұл – облыстағы барлық мақта аумағының 73,7 %-ын құрады. Алайда қазіргі таңда мақта шаруашылығы тұралаудың алдында тұр. Осы саладағы мәселе шаш-етектен.
Облыс халқының күнкөріс көзі көбіне – мал шаруашылығы, сауда-саттық, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру. Шаруалар негізінен жеке ұсақ шаруашылық болып бөлінген. Олар мақта, көкөніс, қауын, қарбыз және мал азығы өнімдерін өндірумен шұғылданады. Екі аудан аумағында ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын ірі бірлестіктер, фирмалар мен кооперативтер саны саусақпен санарлық.
Соңғы жылдары су тапшылығының әсерінен суармалы жерлердегі жер асты суларының көтерілуі, минералданудың жоғарылауы, жердің сорлану деңгейінің күшеюі байқалуда. Бұл өз кезегінде суармалы жерлердегі ауылшаруашылық өнімдерінің әр гектарынан алынатын шығымдылық деңгейін төмендетті. Әлбетте, мемлекеттің қолдауымен өңірдің суармалы жерлерінің мелиорациялық жағдайын ретке келтіруге біршама жұмыс қолға алынған. Мысалы, «Достық» каналынан су алатын екінші дәрежелі каналдар бетонмен қапталып, ондағы су реттегіштер жаңаланды. Бұған қоса, жалпы ауданы 70,3 мың гектар болатын облыстың үш ауданын қамтыған, оның ішінде Мақтаарал ауданында 39,7 мың гектарды құрайтын суармалы және дренаж жүйесін жетілдіру жобасын іске асыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Су шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар, ауқымды құрылыс жұмыстары келешекте өңірдің суармалы жерлерін сумен қамтып, жердің мелиорациялық жағдайын жақсартуға ықпал ететіні хақ.
Дегенмен де келешекте халық тығыз орналасқан өңірлерде ағын суға деген сұраныс арта түсетіні заңды құбылыс. «Достық» каналынан алынатын су мөлшерінің кемуі, оның тұздануы, ластануы қазіргіден де артуы мүмкін. Ал оның алдын алу үшін бірқатар мәселелер мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс. Мысалы, су тапшылығы, суармалы жерлердің сорлануы және олардың бір алапта орналаспауы ішкі суару жүйелерін (каналдарды), ашық қашыртқыларды (коллекторларды) қайта құру керектігін көрсетеді. Бірақ бұған мемлекет бюджетінен қыруар қаражат пен ұзақ уақыт қажет. Мемлекет бюджеті шектеулі. Осы жағдайды ескере отырып, мемлекеттің қолдауымен қазіргі іске асырылып жатқан жобаларды жедел әрі сапалы аяқтау керек.
«Достық» каналы арқылы алынатын су мөлшерін (лимитті) қайтымды су есебінен көбейту мәселесін шешу қажет. Жылда «Достық» каналынан алынатын лимитте қайтқан сулар көлемі қоса есептеліп келген. Бұл – көзге көрінбейтін, осы саладағы мамандардың өздері де аңғара бермейтін құбылыс. Жылдан жылға судың тұздану дәрежесінің көтерілуі, ластануы – соның айқын дәлелі. Облыстың ауылшаруашылық басқармасы мен министрлік мамандары екі ауданның су мәселесін оңтайлы шешу үшін суды үнемдейтін суару құрылғыларын кеңінен қолдану, мақта егілетін жерлердің ауданын қысқарту сынды ұсыныстар айтып келеді. Алайда бұл ұсыныстар айтуға ғана оңай. Республикада осы суару құрылғыларын шығаратын өнеркәсіп жоқ. Бар болғанның өзінде өңірдің ұсақ шаруалары бұл құрылғыларды сатып алуға шамасы жете бермейді.
Ал мақта егілетін аумақты қысқарту мәселесіне келсек, қазір екі ауданның суармалы жерлерінің көп бөлігі әртүрлі дәрежеде сорланған. Жер асты суларының деңгейі де жоғары – 1-2 м. Бұл процесс әсіресе, Мақтаарал ауданында ерекше байқалады. Аудандардың табиғат жағдайын (климатын), топырақ құрамын, жерлердің сорлану дәрежесін, топырақ қатпарларында көтерілген тұздану концентрациясын есепке алсақ, екі аудан аумағында басқа егін түрін егу мүмкіндігі азая түседі. Сорланған, минералданған жер асты суымен сорға сезімтал өсімдіктерді өсіріп, ойдағыдай өнім алу мүмкін емес. Күріш, жоңышқа ексек, оны өсіруге су тапшылығы байлау болары хақ. Өйткені күріш мақтаға қарағанда суды 3-4 есе көп қажет етеді. Жоңышқаға да мақтамен салыстырғанда су 1,5 еседей көп керек. Ал сорға шыдамдылығы жағынан мақтамен бірдей қант қызылшасын өсіремін деушілерге айтарымыз, қант қызылшасы салқын, тау алды алқаптарында ғана жақсы өнім береді. Ал Мырзашөлдің 40-45 градустық аптап ыстығында қант қызылшасы дұрыс өнім береді деп айта алмаймыз.
