• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қазан, 2021

28-ден асқан – жас емес пе?

394 рет
көрсетілді

Жастар жылы деп жарияланған 2019 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3 мың пәтер сатып алу құқығынсыз жалға берілгені мәлім. Сөйтіп ірі мегаполистерде еңбек етіп жүрген соншама жас отбасылар мен жалғызбасты қыз-жігіттер қабырғаларын қайыстырып жүрген баспана мәселесін уақытша (бес жылға) болса да шешіп, қуанып қалды.

Әйткенмен, осы бағдарламаның игілігін көре алмай, реніш білдірген жас адамдар да бар болып шықты. Олардан мұның себебін сұрағанымызда айтқандары мынаған саяды: «Біздің жасымыз 28-ден асып кеткендік­тен, әкімдіктегі шенеуніктер құжатымызды қабылдаудан бас тартып: «Сіздер – жас­тар­ға жатпайсыздар», деп бір-ақ қайырып, кеудемізден кері итергендей болды».

Расында да, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен бекітілген «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға бері­летін тұрғынжай беру қағидаларында»: «Жұ­мыс істеп жүрген жастар – жиырма то­ғыз жасқа толмаған, жалпы білім беретін мек­тептердің техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын мең­гер­ген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының аза­маттары», деп жазылыпты. Ал бұл жас ше­гін министрліктегі шенеуніктер аспанға емес, 2015 жылғы 9 ақпанда қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға қарап белгілеген болып шықты. Өйткені аталған заңның 1-бабының 3-тармағында: «Жастар – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары», деп тайға таңба басқандай етіп айқындалған екен.

Ал қоғамда жастар санатына жасы 35-ке дейінгі азаматтарды жатқызу жайлы ұсы­ныс-пікір көптен бері айтылып жүр. Ол қи­сынсыз да емес. Себебі қазіргі заманға тән құбы­лыс болар – жастардың көбі өмірден лайықты орындарын таппайынша, отбасы құруға асықпайтындығы аян. Сөйтіп жасы отыздан асқанша қалаларда үйсіз-күйсіз, біреудің босағасын сағалап һәм пәтер жалдап жүрген қыз-жігіттер көп. Кештеу шаңырақ көтеріп, тұрғынжай кезегінде тұрған жас отбасылар да аз емес. Осыны ескерген Ал­маты қаласының әкімдігі «Алматы жастары 3.0» жаңа тұрғын үй бағдарламасын қабылдап, жасы 35-тен аспаған мамандар­ды тұрғын үймен қамтамасыз ету ісін қол­ға алыпты. Бұған қоса, жалдамалы тұр­ғынжай алуда басымдық берілетін 100 сұ­ра­нысқа ие мамандық тізбесін кеңейтіп, оған ден­саулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларының жас мамандарын, сон­дай-ақ жас ғалымдар мен журналистерді ен­гіз­гендігін де айта кеткен жөн. Осы игі бас­тамаға биыл Нұр-Сұлтан қаласының әкім­дігі қолдау білдіріп, «Елорда жастары» бағ­дарламасын іске асыруға кірісті.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Президенттік жастар кадрлық резервіне жасы 35-тен аспаған жас мамандарды енгі­зу қарастырылғандығы да ойға оралады. Сон­дай-ақ «Ғылым туралы» заңға бертінде енгі­зілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік ғы­лыми стипендиялар ғылыми проблемалар­ды шешу бойынша зерттеулер жүргізуге бел­сене қатысқан және ғылыми қоғамдастық мо­йын­даған, отыз бес жастан аспаған талантты жас ғалымдарға берілетін болып шешілген.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы (ДДҰ) белгілеген жас шамасының жік­те­месі бойынша орташа өмір сүру ұзақты­ғы 71 жастан асқан қазіргі әлемде 18-44 жас ара­лы­ғындағы адамдар жастар болып саналады екен. Қазақстанда да орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жастан асқандығын, Президент былтырғы халыққа Жолдауында оны 75 жас­қа жеткізу міндетін алға қойғанды­ғын ес­керсек, ДДҰ ұйғарымымен келісетін жө­німіз бар. Оның үстіне, кешегі Кеңес Ода­ғының қирандысында бізбен бірге қалып, еңсесін енді тіктеп жатқан Молдовада, Ресейде және Украинада бүгінде 35-тен ас­паған адамдар заң жүзінде жастар болып танылғандығы да бекерден-бекер емес. Сон­дықтан Мемлекет басшысының бастамасымен жетінші шақырылымдағы Мәжілістегі қатары едәуір қалыңдаған жас депутаттар өздерінің заң шығарушылық қызметтерінде осы мәселеге назар аударып, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға тиісті түзету енгізуге ұйытқы болса, құба-құп. Бұл ел бо­ла­шағы – жастарды әлеуметтік қолдауды одан әрі жақсарту үшін қажет.