Екі ауданның негізгі бағыты мақта өсіру болса, оның басым көпшілігі Мырзашөл аумағына тиесілі. Осы өнім өндірушілерді «тұншықтыру» 2019 жылы басталып, 2020 жылы жалғасын тапты. Басты себебі – мақта шикізатын қабылдайтын жергілікті зауыттар шикізатқа төмен баға белгілегені. Айталық, Ливерпуль мақта биржасында Түркістан облысының мақта таласы «Узбекистан» маркасымен сатылып келген. 2019 жылы котлук-индекс көрсеткіші 70,15, 2020 жылы 70,85 болған. Мақта таласының әр тоннасының сатылу бағасы 2019 жылы 1 546,5 доллар болса (70,15 х 22,046), 2020 жылы 1 562,0 доллардан (70,85 х 22,046) сатылған.
Бағасы жылдан жылға төмендеген мақта шикізаты өнім өндірушілердің шығынын жаба бермейді. Мақташылардың еңбекақысы, техника қызметтері, жанармай және басқа да ресурстар (селитра, шит, гербицид, дефоланд т.б.) бар, шығын көп. Жетісай ауданы бойынша мақтаның әр гектарына орташа есеппен – 257 мың теңге, Мақтаарал ауданы бойынша 260 мың теңге шығын кететіні айтылып жүр. Орташа гектар шығымдылығы 1,8 тонна деп алсақ, 1 тонна мақта шикізатының өзіндік жалпы құны (шығыны) 142-144 мың теңгені құрап, 2020 жылғы бастапқы бекітілген сатып алу бағасымен (130 мың теңге /1 тонна) салыстырсақ, шаруалардың қарызға батқанын көреміз. Өңірдегі жеке ұсақ шаруашылықтар ешқашан жалпы шығынының талдауын жүргізген емес. Жеке техникалары бар шаруаның жалпы шығындары төмен болып көрінгенімен, адам күші қажет жұмыстарды (шабық, жегене, суару және т.б.) отбасымен атқарған жағдайда техникасының амортизациясы, өздерінің еңбекақысы есепке алынбағаны анық.
Өнім технологиясының картасы бойынша орташа есеппен 3 гектар мақтаға тұрақты бір жұмысшы қажеттігін ескерсек, 6 айда оның еңбек ақысы 360 мың теңгені құрап, гектарына – 120 мың теңгеден, 1 тонна мақта шикізатына 67 мың теңгеден тура келеді. Осы шығынға есепке алынбаған еңбекақыны қоссақ, Жетісай ауданы бойынша орташа шығын 1 гектарға – 377 мың теңгені, Мақтаарал бойынша 380 мың теңгені құрайды. Сонда 1 тонна мақта шикізатының өзіндік құны 209-211 мың теңгені құраған болар еді. Мемлекет тарапынан мақта егетін диқандарға берілетін субсидияны есепке алсақ та (1 гектарға 40,1 мың теңге немесе 1 тонна мақта шикізатына орташа есеппен – 22,3 мың теңге) жалпы шығынды ақтамайтыны көрініп тұр.
Мақта шикізатын сатып алу бағасының төмендігі, мақта теру кезіндегі терімшілердің жетіспеушілігі, оларға төлемақы мәселесі, комбайнмен теру бағасының жоғарылығы жыл сайын екінші, үшінші терімдердің амалға аспай қалуына себепші болып, орташа есеппен әр гектардан 3-5 центнер мақта шикізатының далада қалып кетуіне алып келуде. Бұл – Мырзашөл өңірі бойынша шамамен 26-44 мың тонна шикізат деген сөз.
Әрине, бір тонна мақта шикізатына кеткен шығындарды азайту үшін өнімнің шығымдылық дәрежесін арттыру қажет. Қазіргі баға саясатында әр гектардан 3,0-3,5 тонна өнім алған диқан ғана аздаған пайда көруі мүмкін. Севообородтың жоқтығы, диқандардың әл-ауқаты, жерлердің мелиоратив жағдайы, су тапшылығы Мырзашөл өңірінің әр гектарынан жоғары өнім алуына қолбайлау болып тұр.
Мақта шикізаты техникалық өнім ретінде терең өңделген сайын қосымша құн алып келетіндігі белгілі бола тұра мемлекеттің бұл мәселеге немқұрайлы қарайтыны түсініксіз. Жылдар өтсе де мақта шаруашылығында біз негізінен шикізат сатушы ретінде қалып, мақта шикізатын қабылдаушы зауыттардың мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қойып келе жатқанымызды мойындауға тура келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын оңтүстікте құрылған мақта кластерінің де жұмысы ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Бар-жоғы 350-380 мың тонна мақта шикізатын (бұл шамамен 115-125 мың тонна мақта таласы) өз мемлекетімізде терең өңдеуді толық жолға қоя алмасақ, қазіргідей баға саясаты жалғаса берсе, облыс бойынша мақта шаруашылығы тоқырауға ұшырайтын күн алыс емес.
Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан мақта өндірушілерге берілетін мардымсыз субсидияда бейберекетсіздік көп. Олардың басы біріктірілмеген, ақшаны беретін мерзім де диқанға қажет кезеңге сай келмейді.
Келешекте облыс аумағында мақта шаруашылығын сақтап қалу үшін, шаруашылықты одан әрі өркендету үшін мемлекет бұл саланы жіті бақылауға алуы керек. Нәтижесінде, өндірілген барлық мақта шикізатын өз мемлекетімізде толық терең өңдеуге жол ашылады. Бұл өз кезегінде оңтүстікте жеңіл, тамақ өнеркәсіптерінің және басқа да кәсіпорындардың ашылуына, мал азығының көбеюіне алып келері анық. Халық тығыз орналасқан өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жалпы алғанда облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына себепші болар еді.
Омар КЕНЖЕБАЕВ
Түркістан облысы,
Сарыағаш қаласы